Жүздеген ірі қара мал қырылды, малдың едәуір бөлігі салмақтан айырылды, сәйкесінше оның өнімділігі де азайды, енді оны қалпына келтіру үшін уақыт пен айтарлықтай шығындар қажет болады. Қызылорда облысының Арал ауданындағы құрғақшылықтың салдары осындай. Қазір малшыларға жемдермен көмектесуге тырысуда, енді, бәлкім, дағдарысты жеңуге болатын шығар. Бірақ жедел сипаттағы шаралар жеткіліксіз екендігі анық – осы депрессивті аймақтың проблемаларын жүйелі және кешенді шешуді бастайтын кез келді.
Бұрын қалай болатын?
...Осы жылдың күзінде Лениннің Арал балықшыларына жолдаған хатына тура 100 жыл болады. 1921 жылғы 7 қазанда жазылған хатта кеңес үкіметінің басшысы ашаршылық өршіп тұрған Еділ аймағының тұрғындарына көмек көрсетуді өтінген: «Ауланған балықтарыңыздың бір бөлігін аштықтан зардап шегіп жатқан қарт аталар мен әжелерге, әлсіреген 8 миллион жұмысшыларға жіберініздерші, олар бір жыл бойы аш қарынмен жер өңдеудің барлық ауыр жұмысын атқаруы керек, ақыр-соңында, барлығынан бұрын қайтыс болуы ықтимал 7 000 000 балалар үшін жіберіңіздерші». Сөйтіп, аралдықтар Еділ бойына балық тиелген 14 теміржол вагонын жіберді.
Айтпақшы, жақында Ресей Федерациясының Еділ аймақтарының (Башқұртстан, Астрахань губерниясы және басқалары) жетекшілерінен көмек сұрау жөнінде: мүмкін олар кері қимыл жасап, жеммен көмектесетін шығар деген ұсыныс айтылды. Оның үстіне, Лениннің хаты «болашақ жылдары құнарлы Еділ облысы өз тарапынан өзінің нанымен өтеп береді» деген сөздермен аяқталды.
Арал теңізінің солтүстігінің тұрғындары 1930 жылдардың басындағы жаппай аштықтан едәуір жақсы өтіп, аман-есен қалды. Сырдарияның жоғарғы жағында, оның суы әлі көп болған кезде, өзенде көптеген балық жүзіп жүргеніне қарамастан, ешқашан балық аулап көрмегендіктен сол балықты аулай алмай тамақсыз қалғандықтан, адамдар қаза тапты, ал аралдықтар өз дағдыларының арқасында өз-өздерін құтқарып, аман қалды.
Бұл жақта дельтаға су ағыны күрт төмендей бастағанға дейін, ал Аралдың суы – таяздай бастағанға дейін балық аулау және мал шаруашылығы қатар жүрген болатын. 1970 жылдардың басында балық аулау толығымен тоқтатылды, жергілікті балық өңдеу зауытын импортталған шикізатқа, негізінен Қиыр Шығыстың шикізатына, көшірді. Балықшылардың бір бөлігін Алматы облысына қоныс аударып, олар үшін совхоз құрды (бір жақсысы, сол кезге таман Қапшағай су қоймасы пайда болды) жекелеген бригадалар Балқашқа, Зайсанға барып жүрді. Ал қалған тұрғындардың барлығы толығымен мал шаруашылығына бағытталды.
1970-80 жылдары ауданда қой шаруашылығы, оның ішінде асыл тұқым өндіретін «Арал» совхозы (мамандануы – қаракөл қойын өсіру) болды, ол өндірістің жоғары рентабельділігін қамтамасыз ететін барлық Қызылорда облысындағы ең озық болып табылатын. Құланды жылқы зауытында жылқы мен түйе өсірілетін. Ал «Арал өңірі» совхозы негізінен сүтті бағыттағы ірі қара малды өсіруге мамандандырылған – ол шығынды болатын, бірақ онымен келісуге тура келетін, өйткені аудан орталығының 30 мыңдық халқын сүтпен қамтамасыз ету қажет болды. Айтпақшы, Арал қаласында көптеген адамдар ірі қара мал – сиыр, түйе, қой, ешкі ұстаған болатын. Ал ауылдарда тұратын халыктың жеке пайдалануында малдары көп болғаны сөзсіз.
Жалпы алғанда, егер сол совхоздарда да, жеке аулаларда да болған мал басын қосып есептейтін болсақ, ол қазіргі саннан екі есе асатын. Жайылымдық күтіммен шектелмейтін – қыс кезіне шөп жинау міндетті іс болатын. Бірақ соның өзінде кейде азық-түлік тапшы кездер болып тұратын, ал мұндай жағдайларда мемлекет көмектесетін. Мысалы, 1986-87 жылдардың қысында, қараша айында жайылымдар мұз қыртысының астында қалған кезде (бұрын бұл жұттың жаршысы болатын), ал құрғақ шөп қорлары әдеттегіден ерте таусылған кезде, жемді Көкшетау облысынан вагондармен әкеле бастаған.
Әрине, ол кезде мүлдем басқа жағдайлар болған еді: сол совхоздардың өзі –шын мәнінде, мемлекеттік кәсіпорындар болып табылатын, ал бүгінгі күні барлық мал жеке меншікте. Сонымен қатар, кеңес заманында орталық немесе республикалық органдар ресурстарды, мысалы, жемді бір аймақтан екінші аймаққа ауыстыруға ерікті шешім қабылдауы мүмкін болатын, ал қазір бізде нарықтық қатынастар орын алады.
Не істеу керек?
Бірақ, оған қарамастан, мемлекет, бәлкім, солтүстік Арал аймағындағы жағдайға қатысты шара қолдану керек шығар, өйткені ол жердегі жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал. Ол жақта су тапшылығы шиеленісе түсуде, аралдың негізгі бөлігінің жойылуы (қалпына келтірілген Кіші Арал акваториясы бұрынғы теңіз алаңының тек 5%-н алып жатыр) жауын-шашынның азаюын, құмның шабуылын және орасан зор аумақтардың шөлейттенуін қоса алғанда, теріс табиғи-климаттық өзгерістерге алып келді, ал аудан орталығында көптеген адамдардың, шын мәнінде, жұмыс істейтін жері жоқ.
Әлеуметтік желілерде сол жерлердің тұрғындары оларда ешкімнің шаруасы жоқ екендігін, жергілікті тұрғындар қандай да болмасын перспективадан айырылғаны жөнінде, ол жақтан кету керек деген посттар мен түсініктемелер табуға болады. Біреулер Қазақстанның солтүстігіне жаппай көшіп кетуге шақырады. Бірақ ондаған мың адамды көшіру және жайғастыру (Арал ауданы халқының саны 80 мыңға жақындап келеді) – өте күрделі міндет..
Оның үстіне, ата-бабаларының жерін қалдырып кетуге әркім келісе бермейді. Содан кейін, біреу Нидерланды мен Бельгияның аумағын қоса алған мөлшердегі аумақты біреу болмаса біреу игеруі керек емес пе.
Бүгінгі таңда Солтүстік Арал өңіріндегі мал шаруашылығы жыл бойы іс жүзінде жайылымдық мал ұстауды білдіреді. Бір жағынан, бұл жақсы, өйткені шаруашылықты дәстүрлі түрде басқарудың арқасында «өнім шығаруда» олар әлдеқайда жоғары сапалы және диеталық, яғни мал қорада өсірілген малға қарағанда әлдеқайда дәмді, құнарлы және пайдалы өнім алады. Айтпақшы, Аралдың қымызы мен шұбаты Қытайда да, Еуропада да жоғары сұранысқа ие, Арал аймағының еті де, әсіресе жылқы еті мен түйе еті, өте жоғары бағаланады.
Бірақ екінші жағынан, басқарудың бұл әдісі елеулі қауіптермен байланысты: құрғақшылық жылдары жайылымдарда шөптер өте аз болады. Біз қазір дәл осыны көріп отырмыз. Малды қырылудан құтқарып қалу үшін фермерлер бүгінде жоңышқа шөптерін жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр, өйткені оны әкеліп, сатқандар көлік шығындарын өтеп, қандай да бір пайда табуы керек. Демек, болашақ өнімнің өзіндік құны да айтарлықтай арта түсетін болады.
Қорытынды айқын: қажет болған жағдайда малды «стационарлық» тамақтандыруға көшіру үшін фермерлердің қолында әрқашан белгілі бір жем қоры болуы керек. Бұл үшін олардың өз күш-жігері мен мемлекет тарапынан көмек қажет. Соңғысының міндеті – мал өсірушілердің ауа-райының құбылыстарына, жаңбыр жауатынына немесе жаумайтынына азырақ тәуелді болатындай етіп жағдай жасау. Әңгіме, ең алдымен, мелиорациялық жұмыстарды жүргізу, көлдерді толтыру, жайылымдарды суландыру (оның нәтижесінде шөпті жақсарту), жем-шөп жинауға болатын шабындық жерлерді толтыру мақсатында гидротехникалық құрылыстар салу жөнінде болып отыр.
Атап айтқанда, су шаруашылығы мамандары Аманөткел ауылы маңындағы Сырдария дельтасында тірек құрылысын салуды көптен бері ұсынып келеді, бұл өзен ағынының бір бөлігін көл жүйелеріне бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл нысан осыдан он бес жыл бұрын «Сырдария мен Солтүстік Арал теңізінің арнасын реттеу» атты жобаның екінші кезеңіне енгізілген болатын, бірақ техникалық-экономикалық негіздеме бойынша жұмыс осы кезге дейін әлі басталған жоқ.
Вегетация аралық кезеңде, су егіндерді суаруға бөлініп алынбайтын кезде, оның барлығы дерлік Кіші Аралға кетеді және оны толтырып, Көкарал бөгеті арқылы құрғаған Үлкен теңізге құйылады, ал ол жерде ол ыстық күннің астында буланып жоғалып кетеді. Мұндай шығындар жыл сайын екі-үш миллиард текше метрге бағаланады (Қызылорда облысы бойынша күрішті суаруға шамамен осынша жұмсалады). Кіші Арал құрылғаннан кейінгі жалпы алғанда олар шамамен 40 миллиардты құрады.
Дәл осы суды тіреу құрылысын салу арқылы көлдерді толтыруға, мал шаруашылығының жем-шөп базасын жақсартуға, жергілікті халықтың тіршілік ету ортасын сауықтыруға бағыттауға болады. Бұл үшін Сырдария арнасы бойынша Шардара су қоймасынан және Көксарай су реттегішінен бастап өзен дельтасына дейін су жіберудің күзгі-қысқы-көктемгі режимдерін анағұрлым сауатты және шебер басқару қажет екені түсінікті.
Кім кінәлі?
Осындай жобаларды жүзеге асыру, Арал теңізінің құрғап кеткен түбінде ілеспе жайылымдарды құру (әсіресе түйелер үшін тамаша жем болып табылатын сексеуіл бұталары және олардың шөп өсімдіктермен үйлесімді қоспалары), жер асты суларын алу үшін ұңғымаларды бұрғылау... Осының барлығы, сондай-ақ Солтүстік Арал өңірі фермерлерінің жем-шөп дайындауға, селекциялық-асылдандыру жұмыстарына және т.б. шығындарын субсидиялау, мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын жүзеге асыру аудан тұрғындарына мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыруға, сонымен қатар, жоғарыда аталған факторды ескере отырып (дәстүрлі-табиғи, яғни негізінен жайылымдық, малдың барлық түрлерін ұстау), бұл өнім айтарлықтай экспорттық әлеуетке ие болуы ықтимал. Сонда жергілікті халықтың қандай да болмасын перспектива, болашаққа деген үміт пайда болады.
Бірақ осы мәселелермен белсенді түрде айналысу керек, оларды үкіметтің алдына табандылықпен қойып, білімді мамандарды тарту керек. Алайда, төтенше жағдай басталғанға дейін уәкілетті мемлекеттік органдар мал өсірушілердің қалай өмір сүретініне және олар қандай проблемаларға тап болғанына тіпті қызығушылық танытпаған көрінеді. Бұл олқылық үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінен, ауыл шаруашылығының жай-күйіне жауап беретін жергілікті құрылымдардан, әсіресе Қызылорда облысының басшылығынан жауап беруді талап еткен дұрыс болар еді. Алдын алу мақсатымен жұмыс істеудің орынына, олар ең жақсы жағдайда болған нәрсеге қатысты әрекет етуге тырысады, бірақ соның өзін де кешігіп істейді. Бұл халықтың наразылығын тудырмауы мүмкін емес.
Мәселен, жақында облыстық ветеринария басқармасының бастығы: «Арал ауданындағы құрғақшылық соңғы жылдары қарсыз қыс пен жаңбырлы емес көктемгі кезеңдердің салдары болып табылады», - деп мәлімдеді. Яғни, қазіргі жағдай кенеттен туындаған жоқ. Бірақ жергілікті билік неліктен алдын-алу шараларын қабылдамады? Неліктен олар мамандармен бірге фермерлерге осы жағдайдан шығу нұсқаларын ұсынбады? Неліктен жақындап келе жатқан апаттың алғашқы белгілері пайда бола салысымен көрші облыстардың, мысалы, жақсы шабындық алқаптары бар Қостанай облысының аумағында шөп дайындау ұйымдастырылмады (Аралдан оған дейін онша алыс емес)? Оның үстіне ауданда жұмыс істеуге дайын адамдар жеткілікті, және мұндай шөп жоңышқаға қарағанда арзан болар еді. Қазір жонышқаның бір бумасын 1300-1500 теңгеден немесе тоннасын 70-80 мың теңгеден сатып алуға тура келеді. Бірақ билік – облыстық және аудандық – өздері ешнәрсе жасамай, белгісіз бір нәрсеге бекерден бекер үміттеніп отыра берді.
Мамыр айының соңында, малдың қырылып жатқаны туралы белгілі болған кезде, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар кадрлық ауыс-түйістер жасады. Арал ауданының әкімі осындай лауазымға көршілес Қазалы ауданына, Қазалы акімін Сырдария ауданына, ал Аралға облыстық кәсіподақтардың басшысы жіберілді. Бір сөзбен айтқанда, таза айналмалы қозғалыстар. Оның үстіне іс жүзінде төтенше жағдайда! Мұндайда мүлдем басқа кадрлық шешім керек еді, «кезекші» шешім емес, бірақ туындаған жағдайларды мүмкіндігінше ескеретін шешім қажет болған еді.
Бұрынғы аудан әкімінің қасиеттерін бағалау қиын, бірақ ол, ең болмағанда, Арал қаласында дүниеге келген, аграрлық университетте білім алған. Ал жаңа әкім «нархозды» бітіріп, содан кейін облыс әкімдігі мен оған жақын құрылымдарда қызмет атқарды, біраз уақыт күріш егетін ауданды басқарды. Ол Арал ауданының ерекшелігін білмейді, мал шаруашылығын да ол нашар түсінеді, оны мықты шаруашылық басқарушы деп айту қиын, оны жігерлі және табанды деп те айтуға келмейді. Керісінше, әдеттегі аппаратшы. Бірақ қалай да болмасын, біз оған және осы өте күрделі аймақтың барлық тұрғындарына сәттілік тілейік…