Мемлекет басшысы бастамашылық еткен саяси реформалардың жаңа пакеті басқалармен қатар облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін тағайындау тәртібін өзгертуді көздейді. Егер осы уақытқа дейін ел президенті тиісті мәслихаттың бекітуіне бір кандидатты ұсына алған болса, енді үміткерлер саны көбірек болуы мүмкін. «Шын мәнінде, әңгіме аймақ басшыларының жанама сайлауы туралы болып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол қалай іске асырылатын болады? Осыны анықтауға тырысайық.
Қазіргі кезде әкімдерді тағайындаудың қолданыстағы тәртібі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Бұл келесі тәсілмен іске асырылады. Президент кандидатты облыс немесе республикалық маңызы бар қала мәслихатының сессиясының (кезекті немесе кезектен тыс) қарауына енгізеді. Егер Ақорда ұсынған кандидат депутаттардың басым дауысын жинай алмаса, онда басқа кандидатура ұсынылуы тиіс. Бұл үш рет жалғасуы мүмкін, ал егер үміткерлердің үшеуі де «өтуге лайық емес» болып шықса, президент премьер-министрмен және парламенттің екі палатасының төрағаларымен кеңескеннен кейін осы мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға және облыстың уақытша аймақ басшысын тағайындауға құқылы.
Осылайша «теорияда» болды, бірақ іс жүзінде барлық әкімдер бекіту процедурасынан бірінші ретте-ақ сәтті өтетін. Немесе президенттің өзі, немесе ол жіберген премьер-министр, немесе президент әкімшілігінің басшысы облысқа келетін, мәслихаттың асығыс шақырылған сессиясында ол облыстың жаңа басшысын таныстыратын, депутаттар оны бірауыздан, тіпті олар үшін ол мүлдем бейтаныс болса да, қолдайтын. Басқаша айтқанда, жай ғана ресми рәсімдер орындалатын.
Ал енді тағайындау тәртібін (оған сайлану және бәсекеге қабілеттілік элементтерін енгізу арқылы) өзгерту ұсынылып отыр. Шынымен де мұның астарында бұл процедураны демократияландыру ниеті бар ма? Орталық үкімет шынымен де жергілікті өкілді органдарға кеңірек өкілеттіктер беруге, соның ішінде аймақтарды кім басқаратынына тікелей ықпал ету мүмкіндігін беруге дайын ба? Егер солай болса, онда кандидаттарды ұсынудан бастап, жаңа әкімді тағайындау туралы президент жарлығына қол қоюға дейінгі бүкіл процесс мүлдем басқаша өткізілуі тиіс.
Осы кезге дейін Ақорда олардың өңірінің басшысы ретінде кімді көргісі келетінін депутаттар сессия басталғаннан кейін ғана білетін. Яғни, сайлаушылармен кеңесуді былай қойғанда, кандидатураны өз орталарында да алдын ала талқылауға мүмкіндіктері болмады. Ал егер үміткердің саны екі немесе одан да көп болса ше? Бәлкім, бұл жағдайда депутаттар олардың аты-жөні туралы алдын ала хабардар болу керек шығар, сонда олар үміткерлердің әрқайсысы туралы мүмкіндігінше көбірек ақпарат жинап, олардың «бэкграундын» зерттеп, ұсынылған кандидаттардың қайсысы облысты басқаруға лайықтырақ екенін ойланып, қарастыра алады. Әйтпесе, дауыс беру таза формалды болып шығып, қоғам алдында идеяның өзңнің беделін түсіреді.
Ел президентінің сөзіне қатысты: «Шын мәнінде, біз облыс басшыларының жанама сайлауы туралы айтып отырмыз» - деген жағдай да аса маңызды Жанама дегеніміз – бұл сайлаушылардың тиісті мандат ұсына отырып, таңдаушыларға дауыс беру құқығын білдіреді. Демек, олар өздерінің сайлаушыларының көңіл-күйі мен қалауын жеткізу керек деген сөз. Ал осы нақты жағдайда таңдаушылардың (депутаттардың) осы өңірде тұратын азаматтардың атынан ғана емес, сонымен бірге олардың тапсырыстары бойынша да дауыс беруі және олардың мүдделерінің барынша толық ұсынылуы жөн.
Барлығымыз білетіндей, қазіргі мәслихаттардың барлығы партиялық тізім бойынша сайланған депутаттардың арасынан құрылады. Олар халықтың мүддесін толықтай көрсете ме? Факт емес. Жақын арада, саяси реформаларды одан әрі жүргізу жоспарына сәйкес, қазіргі пропорционалды сайлау жүйесінен аралас сайлау жүйесіне көшу жоспарланып отыр, ол парламенттің төменгі палатасына ғана емес, сонымен қатар облыстардың мәслихаттары мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарына да таратылады. Демек, әкімдікке кандидаттар үшін дауыс беруге партиялық тізімнен өткендер де, «бір мандатты» депутаттар да қатысады деген сөз. Бұл ретте біріншілері сайлаушылардың 70 процентін құраса, екіншісі 30-ы ғана. Бұл жағдайда «өкілділік», объективтілік, әділдік сынды қағидаттар қаншалықты сақталатын болады?
Таза гипотетикалық түрде облыстық мәслихаттардың біріндегі сайлауда Қазақстан халық партиясы (бұрынғы «халықтық коммунистер») жеңіске жетеді және тиісінше ондағы көпшілік мандатқа ие болады делік. КХП депутаттары қалай дауыс беруі тиіс? Оларды ұсынған жоғары тұрған партиялық органның пікіріне қарап, партиялық тәртіпті сақтаулары қажет пе? Әлде өз аймағының негізгі электоралдық массасының көңіл-күйіне қарай дауыс берулері тиіс пе? Бұл жерде қайшылықтар туындамайма? Мемлекет басшысы әкім лауазымына кандидаттарды ұсынған кезде (аналогия бойынша, қандай да бір мәслихаттағы орындардың көпшілігін партиялық тізім бойынша басқа саяси күштер алатын жағдайда.) осы жағдайды ескеруі тиіс пе?
Осыған байланысты орынды сұрақ туындайды: әйтеу әкімдерді тағайындау (немесе таңдаушылардың сайлауы) сияқты аса маңызды мәселеде жергілікті өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейту бағыты қолға алынған болса, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарды тек мажоритарлық жүйе негізінде құру дұрыс болмас па еді?
Еске сала кету керек, соңғы сайлау науқанына дейін дәл солай болған: депутаттар тек қана бір мандатты округтер бойынша, оның ішінде ешбір саяси күштерге қатысы жоқ кандидаттарды өзін-өзі ұсыну арқылы сайланатын. Алайда төрт жыл бұрын, 2018 жылдың маусым айында «Сайлау туралы» Заңға барлық мәслихаттарды партиялық тізім бойынша құруға көшуді білдіретін түзетулер енгізілді. Бұл партиялардың рөлін арттырып, аймақтардағы өз белсенділіктерін күшейтуге мәжбүр етеді деп айтылды, бірақ шын мәнінде бұл шешімнің астарында олардың бірі – «Нұр Отан» партисының үстемдігін сақтап қалу мақсаты айқын көрінген болатын. Енді мемлекет басшысының өзі кез келген саяси монополияға сенімді тосқауыл қоюға шақырып отыр.
Иә, пропорционалдық жүйе бойынша сайланатын депутаттардың үлесін 100-ден 70 процентке дейін қысқарту белгілі бір партиялар алдындағы міндеттемеге бағынбайтын қоғам белсенділеріне облыстық мәслихаттарға жол ашады. Бірақ олар сонда да партиялық тізім бойынша сайланатын депутаттармен салыстырғанда айқын азшылықты құрайтын болады және әкімдікке кандидаттар үшін дауыс беру кезінде олардың ұстанымы шешуші болуы екіталай. Қазақстан жағдайында бұл қаншалықты дұрыс? Осы жөнінде ойланған жөн.
Аймақ басшысын тағайындау және сайлау тәртібіне келсек, ең дұрысы былайша көрінеді. Кем дегенде бір апта бұрын белгілі бір облыста (немесе Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында) әкім лауазымына кандидаттар мәслихаттың қарауына ұсынылады, олардың аты-жөні ресми түрде жариялануы тиіс. Сонымен қатар, оларға болашақ қызметіндегі негізгі басымдықтарды анықтауға, осы аумақтың және оның тұрғындарының негізгі проблемаларын қалай шешуге болатыны туралы өзіндік көзқарасын білдіруге мүмкіндік беру қажет. Осыдан кейін әрбір депутат (таңдаушы) өз сайлаушыларымен кездесулер өткізіп, үміткерлердің қайсысы облыс басшысы болуға басқаларға қарағанда лайықты екенін талқылайды. Мәслихат сессиясында дауыс беру процесінің өзі тікелей онлайн-трансляцияны ұйымдастыру арқылы ашық режимде өтуі тиіс – бұл жағдайда облыс немесе қала жұртшылығы кімнің кімге дауыс бергенін, депутаттар сайлаушылардың тапсырмаларын орындағанын немесе орындамағанын білетін болады...
Дегенмен, жоғарыда айтылғанның барлығын осы жолдар авторының жеке пікірі деп бағалау қажет. Ал шындығында қалай болатынын көре жатармыз...