Жуырда Ольга Перепечинаның сенат вице-спикері болып сайлануы және Роман Василенконың сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалуы қоғамымыздың белгілі бір бөлігінде: «Шынымен де осы лауазымдарға лайықты қазақтар табылмай қалды ма?» - дегізіп, жақтырмаушылық тудырды. Ал кейбіреулер мұндай, олардың пікірінше «ызаландыратын» кадрлық шешімдерде тіпті «Кремльдің қолы» мен ресейлік ықпалдың күшеюінің белгілерін көрді.
Айқын теңгерімсіздік
Бұл жерде сөз бірінші басшылар жөнінде емес, олардың орынбасарлары жайлы болып отыр, оның үстіне мұнда «бірінші» деген префиксі жоқ. Оған қоса айтуға болатыны – қазақстандық биліктін жоғары эшелонында қазақ еместер соншалықты аз болғанына қарағанда, мұндай тағайындаулар осындай реакция тудырмауы тиіс сияқты еді. Керісінше, этникалық азшылық өкілдерінің мемлекеттік басқару жүйесіне қатысуының өте төмен деңгейіне шағымдануға толық негіз бар. Бірақ егер олар бұл тақырыпты көтерсе де, оны өте сирек жасайды, өйткені Қазақстанның егеменді өмір сүрген отыз жыл ішінде олар бұл жағдаймен біржола келіскен сияқты. Алайда айқын теңгерімсіздік, әсіресе атқарушы билiкте (парламентте, жергiлiктi мәслихаттарда ол онша көрінбейді), анық байқалып отыр.
Қараңыздаршы: премьер-министр, төрт вице-премьердің ішіндегі үшеуі, 16 министрдің арасындағы 15-і, барлық алты агенттіктің төрағалары, ПӘ басшысы және оның бес орынбасары, барлық 17 облыстың басшылары – қазақтар. Проценттік қатынаста (96%) бұл ел халқының жалпы санындағы «титулдық» этникалық топтың үлесінен (70%) әлдеқайда көп. Басқаша айтқанда, Қазақстан халқының 30%-ін құрайтын қазақ еместердің орталық мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды тұлғалары мен облыс басшылары арасында ең аз ғана өкілдігі (4%) бар. Олардың орынбасарлары деңгейінде бұл проценттік көрсеткіш сәл жоғарырақ болуы мүмкін, бірақ онша көп емес.
Енді елді мекендердегі лаузымдарда орналасу көрінісі туралы айтатын болсақ. Қазақ халқы басым аумақтарды шетке қалдырып (ондағы билікте бір-екі ғана «титулдық емес» ұлттардың өкілдері бар), қазақтардың үлесі жартысынан да аз аймақтарды, мысалы, Солтүстік Қазақстан облысын, талдауға алайық. Оның этникалық құрамы (2019 жылғы жағдай бойынша) осындай: қазақтар – 35,1 процент, славяндар – 54,6, қалғандары – 10,3 процент. Бірақ бұл ретте облыс әкімі және оның бес орынбасарының барлықтары да қазақтар болып табылады. 13 ауданның 8-інде, сондай-ақ Петропавл қаласында «титулдық» этникалық топтың үлесі 25-40 процентті құрайды, бірақ ол аудандарды да түгел дерлік қазақтар басқарып отыр. Бүкіл облыстағы жалғыз ғана ерекшелік – Мамлют ауданы, оны орысша фамилиясы бар адам басқарып отыр.
Осыған ұқсас көрініс тұрғылықты халықтың 40,8 процентін қазақтар, 50,7 процентін славяндар, 3,1 процентін немістер және т.б. құрайтын Қостанай облысында да орын алып отыр. Айырмашылығы – тек облыс басшысының бес орынбасарының біреуінің фамилиясы украинша. Ал аудандар мен қалалар деңгейінде бәрі бірдей: осындай 20 әкімшілік-аумақтық құрылымдардың 19-ында әкім лауазымын «титулдық» ұлтты тұлғалар атқарып отыр, алайда олардың жартысынан көбінде қазақтар сан жағынан азшылықты құрайды.
Басқа ұлт өкілдерінің орталық биліктегі тым төмен процентін ақтамаса да, әйтеуір қалай да болмасын түсіндіруге болады. Бірақ аудандық деңгейде олардың саны неліктен соншама аз? Олардың өздері мемлекеттік қызметке баруға, басшылық лауазымдарды атқаруға ниет білдірмей жүр ме, әлде олар мемлекет құраушы этносқа жататындарға қарағанда лайықтылығы төмен деп есептеп, оларға жол бермей жүр ме?
Ресейдегі қазақ «әкімдері»
Біреулер бұл тақырыпты қозғай салысымен – бірден оппоненттерден жауап ретінде, әдетте қазақ ұлттық популистердің лагерінен, көрші Ресейге сілтеп: онда билік құрылымдарында да этностық азшылықтардың өкілдері өте аз, ал біздің «қандастарымызды» тіпті маңыда да жолатпайды – деген әңгімелер естіледі. Бірақ мұндай нәрсені айтып отырған адамдар немесе нақты жағдайды білмейді немесе әдейі өтірік айтады. Іс жүзінде Ресей Федерациясында белгілі бір тепе-теңдік сақталып отыр.
Мысалы, Астрахан облысында 11 аудан бар. Олардың екеуін, қазақтардың үлесі сәйкесінше үштен екі бөлігін құрайтын және жартысынан сәл азырақ болып табылатын Володар және Краснояр аудандарын – біздің қандастар басқарып отыр. Тағы бір, Приволжский ауданының басшысы (онда орыстардан кейінгі екінші үлкен этнос – татарлар) соңғы кезге дейін татар халықтың өкілі болды. Кейннен ол сыбайлас жемқорлық қылмысының салдарынан қызметінен айырылған (қазір бұл креслода міндеттерді уақытша орындаушы отыр). Келісіңіздерші, аудан деңгейінде басшылық лауазымдарды осылайша бөлу Қазақстан облыстарына қарағанда анағұрлым барабар көрінеді. Айтпақшы, Астрахан облысы халқының этникалық құрамы мынадай көрініске ие: орыстар – 67,6,7%, қазақтар – 16,3%, татарлар – 8,8,3%, қалғандары – 7,3%.
Расын айтқанда, ол жақта аудан басшыларын біздегі сияқты тағайындамайды, олар сайланады. Мысалы, Володар ауданында сайлау 2020 жылдың қыркүйегінде өтті: 36 жастағы Хамза Исмұханов осы қызметті он бес жыл бойы атқарған тағы бір қазақ – Батыршин Миндиевтен ұтып алды. Исмұханов туралы оның «Справедливая Россия» (Әділетті Ресей) партиясынан ұсынылғаны, «Казахи Астраханской области» (Астрахан облысының қазақтары) қоғамдық ұйымының негізін қалаушы екені белгілі. «Астраханьские новости» (Астрахан жаңалықтары) порталының хабарлауынша, 2011 жылы құқық қорғау органдарына авторлары оны ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыптаған мәлімдеме түскен.
Сонымен қатар, басылым Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының үлкен логотипінің фонына аудан басшысының суретін орналастырып, оған: «Ресей азаматы Исмұханов көршілес елге ерекше көңіл танытады деген сезім қалыптасады» - деп жазылған түсініктеме берген. Алайда оны ұсынған «Справедливая Россия» (Әділетті Ресей) өткен жылғы Мемлекеттік Думаға сайлау алдында орыс ұлтшылдығы идеологиясына бой алдыратын «Патриоты России» (Ресей патриоттары) және «За правду» (Ақиқат үшін) партияларымен біріккен. Демек, Исмұханов қалай да болмасын бір шешімге келуге мәжбүр болатын сияқты.
Дәл сол кезде, 2020 жылдың күзінде, Краснояр ауданының басшысы болып Руслан Бисенов сайланған болатын, ол «Единая Россия» (Біртұтас Ресей) атынан ұсынылып, орысша фамилияларға ие бес қарсыласын жеңіп шықты. Бұл ретте, оған дауыс бергендердің проценті аудандағы қазақтардың үлесінен жоғары болып шықты.
Осы қызметте Бисеновтың алдында болған басшы – тағы бір қазақ Нұрғали Байтеміров. Ол сол жылдың басында қамауға алынып, содан соң, өзінің танысына коммуналдық пәтерді заңсыз бергені үшін, бір жылға сотталған.
Халқының төрттен бір бөлігін қазақтар құрайтын Нариманов ауданын да 2009-2016 жылдар аралығында біздің қандасымыз – облыстық «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық ұйымының жетекшісі Нұрлан Қандықов (айтпақшы, бір жарым жыл бұрын, пандемия шарықтау кезінде, ол Атырау облыстарына гуманитарлық көмек ұйымдастырған). Бірақ кейін облыстық Думаның депутаты болып, 2019 жылы бұрынғы қызметіндегі салғырттыққа жол бергені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылып, колонияға түсті.
Немесе Омбы облысын алайық. Халқының үш процентін қазақтар құрайтын (жалпы облыс бойынша қазақтардың үлесі бес процентке жуық) Любинск ауданын Абай Рақымжанов он жылдан астам басқарып келеді. Кормилов ауданына 2019 жылға дейін Амангелді Меңдубаев басшылық етті, оны кейін Омбы қаласының Орталық округі әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады.
Көріп отырғанымыздай, Ресейде тұратын біздің «кандастарымызды» лауазымдардан құр қалдырмайтыны анық. Олар сондай-ақ Ресей Федерациясының құрылтай субъектілерінің министрліктерінің басшыларының қатарында да бар: мысалы, салыстырмалы түрде қазақтар аз (жалпы халықтың 6 проценті) Орынбор облысында Еңбек және халықты жұмыспен қамту министрі қызметін, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін қазақтар атқарады. Алайда, Ресей Федерациясының басқа халықтары да мемлекеттік органдарда азды-көпті пропорционалды түрде өкіл болып отыр.
Мысықтың түсі қандай екені маңызды емес…
Иә, Владимир Путин орнатқан саяси режим біздің көпшілігімізде сүйіспеншілік тудырмайды, ал, мысалы, оның реакциясы, дәлірек айтсақ, Шешен Республикасының билігінің өз оппоненттеріне қарсы жасап жатқан ашықтан-ашық озбырлығына реакцияның жоқтығы тіпті естен тандырады. Бірақ кадрлер саясатының нақты этникалық аспектісіне келетін болсақ, бұл тұрғыда ол (режим) осы кең-байтақ елді мекендейтін әртүрлі халықтардың мүдделерін және айталық, талаптарын ескере отырып, айтарлықтай икемді болып табылады.
Ресей Федерациясының автономиясы мәртебесіне ие субъектілерінде (осы ұлт басым көпшілігін құрамаса да) бұл жерлердегі байырғы этностардың өкілдері басшылар болып табылады: Қалмақ Республикасында – қалмақ, Қарашай-Черкесияда – қарашай, Бурятияда – бурят, Адыгеяда – адыгей (соңғы екі республикада халықтың үштен екісін орыстар құрайтынына қарамастан) т.б. Ресей Федерациясы үшін мемлекет құраушы этникалық топ басым аумақтар мен аймақтарда губернаторлық лауазымдарды негізінен славян текті адамдар алады, бірақ ерекше жағдайлар да болып тұрады.
Біз барлығымыз білетіндей, Кемеров облысын ұзақ жылдар бойы әкесі бойынша қазақ, шешесі жағынан татар Аман Төлеев басқарған болатын. Ал 2017 жылдың күзінде Дағыстан басшысы лауазымына Владимир Васильев (туылған кезде Алик Асанбаев, қазақтың және орыстың ұлы) жіберілді, оны Путин рулық дау-дамайға батып, халықтың тұрмыс-тіршілігі жағынан аутсайдер болып шыққан республикадағы тәртіпті қалпына келтіруге ең қабілетті деп, басқа кандидаттардың арасынан таңдады. Алайда, сол жерде ол ұзақ тұрмады, ал қазір Мемлекеттік Думадағы билік етуші «Единая Россия» партиясының фракциясын басқарып отыр. Егер қазақтар РФ халқының 0,5 процентін құрайтынын ескерсек, олардың Ресей Федерациясының субъектілері басшыларының корпусында мұндай өкілдік етуін әбден жеткілікті деп есептеуге болады.
Алайда, мәселенің өзі тіпті онда емес, ресейліктер қандай да бір шенеуніктердің ұлты жөніндегі тақырыпқа бізден әлдеқайда аз дәрежеде үңіліп қарайтынында. Ол жақта ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын қорғаныс және сыртқы істер министрліктерін тувиндік пен армян басқаратынына, «Ресейдің жүрегі» деп есептелетін Мәскеуді «онша орыс емес» адам басқарып отырғанына, Ресей Федерациясы үкіметінің қазіргі құрамында бірден үш татар болғандығына наразылық танытатындар аз. Ал бізде кез келген маңызды мемлекеттік қызметке «титулдық емес» адам тағайындалатын болса, тікелей мағынада өт шашырататындар көп.
Ал сол арада, билік институттарын «интернационалдандыру» әлемнің әртүрлі елдерінде бұрыннан қалыптасқан нормаға айналып кеткен. Айталық, британдық министрлердің ішінде этникалық үндістерді, арабтарды, Пәкістаннан, Африка мемлекеттерінен келген иммигранттардың ұрпақтарын кездестіруге болады... 1990 жылдары Перу Президенті жапон эмигранттарының ұлы Альберто Фухимори болды, ол дауыс берудің шешуші турында болашақ Нобель сыйлығының лауреаты, атақты жазушы Марио Варгас Льосаны жеңіп шықты. Немесе Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің Украинаның Одесса облысының басшысы болып тағайындалғанын еске түсіріңіздерші. Осыған ұқсас көптеген мысалдарды келтіруге болады.
Жарайды, біздің тек өзімізге ғана тән ерекшелігіміз бар дейік, яғни өзіміздің ерекше жолымыз болуы тиіс. Бірақ отыз жылдан бері бір этностың билікке де-факто монополиясы тұрақты мемлекет, бәсекеге қабілетті экономика құруға әкелді ме? Ал ең бастысы – қазақтардың өздері жақсы өмір сүре бастады ма? Бұл сұрақтарға нанымды жауаптарды, менің ойымша, соңғы қайғылы оқиғалар берді. Сондықтан кадрлық шешімдер қабылдау кезінде де, оларды көпшілік алдында бағалау кезінде де, этникалық ерекшелікке, ықтимал тағайындаушылардың тілдік қалауына сүйенудің мағынасы бар ма? Мысықтың түсі қандай екені маңызды емес, ол тек тышқандарды ауласа болды...
Егер барлық этностарда басқарушылық таланты мен шығармашылық қабілеті бар тұлғалардың шамамен бірдей проценті бар деп есептесек, онда, логика бойынша, олардың барлығы мемлекеттік органдарда пропорционалды түрде орын алуы тиіс. Оған қоса, ұлтына қарамастан, барлық қазақстандықтарды қоғамдық-саяси процестерге тарту тұрғысынан, өркениетті, ағартылған, демек, сондықтан бәсекеге қабілетті мемлекет құру үшін қажет азаматтық ұлттың қалыптасуы тұрғысынан бұл өте маңызды.