Қоғамымыздың мәдени деградациясы барған сайын айқын көрініп жатыр. Ол адамдардың ашуы мен агрессиясынан, қоршаған ортаға, тарихқа, тіпті «мәңгілік» құндылықтарға қатысты, әдебиетке, өнердің байыпты жанрларына қызығушылықтың жоқтығынан байқалады... Бұған дәлел ретінде көптеген мысалдар келтіруге болады, бірақ бүгін біз тек екеуімен ғана шектелеміз, ал оның екеуінің де аумағы жиі қазақ мәдениетінің бесігі деп аталатын Қызылорда облысына тікелей қатысы бар.

Варварлардың кезеңі

...Шиелі ауданындағы Еңбекші ауылынан 50 шақырым жерде Сауысқандық шатқалы бар. Онда бір кездері әртүрлі петроглифтердің (жартастар мен тастардағы ежелгі суреттердің) үлкен саны табылған болатын. Ғалымдар сол петроглифтерді біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдыққа жатқызады. Өткен жылы жарияланған ғылыми мақаладан үзінді келтірейік: «Жағалау белдеуінің 5 шақырымдық бөлігінде ерекше және әр түрлі дәуірдегі петроглифтердің көптеп шоғырлануы Сауысқандықты Таңбалы, Ешікөлмес және Арпаөзен сияқты жартас өнерінің көрнекті ескерткіштерімен қатар қояды. Сондықтан оның негізінде тарихи-мәдени қорық құруға болады». Шатқалдың кіреберісінде бұл мемлекет қорғауындағы тарихи ескерткіш деген жазу бар.

 

Сауысқандық петроглифтерінде ежелгі адамдар өмірінің сан алуан сюжеттері бейнеленген – мұнда күнделікті өмір суреттері, шайқас көріністері, діни жоралғылар, жануарлар бейнелері, т.б. Олар біздің ежелгі кездегі ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргені жайлы, немен айналысқаны және не нәрсеге сенгені туралы көп нәрсе айта алады және осы тұрғыдан алғанда үлкен тарихи және мәдени құндылық болып табылады. Сызбалардың техникасы да сөзсіз қызығушылық тудырады: олар бір жерде тасқа тырналып сызылған, ал бір жерде құралдар қолданылған – олар металлдан жасалғаны ықтимал. Ғалымдар үш-төрт метрге дейін жететін жеке петроглифтердің үлкен көлемін де атап өтеді, бұл «тек қазақстандық жартас өнері үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы жартас өнері үшін өте сирек кездесетін нәрсе болып табылады».

Жақында сол жерге Қызылордалық журналист барып-қайтқан екен, ол осы мақаланың авторымен көрген-білгенінен алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, айтарлықтай жоғары биіктікте орналасқан суреттер әзірге бұзылмаған, ал қол жеткізуге оңай жерлерде орналасқан басқаларында біздің замандастарымыздың «автографтары» пайда болған. Бұл варварлық, мұнда басқа сөз табу қиын, оны бір немесе бірнеше адам жасамағаны анық – осы жерде көптеген адамдар «іс-әрекет жасауға тырысқан». Ал егер сырлы бояумен жасалған жазуларды, қажет болса, арнайы ерітінділермен жуып тазалауға болатын болса, онда таспен немесе басқа нәрсемен ойылып жасалған наколкалар алыс өткеннің осы бірегей куәліктеріне қайтарымсыз зиян келтірді.

 

Ал осыдан бірнеше жыл бұрын қызылордалық әріптесіміз көршілес Жаңақорған өңірінің аумағында, Қаратау жоталарынан ағып жатқан Бесарық тау өзенінен құралған көркем алқаптан осыған ұқсас суретті көрген еді. Ол жерде де петроглифтерімен жартас бар. Сюжеттердің бірі жанрлық көрініс – түйе жетектеген адам, оның иті және оларға қарсы тұрған арыстан тәрізді екі жыртқыш бейнелері бар. Бақытымызға орай, замауи варварлар бұл суретке жете алмады, бірақ жақын маңдағы арқарлардың, тау қойларының сүреттерін өздерінің жазуларымен бүлдіріп кеткен екен.

Осы оқиға бұл бүкіл ел, соның ішінде Қызылорда облысы да, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және мәдени мұра ескерткіштерімен тікелей байланысты «Рухани киелі орындар. Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан тұста, биік мінберлерден қоғамдық сананы жаңғырту қажеттігі туралы мәлімдемелер естіліп жатқан кезде орын алып отыр....  

Қызығушылық нөлге тең

...Мұқағали Мақатаевтың салыстырмалы түрде қысқа (45 жас) ғұмырында жазып үлгергенін көпшілік 20 ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясының шыңы деп атайды, ал оның өзін Қазақстанның ұлттық әдебиет тарихындағы бас ақын-лирик деп атайды. Оның жазып шығарған көптеген өлеңдері музыкаға салынып, халық әндеріне айналды. Ақынның қиын да трагедиялық эпизодтарға толы тағдыры жайлы, кеңес өкіметі мен көреалмаушылар оның барлық шығармаларының оқырманға жете бермеуі үшін бар күштерін салғаны туралы басылымдарды жиі кездестіруге болады. Мақатаевтың өмірбаяны аңыздарға, тіпті мифтерге толы, сондықтан қайсысы шын, қайсысы ойдан шығарылғанын анықтау қиын.

Осының барлығын ескеретін болсақ, ақынның туғанына 90 жыл толуына орай таяуда ғана жарыққа шыққан «Мұқағали» көркем фильмі еліміздің мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналып, өзіне қалың жұртшылықтың, әсіресе қазақтардың назарын (жұмыс қаншалықты сәтті болғанына қарамастан, өйткені оны көргеннен кейін ғана бағалауға болады) аудару тиіс еді. Бірақ…

Басқа қалаларда қалай екенін білмеймін, ал халқының 94 процентін «титулдық» этнос құрайтын облыс орталығы Қызылордада (былтырғы мәлімет бойынша 321 мыңның 293 мыңы) осы киноға деген қызығушылық нөлге тең болды. 21 қазанда премьера күні бос тұрған кинотеатрдың суретімен қоса жарияланған қоғам белсенділерінің бірі, Қызылорда тұрғынының жазбасын назарларыңызға ұсынамыз:

 

Сонда үш жүз мың адам тұратын қалада ерекше ақынның тағдыры туралы фильмді көргісі келетін тіпті бернеше адам да табылмағаны ма? Қызылордадағы университеттердің жүздеген оқытушылары қайда, мыңдаған оқытушылар, соның ішінде әдебиет пәнінен сабақ беретін мұғалімдер қайда? Өздерін зиялы қауым өкілдеріміз деп атап жүрген журналистер, кітапханашылар, тағы көптеген басқалар қайда? Түптеп келгенде, қатарында жергілікті ақын-прозашылардың да көп саны бар Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері қайда? Ал тіпті өз қызметінің сипатына қарай «парасатты, мейірімді, мәңгілік нәрселерді егуге» міндеттілердің өзі оларға қызықпаса, онда Мемлекет қыруар қаржы жұмсай отырып, мұндай фильмдерді кім үшін түсіреді? Осы тұрғыда жастарға үлгі болып, олардың мәдени деңгейін көтеретіндер осы кісілер болмаса, кімдер болуы керек?

Екі жыл бұрын осы жолдардың авторы да дәл осындай жағдайға тап болып, Алматы кинотеатрында Брежнев дәуіріндегі жазушыларымыз (айтпақшы, оның кейіпкерлерінің арасында Мұқағали Мақатаев та болды) туралы қазақ тілінде жазылған «Қаламгер» фильмін жалғыз өзі ғана тамашалауына тура келді. Кейін анықталғандай, Қазақстанның басқа кинотеатрларында да бұл фильмнің көрсетіліміне көп дегенде екі-үш адам келіп, әлеуетті көрерменнің болмауына байланысты көптеген сеанстарды жай ғана тоқтатуға тура келген екен.

«Қаламгер» телехикая ретінде «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілген, одан сондай-ақ кең экранда көрсету үшін бір толықметражды фильм де құрастырылды. «Мұқағали» көркем лентасы ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша толығымен «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Ал фильмнің бюджеті туралы мәлімет табу мүмкін болмағанымен (ол жабық болса керек), фильмді шығаруға қомақты сома бөлінген деп болжауға болады. Оның үстіне түсірілім бір жарым жыл уақытқа созылып, әртүрлі қалаларда, соның ішінде бізден шалғайдағы Ресейдің Санкт-Петербургінде де жүргізілді.

Сонда біз мемлекетті қалай сынға алсақ та, мәдениетті қалың бұқараға жеткізіп, фильмдер түсіруге, кітаптар шығаруға, кітапханаларды, мұражайларды қаржылай қамтамасыз етуге, тағы басқаларға ақша бөлуге тырысып жатқан кезде, оған жауап ретінде ешқандай үн жоқ па? Мысалы, кез келген кітапханаға барып көріңіздерші, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген жүздеген томдарға толы сөрелерді қараңыздаршы: олардың шыққанынан бері өткен он жылдан астам уақыт ішінде бұл кітаптарды ешкім қолына алған емес деген сезім пайда болады.

+ + + + +

... Өткеннің ескерткіштеріне деген варварлық көзқарас, сондай-ақ маңызды фильмдерге, салиқалы кітаптарға деген қызығушылықтың болмауы – мүлдем екі түрлі оқиға сияқты. Бірақ олардың ортақ бір нәрсесі бар: олар қоғамымызда мәдени қабаттың қаншалықты жұқарғанын айқын көрсетеді. Ал оны жандандыруға және кеңейтуге міндетті адамдар, яғни «ұлттың интеллектуалдық өзегі» деп аталатын өкілдер, негізінен, жеке өмірін ұйымдастырумен, лауреат болу үшін шайқастармен, атақтар мен марапаттар тізіміне енумен, өз опустарын шығару үшін мемлекеттен ақшаға қол жеткізумен айналысады. Оларда халықтың мәдени деңгейін көтеретін ниеті баяғыдан бері жоқ...