Қазақ парламентшілері тағы да заманауи фильмдерде, театрландырылған қойылымдарда, концерттерде әдептілік ережелері сақталмай, ұлттық құндылықтар елеусіз қалдыратындығы жөнінде дабыл қағып жатыр. Жақында ғана, 11 қарашада, он шақты мәжілісмен ҚР бас прокуроры мен мәдениет және спорт министріне ресми сұрау салумен жүгінді, ол жолдауда олар «жауапкершілікке тартуға», «тәртіп орнатуға», сондай-ақ «заңнаманы қатаңдатуға» шақырған.
Жел диірмендерімен күресушілер
Бастамашы ролінде «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі, журналист әрі ақын Мақпал Тәжмағамбетова (Мыса) шыққан, ал оны басқа 22 «жаңа қазақстандықтар» және оларға қосылған «Ақ жол» мен «Аманат» саяси партияларының фракцияларының квартеты қолдады. Азғындықтың ең жарқын мысалдарының бірі ретінде олар өздерінің пікірінше «қазақтың рухын таптайтын» «Қайрат болма, адам бол» (басқа атаулары «Қарапайым Қайрат», жай ғана «Қайрат») интернет-сериалын келтірген.
Сериал өмірде өз орнын табуға тырысып жүрген және сонымен бірге үнемі күлкілі, тіпті абсурдтық жағдайларға тап болып қалатын ауыл жігіті мен оның екі досы туралы баяндайды. Қазірдің өзінде ол сериал төртінші маусым бойы жүріп жатыр, барлығын қосқанда жиырмадан астам сериясы шықты, көрермендер негізінен қазақтілді адамдар, өйткені кейіпкерлер көбінесе «ана тілде» сөйлеседі. Мен бірден айтып кетемін: менің жасыма және басым дүниетанымға байланысты мұндай фильм мені мүлдем қызықтырмайды, оның үстіне мен өзімнің ересек балаларыма онымен танысуға кеңес бермейтін едім, өйткені тек қана Youtube-те көріп шыққан үзінділер бойынша қарағанда (ол тек Интернетте ғана қолжетімді), онда жиі балағат сөздер және «белден төмен» әзілдер естіледі.
Кез келген адам, депутаттарды да, осы жолдардың авторын да қосқанда, мұндай фильмдерді төмен сапалы, әдепсіз, қабылдауға жарамсыз деп есептеуі мүмкін, бірақ «Қайрат» атаулы сериал халық арасында үлкен танымалдылыққа ие болған фактісімен не істеуге болады? Бірінші серияға қатысты статистикаға көз жүгіртіп көріңіздерші – 10 миллион қаралым (!), сегіз мыңға жуық пікірлер жазылған, олардың көпшілігінде оң пікірлер және сериалды жасаушыларға жолданған алғыстар бар.
Келесі «эпизодтарды» көргендердің саны да миллиондармен есептеледі, бұл Қазақстан үшін өте көп. Демек, фильм оларды бір нәрселерімен, шамасы, өмір шындығымен, өзектілігімен, оның кейіпкерлерінің көрерменге ментальдылығы тарапынан жақын болуымен «қызықтырған» болып тұр. Бұл жайт қомақты аудиторияның ұлттық және басқа да құндылықтар туралы пікірлері депутаттардікінен біршама өзгеше екендігін білдіреді. Алайда, соңғылары, неліктен екені белгісіз, миллиондаған қазақстандықтарға, қазақтарға ненің жақсы, ненің жаман екені жайлы өздерінің көзқарасын еңгізуге құқылы екеніне сенімді.
Сериалдың айтарлықтай жетістікке жетуі оны жасап шығарған Salem social media компаниясын толықметражды фильмді түсіруге итермеледі, ол шығарылым жақында кең экрандарда «Пацанская история» деген атаумен және +21 жас шектеуімен шықты. Бұл да парламентарийлердің қатты алаңдаушылығын тудырды: олар кинотеатрлардың иелері мұндай фильмдерді көрсету ережелерін жиі бұзып, ереже бойынша 22.00-ден бастап емес, ертерек көрсететіндіктен, көрермендердің арасында осы жас бойынша шектелуге тиесілі жасөспірімдер және жас жігіттер болуы ықтимал деп қорқады.
Жарайды, мәжілісмендер жүгінген прокуратура мен Мәдениет және спорт министрлігі кинотеатрларға толық бақылау орнатады делік. Бірақ жақын арада фильм (мейлі ол «Пацанская история» болсын, мейлі осыған ұқсас басқа фильм болсын) ағынды платформаларда, контентті тегін жүктеп алуға болатын қызметтерде немесе Youtube-те пайда болады және, тиісінше, барлық Интернет-пайдаланушыларына, соның ішінде кәмелетке толмағандар үшін де, қолжетімді болады. Ал +21 белгішесі олардың қызығушылығын тек қоздыра түседі. «Тыйым салынған жемістің дәмі тәтті» - бұрын да солай болған, бұл қазір де солай және үнемі солай болады: адамның табиғатын ешқандай шектеу шараларымен өзгерту ешкімнің қолынан келмейді. Басқаша айтқанда, қазақстандық депутаттар идеалистік арман әлемінде өмір сүріп жатқан Сервантестің классикалық романының кейіпкері секілді жел диірмендерімен күресуге тырысып жатыр. Айтпақшы, «Пацанская история» фильмінің бір ғана қысқаша трейлері төрт аптаның ішінде Youtube желісінде бір жарым миллионға жуық қаралым жинап алған.
Дәстүр сақшылары
Парламент депутаттарының сұрауында елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық театрында Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмасы бойынша қойылған спектакль жөнінде де айтылған. «Көрдік. Қатты сасқанбыз, бетті басқанбыз. Қоғамның сұранысы деген желеумен ұлттық шығармаларды да былғай бастадық». – деп ашуланған мәжілісмендер.
Бұл жерде әңгіме біздің республикамыздың тумасы, Мәскеулік әйгілі Вахтангов театрында бірнеше жылдан бері режиссер болып қызмет етіп келе жатқан Гүлназ Балпейісованың биылғы жазда қойған қойылымы жөнінде болып отыр. Дәл оны Астанада халық эпосы бойынша спектакльді қоюға шақырды. Бұл ертеден біздің күнге дейін жеткен, тек қана таныс персонаждармен емес, сонымен қатар жаңа кейіпкерлермен және жаңа оқиға желісімен, сонымен қатар қазақ әуендері де, шетелдік әуендер де – классика, рок шырқалатын музыкалық сүйемелдеуімен жасалған тарихтың заманауи сахналық интерпретациясы...
Спектакльдің «дәстүрлі» нұсқасын күткен аға буын өкілдері көрген көрініске есеңгіреп қалып, кейбіреулері көрермендер залынан шығып кеткені жөнінде айтылған екен. Және, сірә, депутаттар өздерінің сұрауында дәл сол адамдардың ұстанымдарын білдірген болса керек. Бірақ театр өнері – тірі жанды, дамып келе жатқан (қандай жағдайда да ол солай болуы тиіс), онда эксперименттерсіз болмайды, әйтпесе ол қатып қалады, өзінің сиқырынан айырылады. Әлемнің әртүрлі елдерінде театрлар халық эпосының да, классикалық әдебиеттің де сан алуан шығармаларына сансыз заманауи интерпретацияларды ұсынып жатады, ал неліктен оны Қазақстанда жасауға болмайды?
Оның үстіне дәл біздің елде адамдарды сахна өнеріне бет бұрғызу үшін ең батыл қадамдар жасауға бару қажет деп ойлаймын. Ресми статистикаға сәйкес, 2019 жылы, яғни пандемия алдындағы жылы, театрға келушілердің жалпы саны бізде 2,9 миллион адамды немесе халықтың мыңға шаққанда 153-ін құрады (ал егер жыл бойы ең болмағанда бір спектакль көргендерді есептейтін болсақ, бұл сан жарты миллионға жетуі екіталай). Бұл көршілес Ресеймен салыстырғанда екі есеге жуық аз. Әлемнің дамыған елдерімен салыстыратын болсақ, біз мүлдем ұтылып қаламыз.
Әсіресе жастарды қойылымдарға тарту – ерекше маңызды, өйткені олардың арасында өнердің осы түріне аз да болса қызығушылық танытатындардың үлесі одан да төмен. Сондықтан бұл жерде өндірістің жаңа, заманауи түрлерін қолданусыз, олардың мазмұнын жас ұрпақты қызықтыратын нәрсеге барынша жақындатусыз дұрыс нәтижеге жетуге болмайды. Бұған Гүлназ Балпейісова қол жеткізе алдыма, білмеймін, сонымен қатар оның ұсынған ежелгі қазақ тарихын «оқылуының» көркемдік артықшылықтарын және кемшіліктерін бағалауға менің құқығым жоқ, алайда театр басшылығы, эксперимент жасау туралы шешім қабылдап, дұрыс істеді деп есептеймін. Іздену, талпыну, оның ішінде әдеттегі, қалыптасып қалған, дәстүрлі нәрселердің шеңбердің сыртына шығу – шығармашылық әрекеттің кез келген түрінде міндетті процесс болып табылады. Иә, бұл жерде жол болмаушылық, тіпті толық сәтсіздіктер де орын алуы ықтимал, бірақ, барлығымыз білетіндей, мақсатқа жетуден бас тартпаған адам ғана жеңіске жетеді.
«Креативті индустрия» ма? Жоқ, естіген жоқпыз
Мәжілісмендердің сұрауының мәтіні: «Біз Жаңа Қазақстан депутаттық тобы Кинематография және Мәдениет туралы заңды зерттеп, ұлттық құндылықтар мен идеологиялық мәселелер тұрғысынан күшейтуді қарастырамыз және бұл талаптар БАҚ туралы заңда да ескертілетін болады» - деген сөздермен аяқталады. Онша түсінікте емес болып тұрғаны, парламентшілер мұндай шешуші қадамдарды жай ғана ұсынып отыр ма, әлде өздері іске асырмақ па.
Есіме түскені, осы жылдың жазында бір топ қазақстандық сенаторлар үкіметке депутаттық сұрау жолдау арқылы өнер адамдарын сахнадағы әдепсіз қылықтары үшін берілетін жазаны қатайтып, тіпті бес жылға дейін сахнадан айырып тастауды ғана емес, сонымен қатар олардың репертуарын, сондай-ақ концерттерді ұйымдастыруын – әдептілік ережелеріне және барлық ұлттық құндылықтарға (дәстүрлерге) сәйкес келуі мақсатында қатаң реттеуге шақырғандары. Қазақстан Республикасының премьер-министрі қол қойған жауапта мұндай шаралар шығармашылық индустрияның ішкі нарығының жай-күйіне теріс әсер етуі ықтимал екендігі жөнінде жұмсақ түрде көрсетілген (соңғысына басқалармен қатар, кино, музыка, өнердің басқа да түрлері және шоу-бизнес кіреді). Сірә, бүгін талқыланып жатқан сұрауға жауап берген кезде де мемлекеттік қызметкерлерге тура осыны жазуға тура келетін сияқты.
Дегенмен, бұл үндеу бастамасын көтерген Мақпал Тәжмағамбетова «креативті индустрия» деген ұғымнан бейхабар деп ойлау жөн болса керек. Жазушы-поэзиялық шеберханасындағы көптеген әріптестері сияқты, ол да «мемлекеттік реттеу», «мемлекеттік қолдау» деген сияқты нарықтық санаттан алшақ басқа санаттарда жұмыс істеуге дағдыланып кеткен. Қайрат туралы веб-сериалының және «Пацанская история» фильмінің сол бір авторлары бюджет қаражатын тартпастан-ақ, қалың көрерменді қызықтыратын, табыс әкелетін дүние жасауға талпынып жатқан кезде, Мақпал өзінің шығармашылық кештерін салық төлеушілердің қаражаты есебінен өткізуден жиіркенбейді. Есімізге өзінің оқырмандарымен кездесіп, өлең оқып беруі үшін қала әкімдігі оған екі жыл бұрын 28 миллион теңге бөлгенін түсіргеніміз де жеткілікті.
Сірә, ақынның пікірі бойынша, бұл әдептілік ережелеріне және ұлттық құндылықтарға ешбір қайшы келмейтін сияқты...