Жақында Facebookтің ұлттыққа бағдарланған қолданушылары арасында өте танымал және ақылсыз емес блогер Айнаш Керней өзінің кезекті хабарламасын жариялады. Онда ол мемлекеттік тілді оқып-үйрену үшін «мотивация жасау» қажеттігі және оны оқытудың бара-бар әдістемелерінің жоқтығына сілтеме жөніндегі әңгімелерді күлкілі деп атады, бірақ ауқымды мәтіннің негізгі бөлігін кеңес заманында «орыс тілін үйренгің келмесе – мәжбүрлейміз» деген қағидаты бойынша қазақтарды қатаң түрде қалайша орыстандырғанына арнады. Ол қазақ тілін үйренуге қатысты да дәл осыны қайталауға ашық түрде шақырмағанмен, тұспал түсінікті.
«Көргенсіздерге» қарап, барлық қоғам жөнінде пікір жасауға болама?
Блогердің жасы қаншада екенін білмеймін, бірақ оның фотосуреттеріне қарағанда, ол бірінші сыныпқа кеңестік дәуірдің аяғында, немесе тіпті одан да кейінірек барған. Бұл жәйт, алайда, оған категориялық түрде әрі көптеген мысалдарға сілтеме жасай отырып, КСРО-да қазақтарды орыс тілін меңгеруге мәжбүрлеген деп кесіп айтуға кедергі болмады. Оның келтірген фактілердің кейбіреулерімен келісуге болады, бірақ көп жағдайда бұл немесе мифтер, немесе фейктер, немесе оларға өте жақын нәрселер. Ал ол өзінің парақшасында «дос еместерге» (қарсыластарға деп оқыңыз) пікір қалдыру мүмкіндігін жауып тастағандықтан, мен мұны осында жасауға тырысып көремін.
«Кеңес Одағы кезінен орыстардың көпшілікке белгілі әдісі қарапайым және қиын емес: «Сен не деп шүлдірлеп тұрсың?!», «Орысша сөйле!» «Адам (!) тілінде сөйле!» және т.б. Бұл – тілдік курстарды да, сөздіктерді де, оқулықтар мен мұғалімдерге жұмсалатын шығындарын да талап етпейтін ең радикалды, тиімді және арзан әдістеме екенін мойындау қажет. Кеңес өкіметі әкімшілік репрессиялық машинаның барлық күшін қолдана отырып, бірақ енді мемлекеттік деңгейде, дәл осындай агрессивті саясат жүргізді», - деп жазады Айнаш.
Дүкендерде, қоғамдық көліктерде және басқа да қоғамдық орындарда ол айтқандай міндетті түрде барлығы тек орыс тілінде сөйлеуі тиіс деген шовинистік талаптар айтылды ма? Ия, және, өкінішке орай, олар жиі айтылатын. Бірақ жеке тұлғалардың немесе тіпті топтардың мінез-құлқы жалпыға тән және жүйелік сипатқа ие құбылыс болған деп айту дұрыс па?
Бір мысал келтірейін. 1978 жылдың күзінде ҚазМУ-дің журфак орыс бөлімінің студенттері Қостанай облысындағы тек немістер ғана тұратын бір совхозға картоп жинауға жіберілген кезде, олар жергілікті толқудың нақты, оның үстіне агрессивті ксенофобиясына, ондағы тұрғындардың, оның ішінде дүкен қызметкерлері жағынан да олармен тек неміс тілінде ғана сөйлесуді талап етуі мен физикалық қырып-жоюға ұшырау қаупіне тап болды. Тек студенттердің «немесе олар өзін-өзі адамша ұстайтын болсын, немесе біз бәрін тастап, кетіп қаламыз» деген ультиматумынан кейін ғана совхоз директоры бұл жағдайдың жариялануынан және өз басына келіп түсетін ауыр зардаптардан қорққандықтан (ондай нәрселер үшін партбилетті тартып алуға да, тіпті сотқа да беруге болатын), жерлестерін тәртіпке шақырды.
Бұл жағдайды бүкіл неміс халқына немесе КСРО билігінің саясатына немесе Қазақ КСР билігінің саясатына тән нәрсе деп айтуға бола ма? Ал Мәскеудегі бір жерде надан және ақылсыз сатушы немесе көргенсіз және өрескел милиция қызметкері тарапынан «келімсектерге» деген жеккөрінішті көзқарасты барлығына тән нәрсе деп жалпылау дұрыс па? Ақыл-ойы бар адам үшін жауап айқын деп ойлаймын.
Дөрекілік үшін кешірім өтінемін, бірақ көргенсіздер әрқашан болды, бар және болады. Ол кез-келген этникалық топта кездеседі, өйткені ол өз мәні бойынша халықаралық сипатқа ие. Бір кездері шовинизмнің көріністеріне, «чурка», «қисықкөз» деген және т.б. атауларға тап болған адамдардың реніштері түсінікті (бұл жолдардың авторы да кезінде осындай жағдайларға тап болған). Бірақ біз, қазақтар, сол тұрмыстық деңгейде әрқашан «саяси тұрғыдан әдепті» болдық па? Кейбіреулеріміздің орыстарды, кәрістерді, басқа этностардың өкілдерін қандай сөздермен атағанымызды естеріңізге түсіріңіздерші. Осындай күрделі саладағы мемлекеттік саясат жайлы пікірталасқа түскен объективті зерттеуші, жауапкершілігі бар публицист, оның сөздері мен іс-әрекеттеріне, жұмсақтықпен айтқанда көргенсіз және әдепсіз адамдарға сүйене отырып, оған айып тағуы екіталай. Оның үстіне, олардан әлдеқайда сенуге тұрарлық «бастапқы көздер» бар, олардың көпшілігін ашық қол жетімділікпен табуға болады – заңдар, қаулылар, партия съездерінің шешімдері, сол жылдардағы статистикалық жинақтар.
Статистика бәрін біледі
Алайда, тікелей тілдік тақырыпқа және Айнаштың мәтініне қайта оралайық. Мысалы, ол былай деп жазады: «1960 жылдар: бүкіл ел бойынша жүздеген қазақ мектептерінің жабылуы; жоғары білімді тек орыс тілінде алу мүмкіндігі (тек «Қазақ тілі» сияқты бірқатар мамандықтарды қоспағанда, бірақ, келісіңіздерші, қазақ тілін орысша оқу қисынсыз болар еді ғой).
Шынында да, мектептер жабылған болатын, бірақ тек қазақ мектептері ғана емес. 1960 жылдан 1980 жылға дейінгі кезеңде республикадағы орта білім беретін оқу орындарының жалпы саны 9592-ден 7951-ге дейін немесе бір жарым мыңнан астамға қысқарды және іс жүзінде мұның барлығы ауылдық жерлерге (7899-дан 6300-ге дейін) қатысты болған. Ал сонымен қатар оқушылар саны 1,7 есе өсті. Бұл парадокс заманауи тілмен айтқанда оңтайландыру арқылы түсіндірілді: шағын жинақты мектептер (кішкентай ауылдарда) жабылды, ал балаларды немесе совхоздар мен колхоздардың ғимараттарында жұмыс істейтін мектептерге немесе жергілікті аудандық және облыстық интернаттарға ауыстырды. Олардың ішінде халықтың этникалық құрамына байланысты орысша интернаттар да, қазақша интернаттар да болатын. Айтпақшы, тәуелсіздік алғаннан кейін де оңтайландыру жүргізілді, отыз жыл ішінде Қазақстанда мектептер саны 1120-ға азайды.
Осыған байланысты, сондай-ақ мектептерде оқушылар контингентінің саны да бір бірінен айтарлықтай ерекшеленетін болғандықтан, олардың санының өзгеру динамикасына назар аударудың мағынасы жоқ – бұл орыстандыру процесін талдау тұрғысынан аз нәтиже береді. Белгілі бір тілде оқитындардың санын салыстыру әлдеқайда көрнекі (және дұрыс). Мәселен, 1986/87 оқу жылында, Одақ ыдырағанына аз ғана уақыт қалған кезде, қазақ сыныптарында 940 мың бала немесе барлық оқушылардың 30,7 проценті оқыған («КСРО-дағы халық білімі» жинағынан алынған деректер). Бұл ретте қазақ халқының үлесі шамамен 39 процентті құрады. Көріп отырғанымыздай, айырмашылық бар, бірақ оны қатерлі деп атауға бола ма?
Орыс сыныптарында қанша «титулдық» ұлт өкілдері оқығаны жөнінде ақпарат табылмады. Бірақ халықтың жалпы құрамындағы 6 жастан 17 жасқа дейінгі балалардың үлесі, түрлі этностардағы «туу коэффициенті» және т.б. сияқты жанама деректерді пайдалана отырып, шамамен алынған санға қол жеткізуге болады. Мінеки: орыс тілінде 600 мыңға жуық қазақ балалары мектеп білімін алды (ана тілінде, қайталаймын, 940 мың адам оқыды). Оларға қатысты 1957 жылдан бастап республика Министрлер Кеңесінің «Оқыту орыс тілінде жүргізілетін мектептерде оқитын қазақ оқушыларының ана тілін міндетті түрде үйренуі туралы» қаулысы қолданыста болды. Иә, ол барлық жерде орындала берген жоқ, бірақ Қазақ ССР-нің өзінде қабылданған шешімнің іске асырылмағанына жауапкершілік одақтық орталыққа жүктелуге тиіс пе? Жауапқа республика басшылары және жергілікті шенеуніктер тартылуы керек, ал олардың арасында қазақтар көп болды.
1989 жылғы соңғы кеңестік санағының нәтижелері бойынша алынған тағы бірнеше сан келтіремін. 6,4 миллионнан астам қазақ немесе қазақтардың жалпы санының 98 проценті қазақ тілін туған тілім деп атады (шамамен бестен бір бөлігі оны меңгермегеніне қарамастан), ал орыс тілін тек 88,9 мыңы ғана туған тілім деп атады. Біздің 4,1 миллион қандастарымыз «Пушкиннің тілін» еркін білетіндері жөнінде айтты. Демек, екі жарым миллионға жуық адам, немесе қазақтардың жалпы санының 40 проценті, орыс тілін нашар білетін немесе оны мүлдем білмейтін. Айтпақшы, осы жолдардың авторының айналасында, анасы мен енесін қоса алғанда, осындай адамдар көп болған.
Ал егер Айнаштың «кеңес өкіметі дәл сондай агрессивті саясатты (орыстандыру саясатын - авт.) енді әкімшілік репрессиялық машинаның барлық күшін қолдана отырып, мемлекеттік деңгейде жүргізді» - деген сөздеріне қарасақ, мұндай нәрсе орын алуы мүмкен бе еді? Айтпақшы, ол қазақтарға қатысты тіл белгісі бойынша қуғын-сүргіннің ең болмағанда бір ғана нақты мысалын келтіруі керек еді.
Кімнен жауапкершілік талап ету қажет?
Енді жоғары білім жайлы айтар болсақ. Мұнда Айнаш білмегендіктен немесе өз сөздері барынша әсерлі болу үшін анық өтірік қосып жіберді. Педагогикалық институттардың басым көпшілігінде (республикамызда олардың саны 23, ал жалпы ЖОО саны 55 болды) ЖенПИ-ді қоса алғанда, барлық пәндер бойынша, оның ішінде қазақ мектептері үшін мұғалімдер даярлады, демек, оқыту тілі де оған сәйкес болды. ҚазМУ-дың барлық гуманитарлық факультеттерінде – тарихи, филологиялық, философиялық-экономикалық және т.б. – қазақ бөлімдері болды, оларда да студенттердің саны орыс тілінде оқитын студенттердің санымен бірдей болатын.
Иә, техникалық және медициналық жоғары оқу орындарында бүкіл оқу процесі орыс тілінде жүргізілетін, бұл, сөзсіз, қазақ мектептерінің түлектері үшін айтарлықтай қиындықтар тудырды. Бірақ адал болайықшы: сол кезде бізде әртүрлі техникалық және медициналық пәндер бойынша жоғары оқу орнының сауатты оқулықтарын қазақ тілінде (оның үстіне күрделі терминологияны аудара отырып) жаза алатын және осындай пәндерді білікті оқыта алатын мамандар көп болды ма? Біз тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде де осы мәселені шешкен жоқпыз. Бір жыл бұрын балалар хирургі Алмас Көптілеуов келтірген мысал енді хрестоматиялық болып кетті: «Қазақ тіліндегі хирургия бойынша базалық оқулықта аппендицитті жою операциясына бар болғаны 12 бет арналған. Ал орыс тілінде – кемінде 42 кітап-монография шығарылған. Олардың бірде-біреуі қазақ тіліне аударылмаған. Ал бұл жағдай медицинаның барлық бөлімдері бойынша қалыптысқан». Техникалық пәндердің басым көпшілігімен де ұқсас жағдай орын алуда: қазақ бөлімдерінің студенттері осы күнге дейін жиі ресейлік оқулықтарды пайдалаынп оқуға мәжбүр.
Тағы айтарым, егер кеңес өкіметі қазақ тіліндегі жоғары техникалық және медициналық білімді жойып тастаған болса, онда оған елеулі претензиялар қоюға болар еді. Бірақ мұндай білім ешқашан болған емес қой. Сонымен қатар, 1928 жылға дейін бізде бірде-бір университет болған емес, ал сол Ресейде ондаған университеттер болды. Дәл осы кеңес империясы (иә, деспотикалық, иә, сол кезеңде қанды, иә, өз мүддесінде әрекет еткен) қазақ даласына жоғары білімнің, ғылымның және мәдениет мекемелерінің келуін тездетті.
Қазақ тілінде техникалық және медициналық жоғары оқу орындарында оқытуды енгізу шараларымен Мәскеу емес, республика билігі, әсіресе ұлттық интеллигенция айналысуы тиіс еді. Бірақ соңғысын, шамасы, бәрі қанағаттандырған болар. Біріншіден, оның әлсіздігіне байланысты. Ал екіншіден, қазақтың саяси, ғылыми және шығармашылық элитасының көптеген өкілдері, соның ішінде ана тілінде кітап жазған әдебиетшілер, өз балаларының КСРО-ның ең жақсы университеттеріне (ММУ, МВТУ, МГИМО, «Плехановка», МФТИ және басқалары) түсуді армандады. Сондықтан олар бастапқыда балаларын орыс тілді білім алуға бағыттады.
Айнаштың тағы бір претензиясы былай деп айтылған: «армияда жалғыз тіл – орыс тілі (өліңіз, бірақ түсініңіз)». Ол сонда шынымен де командирлер бұйрық бере отырып, сол бұйрықты КСРО республикаларындағы титулдық этникалық топтардың барлық 15 тілінде қайталап айтуы тиіс деп ойлайды ма? Дегенмен, әйелге ондай нәрсені кешіруге болады. Айтпақшы, бүгінде екі-үш мемлекеттік тілі бар елдердің армияларында олар біртіндеп біргелкі тілге ауысып жатыр: канадалық армия – ағылшын тіліне, швейцариялық армия – неміс тіліне. Армияның қатал қажеттілігі осындай. КСРО-да халықтың жартысынан көбі орыстар болды, этникалық жағынан орыстарға жақын украиндар және белорустармен бірге олардың үлесі 70 процентке жетті, ал Қарулы күштердің офицерлері арасында 90 процентке жуық болды. Сонда кеңес армиясында тіл қандай болуы керек еді?
Тіл үйренуге мотивациялар жайлы
Айнаштың тағы бір дәйексөзі: «Қалаға кірген кез-келген адам бірден орыс тілінде сөйлеуі керек еді, әйтпесе оны түсінбеуі (қызмет көрсетпеуі, ешқайда орналастырмауы және т.б.) мүмкін... Осы қатарда: қоғамдық орындарда қазақша сөйлеуге тыйым салу – «Сен өз үйіңде емессің!» (!), автобустан түсіріп тастау, қазақ акцентіне наразылық (мазақ ету) (!) және т. б. «мотивациялар».
Мұндай «қасіреттер» қайдан пайда болады? Мен қайталанамын: адамдар, соның ішінде қызмет көрсету саласында, әр түрлі болды, олардың арасында ашық зұлымдар да болды, бірақ егер біреуді орыс тілін білмегені үшін автобустан түсіріп тастайтын болса, ол жақын маңдағы милиция бөлімшесіне, газет редакциясына және т.б. жүгінсе, онда жүргізуші өз ісіне қатты өкінер еді. Ал орыс тілін білмейтін адамды, мысалы, дәрігер қабылдамағанын, көмек көрсетпегенін тіпті елестету де мүмкін емес. Әрине, қоғамдық орындарда қазақша сөйлеуге ешқандай тыйым да болған жоқ – оны тек мемлекеттік органдар ғана орната алды, ал олар кез келген шешім қабылдаған кезде коммунистік идеологияның негізінде жатқан интернационализм қағидатын бұлжытпай сақтауға міндетті болды. Әлде Айнаш «тыйым салу» деп жеке жабайы азаматтардың сөздері жөнінде айтып отыр ма?
Бір сөзбен айтқанда, ол өзінің жарияланымында көп нәрсе жазған. Осыған байланысты есіме мынадай әйгілі сөздер түседі: «КСРО-да өмір сүрмеген адамдар сол кезде менің қалай нашар өмір сүргенім жөнінде айтуды ұнатады». Ал сол өте қарама-қайшы уақытта барлығы, соның ішінде қазақтар да, әртүрлі өмір сүрген, сондықтан бәрін тек қара немесе тек ақ түспен бояу – тым жеңілдетілген тәсіл. Орыстандыру саясатына келетін болсақ, ол шынымен де (тіпті орыс халқы мен оның тілінің мүддесі үшін емес, азаматтардың белгілі бір жаңа қауымдастығын құру мақсатында), бірақ салыстырмалы түрде жұмсақ әдіспен, ынталандыру арқылы жүргізілді. Ал ең басты ынталандыру мынадай болды: «ұлы және құдіретті» тілді білу жақсы білім алуға және оның негізінде кәсіби мансап (оның ішінде республикадан тыс жерлерде де) құруға үлкен мүмкіндік берді.
Мен Айнашпен келісуге дайынмын дейтін нәрсе – қазақ тілін меңгерудің сауатты әдістемелерінің жоқтығына сілтеме жасау – бұл тек қана сылтау. Орыс тілділердің, соның ішінде қазақтардың бір бөлігінің оны оқып-үйренумен айналысқысы келмеуі басқа себептен туындады: ол әзірге кеңестік Қазақстанда орыс тілінің ынталандырушы рөлін орындай алмады, қазақ тілін білу сапалы білім алу және сұранысқа ие мамандықтарға ие болу тұрғысынан бәсекелестік артықшылықтарды қамтамасыз ете алмайды. Бірақ бұл бөлек әңгіме тақырыбы…