Енді, парламенттік сайлау артта қалған кезде, билік қысым жасауды сөзсіз әлсіретеді, сондықтан жаңа партиялар құру оңайырақ болады. Басқа мәселе – тек қана сайлау қарсаңында турбулентті әрекеттерді еліктеумен шектелмей, қоғамның қазіргі заманғы сұраныстарына барабар жауап бере алатын шынымен бәсекеге қабілетті және абыройлы күштер елімізде бар ма? Егер ондайлар жоқ болса, жақын болашақта олар пайда болуы мүмкін бе? Қазақстандықтар үшін шын мәнінде танымал болу үшін олардың қандай идеологиялық мазмұндамалары болуы тиіс? Сөз сарапшыларда.
Замир Қаражанов, саясаттанушы:
«Ең бастысы – партиялық орналасу емес, жаңартылған заңнама басым болу қажет»
- Сіздің ойыңызша, Қазақстанда жақын арада жаңа партиялар пайда болама?
- Парламент мәжілісінің жаңа құрамы алдында сөйлеген сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев партиялар үшін «шекті» 7-ден 5 процентке дейін төмендету қажеттігі жөнінде мәлімдеді. Сондықтан, қолданыстағы заңдарға тиісті түзетулер енгізуге негіз бар, егер мемлекет басшысының мәлімдемесінің қисынына сүйенетін болсақ, бұл партиялардың жұмысын жеңілдетеді. Оның үстіне, 2020 жылы сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістер Қазақстанның партиялық жүйесінің ПӘК (пайдалы әсер коэффициенті) артуына айтарлықтай әсер еткен жоқ.
Жаңа партиялардың пайда болуына келетін болсақ, 2019 жылы ҚР Әділет министрлігінің деректері бойынша, тіркеуге жеті өтінім берілді, олардың бесеуі қабылданбады. Бұл саяси ұйымдар құрғысы келетіндердің бар екенін көрсетеді. Бірақ мәселе партиялар санының өсуінде емес, олар қандай сапаға ие болатындығында және аталған тиімділікті арттыра алатындығында, бұл жерде көп нәрсе өздеріне емес, бәсекелестік ортаға байланысты. Сондықтан еліміздің саяси өміріне тигізер әсерін бағалау үшін ҚР партиялық және сайлау заңнамасына түзетулер енгізуді күткен дұрыс.
- Партиялық-идеологиялық тауашалардың қайсысын толтыру қажет, бүгінгі таңда қандай ағымның партиялары ерекше сұранысқа ие? Әлде
біздің халық политикадан соншалықты алыс болғаны ма, оларды, жақында Нұр-Сұлтандағыдай, тек бағалы сыйлықтардың тегін ойнатылуымен ғана жұмылдыру мүмкін бе?
- Халық идеологиялардың ерекшеліктерін жақсы түсінбейтінін ашық мойындайық. Бұл, мысалы, либерализмді консерватизмнен ажырату туралы емес. Адамдар кейде радикалды идеяларда зұлымдықты көрмейді, бұл одан да қауіпті нәрсе. Сондықтан идеялар саяси өмірде басым болады деп ойламаймын.
Айтпақшы, идеологиялармен абай болу керек. Бұл саясаттың альфа мен омегасы емес, бұл тек қана саяси принциптер мен құндылықтардың көрінісі. Идеократияның қатерлі нәрселерін біз Кеңес Одағының мысалынан жақсы көрдік... Саяси өмірде догмалар емес, халықтың және тұрақты дамудың мүдделері басым болуы керек. Шын мәнінде, бұл жағдай дамыған демократиядағы партиялық өрістегі идеологиялық келісімді анықтайды.
Мысалы, кедейлікпен сол жақты партиялар талап ететін әлеуметтік салаға бюджет шығындарын көбейту арқылы күресуге болады, немесе – орталық-оң жақты ұйымдар ұсынған экономика мен халықтың кірістерінің өсуін ынталандыру арқылы күресуге болады. Бірінші нұсқа салықтардың өсуін болжайды, екіншісі – олардың төмендеуін. Ал екі зұлымдықтын арасынан халық, саяси идеологияның ерекшелігіне үңілместен, кішірегін таңдайды.
Қазақстанға келетін болсақ, алдағы жылдар біз үшін күрделі болатыны анық. Қазірдің өзінде ел халқының жартысынан көбі өз табыстарының 50 проценттен астамын тамаққа жұмсайды, ал бұл өте алаңдатарлық сигнал. Әрине, мұндай жағдайда әлеуметтік идеялар жағымды болады. Бірақ егер «азиялық жолбарыстадың» тәжірибесіне жүгінетін болсақ, онда біздегіге ұқсас жағдайға тап болған кезде, ол жақта либералды экономикалық реформаларды таңдағанын көруге болады.
- Ал сіз келесі сайлау науқанына партиялық алаңы мен ондағы орналасу қалай болады деп ойлайсыз?
- Бүгінгі таңда Қазақстандағы келесі парламенттік сайлау туралы айту өте қиын. Ең бастысы – партиялық орналасу емес, республиканың партиялық және сайлау жүйелерінің тиімділігін арттыру үшін заңнаманы жаңарту басым болуы қажет. Сондықтан жақын болашақта қолданыстағы заңдарға енгізілетін өзгерістерді бақылау және олардың елдің саяси өміріне әсерін бағалау маңызды. Ал қандай партиялар пайда болатыны – бұл екінші дәрежелі мәселе. Негізінде, қазірдің өзінде біздің партиялық алаңда сол және оң жақтағы ұйымдар ұсынылған және өзін центрист ретінде көрсететін ұйымдар бар.
Сондай-ақ, елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларды бақылау қажет, өйткені әлеуметтік және экономикалық салалардағы қазіргі жағдай азаматтардың саяси көңіл-күйіне әсер ететіні анық. Егер реформалар экономиканы «қайта бастауға», мемлекеттік органдар, құқық қорғау және сот жүйелері жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берсе, онда елдің саяси өмірінде центристік партияларды көбірек қолдайтын көңіл-күй байқалатын болады. Бірақ егер реформалар күтілетін нәтиже бермесе, онда қоғамда наразылық көңіл-күйі жинақталуы мүмкін.
- Жаңа саяси қозғалыстар құру үшін, ең алдымен, елеулі өзгерістер жасағысы келетін азаматтарды жетелейтін көшбасшылар қажет. Елде мұндай адамдар бар ма? Болашақта билікке шынымен қарсы тұра алатын күштің пайда болуы мүмкін бе? Басқаша айтқанда, өзіміздің навальныйларымызды күтуге болама?
- Навальный билікке қарсы шыққан жоқ, ол ел элитасындағы сыбайлас жемқорлықты әшкереледі, журналистік анықтаулар жүргізді. Бұл саяси қызметтің тар бөлігі. Қарсыласу деген кең арсеналды қамтиды: үкіметтің қызметін бақылау, «билеуші партия» жүргізген бағытты талдау және сынға алу (оның ішінде халық үшін не аяқталуы мүмкін екенін нақты түсіну), ел тап болатын қауіп-қатерлерін анықтау. Бірақ ең бастысы – мұндай күш оқиғалардың теріс сценарийін болдырмау үшін не істеу керектігін білуі керек.
Елдің тұрақты дамуы үшін саяси плюрализм мен оппозициялық партиялар қажет, олар оның үстіне үкіметке ықпал ете алуы керек. Бұл саяси өмірге қатысқысы келетін кез-келген азамат өзінің конституциялық құқығын («тәтті-дәмділермен» қызықтырылып шақырылған сайлаудағы статист ретінде емес, белсенді қатысушы ретінде) жүзеге асыра алуы үшін саяси саланың ашықтығын талап ететінін болжау қиын емес. Бұл үшін, әрине, саяси бәсекелестікті арттыру үшін саяси саланы либерализациялау қажет.
Біздің елде Алексей Навальный сияқты адамдар бар ма? Жауап айқын: жоқ! Біз оларды еш жерде кездестірмедік емес пе. Олар пайда болуы мүмкін бе? Теориялық тұрғыдан, иә. Навальный өз қызметін интернетте бастаған, ал онда ережелер жазылмаған. Алайда бұл жерде стратегия мәселесі маңызды. Мұндай бейнеконтент елдегі өмірді өзгерте ала ма? Ол үшін, кем дегенде, халықтың санасын өзгерту керек. Тек көшбасшылар мен саясаткерлер жеткіліксіз – ақыр-соңында, қоғамның өзі қандай елде өмір сүргісі келетінін шешуі керек.
Оразғали Селтеев, саясаттанушы, Еуразиялық интеграция институтының директоры:
«Жаңа партиялар құрудың бастамашылары өздері елеулі қателіктер жібереді»
- Плюрализмді, соның ішінде тек саяси плюрализмді, құптау керек. Партияларды тіркеу санының шегін 20 мыңға дейін және сайлау кедергісін 5 процентке дейін төмендету мақсатында бүгінде жүргізіліп жатқан реформалар, – бұл алға жасалған қадам. Барлық скептицизмге қарамастан, инновациялар олардың құрылуы мен қызметі үшін жағдайларды жеңілдетуге бағытталғанын мойындау керек.
Партиялардан басқа, саяси мүдделерді білдірудің басқа тетігі жоқ. Сондықтан, егер тұрақты сұраныс болса, онда ол институционализацияланған болуы керек. Алайда, мұны бәрі бірдей жасай бермейді, бірақ оларға біреулер кедергі келтіргендіктен емес.
Біріншіден, партиялар жүйенің бір бөлігі ретінде жеткілікті ұзақ саяси тәжірибе нәтижесінде партиялар ештеңені шешпейді және айтарлықтай ықпал ете алмайды деген стереотиптік түсінікке ие азаматтар арасында аз сұранысқа ие. Адамдар атқарушы билік пен жалпы мемлекеттік институттарды әлдеқайда байсалды қабылдайды. Жаңа саяси жобаларға қызығушылықтың төмендігі де осыған байланысты. Адамдар проблемаларды айтуға арналған алаңнан басқа, одан гөрі үлкенірек нәрсеге айнала алады деп сенбейді.
Екіншіден, жаңа партиялар құрудың бастамашылары өздері елеулі қателіктер жібереді. Бұл жолға ешбір дайындықсыз, қандай да болмасын стратегиясыз келеді. Ал тек мемлекетті айыптаған бос популизм және электораттың шаршағанын пайдаланып ойын жүргізу жеткіліксіз. Нақты проблемалар бойынша дамудың айқын баламалы мазмұндық күн тәртібін ешкім тұжырымдамайды. Бастапқыда олар адамдарға жаңа партиялар оларға қалай көмектеседі деген сұраққа жауап бере алмайды. Бастамашылардың арасында өздерін жетелейтін және олардың өміршеңдігіне сендіре алатын жарқын тұлғалар жоқ екені анық. Осының бәрінсіз партияны тіркеуге қажетті негізгі қоғамдық қолдауды қамтамасыз ету мүмкін емес.
Заңнамалық тіркеу кезеңіне көшпес бұрын, алдымен өзіңдік саяси және идеологиялық бет-бейне табу керек, шын мәнінде қолдаушылардың сыни массасын жинау керек. Белгілі бір саяси тауашасы болса да, оны иелену оңай емес. Ұзақ және жүйелі жұмыс қажет.
Осы қателіктердің барлығын, мысалы, «El Tiregi» қозғалысы жасаған. Партияны тіркеу әрекеті сәтсіз аяқталды. Әділет министрлігі қойылған қолдарда «өлі жандарды» анықтады, ал бастамашылар мұны жоққа шығара алмады. Яғни, жай ғана келіп, артымызда мыңдаған адамдар бар деп айту мүмкін емес – оларды «көрсету» керек. Ал 20 мың қойылған қол – бұл жеткілікті сан және белгілі бір сайлау қолдауының болуын бастапқы растау.
Сондай-ақ, жақында өткен мәжіліс пен мәслихат сайлауының не нәтиже көрсеткенін ескеру қажет. Қазақстандықтар проблемаларды шешу тәжірибесі, ресурстары мен әлеуеті бар партияларды қолдауға бейім. Адамдар «осы жерде және қазір» қағидасынан шығады, бірақ сонымен бірге өзгергістерді күтеді. Сондықтан билік партиясы ретіндегі «Nur Otanның» артықшылығы айқын, ол билеуші мәртебесіне ие бола отырып, үкімет пен әкімдіктерге ықпал ету үшін нақты тетіктерді іске қоса алады.
Таяу жылдары коронакризис және оның салдары аясында қоғамда мемлекет тарапынан әділдік пен қамқорлыққа деген сұраныс күшейе түседі. Жалпы, электорат сол жаққа қарай қозғалуда және бұл үрдіс жалғасады. Сондықтан, егер жаңа партиялық жобалар өздерінің әлеуметтік базасын өсіре бастаса, ол онша үлкен болмайды.
Дегенмен, жаңа партиялар пайда болады және тіркеуден сәтті өтеді деп үміттенеміз. Қоғамда неғұрлым көп көзқарастар, пікірлер мен ұстанымдар болса, соғұрлым жалпы мемлекеттік мүдделер тұрғысынан қателеспеу мүмкіндігі жоғары болады.