Өткен жұма күні, парламенттің екінші сессиясын ашқан кезде, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған депутаттардың өткен сессиядағы және жазғы каникулдағы белсенділігі мен бастамашылдығын атап өтіп, олардың жұмысының қарқыны бұдан да жоғары болатынына сенім білдірген болатын. Расында да, Мәжілістің қазіргі құрамы бұрынғысына қарағанда әлдеқайда жігерлі әрі шешуші болып көрінеді. Бірақ сонымен бірге, оның ішкі мазмұнына бұрынғыдай күмән бар. Депутаттық корпус күшейіп нығайды ма, ол өзінің алдында тұрған міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз етуге қабілетті ме? Бұл сұрақтарға деген жауаптарды біз сарапшыларымыздың бағалауларынан іздеудеміз.
Марат Шибұтов, саясаттанушы, қоғам қайраткері:
«Әзірге мен Қошановтың жетекшілігіндегі Мәжілістің дұрыс жолда келе жатқанын көріп отырмын»
- Заң шығармашылығы тұрғысынан бұл шақырылым рекордтарды күрт жаңартып отыр. Заң жобаларының 40 процентке жуығына депутаттардың өздері бастамашы болды, бұл бұрынғыдан төрт есе көп. Ал бұл жайт парламент ықпалының күшеюі жай ғана сөз емес, бұл қазірдің өзінде басталған үдеріс екенін нақты көрсетіп отыр. Бұл үдеріс қайтымсыз сипатқа ие болды деп тек халық қалаулылары бастамашы болған заң жобаларының үлесі 50 проценттен асып кеткен кезде ғана айтуға болады.
Оның үстіне, Мәжілістің VIII шақырылымының депутаттары толық емес бір сессия кезінде 253 сауал жолдап үлгерген. Салыстыру үшін: VII шақырылымның депутаттары небәрі 233 сұраныс жіберіп, ал VI шақырылымның депутаттары тек 87 ғана сұрау салған болатын. Яғни, парламентарийлердің жеке белсенділігі артып түскен. Оған қоса, Мәжілістің қызметі өз мазмұны жағынан өзгешеленді – ол атқарушы билікке қатысты қатал әрі өткір бола бастады. Осылайша, менің ойымша, бастапқы мақсаттар орындалды.
Бірақ әрі қарай енді реформалардан гөрі ағымдағы қызметті жетілдіру және барлық өкілеттіктерді жүзеге асыру қажеттірек болып отыр. Біріншіден, халық қалаулыларының біліктілігін арттыру қажет: олардың барлығыны «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Заңды, сондай-ақ Мәжілістің нормативтік құқықтық актілерін оқып, түсінулері маңызды, одан кейін олар заңдылығы күмәнді сұрау салуды тоқтататын болады. Екіншіден, проблемаларды жан-жақты талқылап, оларды шешу жолдарын табу үшін парламенттік тыңдауларды көбірек өткізуге бастамашылық жасау қажет.
Әзірге мен Ерлан Қошановтың жетекшілігіндегі Мәжілістің дұрыс жолда келе жатқанын көріп отырмын, және 3-4-ші сессияда біз шынымен де ықпалды парламент дегеніміз не екенін көреміз деп ойлаймын.
Толғанай Үмбеталиева, саяси ғылымдарының кандидаты, Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының бас директоры:
«Ресми рәсімдерден елеулі саяси өзгерістерге көшу қажет»
- Сайлаудың мажоритарлық жүйесін енгізу, өкінішке орай, парламенттің жұмысына ешқандай әсерің тигізген жоқ. 29 «тәуелсiз» депутат Мәжiлiске салмақ пен ықпалын тигiзедi деп болжанған еді, бірақ бұл адасушылық болып шықты. Иә, жаңадан келген халық қалаулылары дивидендтер алу үшін барынша көп күш салып жатыр, бірақ мұндай белсенділік тек алғашқы кезде ғана болатынын жоққа шығаруға болмайды. Сонымен қатар, олардың қатысуымен кейбір жанжалдарсыз да болмады...
Жалпы алғанда, парламентті ықпалды деп атау әзірге қиын. Оның жұмысының ережелерінің өзінде ешқандай өзгерістер орын алған жоқ. Иә, онда партиялардың саны көбейді, оның үстіне, енді онда дауыс беру бұрынғы сияқты 100 процент қолдаумен жүргізілмейді. Бірақ, сонымен қатар, заң жобаларын талқылау бұрынғыдай жабық күйінде өткізіліп жатыр, ал кейбір партиялардың оларға қалай қатысатынын жұртшылық осы күнге дейін білмейді. Министрдің депутаттар алдында берілген есептері тағайындауларға әсер етпейді. Президент тағайындауларды халық қалаулыларының пікірін есептеместен (мұндай ережелер жоқ) жүзеге асырады. Оның үстіне, барлық заң жобалары парламенттің бекітуіне үкіметтен жіберіледі.
Иә, депутаттық сауалдардың саны көбейген, бірақ олар Мәжілістің саяси салмағына өз әсерін тигізіп жатқан жоқ. Әрине, әлеуметтік желіде белсенділік танытып, өздерінің сөйлеген сөздері мен үндеулерін жазып алып, сол жерге жариялап, өз ұстанымдарын білдіріп жүрген жекелеген парламентшілер бар. Бірақ алқалы орган ретінде Мәжіліс те, сондай-ақ оған өкілдік ететін партиялар да саяси саланың мықты ойыншыларына айналған жоқ және билік жүйесіндегі заң шығарушы органның рөлін арттыруға әзірге ықпал етіп отырған жоқ.
Менің көзқарасым бойынша, тиісті реформаларды жүргізу арқылы күтілген нәтижеге әлі қол жеткізілмеді. Оның үстіне оған қол жеткізу мүмкін емес еді – бұған ешқандай елеулі негіздер жоқ. Олардың пайда болуы үшін формальды рәсімдерден күрделі саяси өзгерістерге көшу қажет. Сонымен қатар, депутаттар парламенттің мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін талқылаудың бастамашысы болуы тиіс. Оның үстіне, Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, оның мемлекет басшысы кезіндегі саяси реформаларының түпкі мақсаты – суперпрезиденттік басқару түрінен президенттік басқаруға көшу.
Депутаттарға және саяси партияларға ұсынылып отырған реформалардың шеңберінде президент әкімшілігі немесе үкімет оларға «ықпал етуші» рөлін тағайындағанын күтіп отырудың қажеті жоқ. Оларға өз ұсыныстарын және идеяларын белсенді түрде жариялап, парламенттің функцияларын күшейтудің мүмкіндіктері мен жолдарын сенаторлармен талқылаулары қажет.
Ол келесі функцияларды қамтыған жағдайда ғана ықпалды бола алады деп ойлаймын. Біріншіден, қоғамның ең өзекті және ең өткір мәселелері бойынша қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру. Екіншіден, Орталық сайлау комиссиясының құрамын қалыптастыру және оның қызметін бақылау. Үшіншіден, Мәжілістен орын алған партиялар тарапынан үкіметті құру. Төртіншіден, заң жобаларын әзірлеу және заңдарды жалғыз заң шығарушы орган ретінде қабылдау.
Парламент, қайталап айтамын, үкіметтің, президенттің және сот билігінің қызметі туралы заңдарды және ережелерді әзірлейтін жалғыз ғана саяси органға айналмайынша, ол биліктің ықпалды тармағы болмайды.