Жаңа жыл Қазақстан үшін ауыр сынақтан басталды. Ел бойынша жұріп өткен митингілер тәртіпсіздіктер мен қантөгістерге айналып, қосымша әлеуметтік-экономикалық және саяси қауіп-қатерлерді тудырды. Алайда бұл жайт сарапшылардың 2022 жылы тұрақсыздықтың жаңа ошақтарының пайда болуына қатысты жасаған болжамдарына сәйкес келеді. Бірақ біз Рубиконнан өтіп болдық па, әлде жағымсыз «тосынсыйлар» біздің елімізді одан әрі де шайқайды ма? Бұл жөнінде өз пікірімен саясаттанушы Замир ҚАРАЖАНОВ бөлісті.
Тұрақтылықты жеке тұлғалар емес, жұмысқа қабілетті және тиімді институттар сақтайды
- Сіздің болжамыңыз бойынша, биылғы жылы тағы да қандай «қара аққуларды» (еңбек қайшылықтары, ұлтаралық негіздегі қақтығыстар және т. б.) күтуге болады? Тағы бір өткір саяси дағдарыс болуы ықтимал ма? Ол қандай көрініс алады және оның салдары қандай болады?
- Сіздің атап өткеніңіз – еңбек қайшылықтары, ұлтаралық негіздегі қақтығыстар – осының барлығы бар және жақын болашақта да олар өздері жайлы ескертіп тұратын болады, өйткені олардың негізінде қарама-қайшылықтар шарына тығыз түйіліп қалған шешілмеген проблемалар жатыр. Енді оны қалай шешуге болады? – деген сұрақ туындайды. Ең айқын жауап: елімізде, қоғамның әртүрлі салаларында – сот және құқық қорғау жүйелерінде, білім беруде және экономикада реформалар жүргізу, қолданыстағы саяси институттарды реформалау. Тұрақтылықты жеке тұлғалар емес, жұмысқа қабілетті және тиімді институттар (оның ішінде партиялық жүйе, қоғамдық бірлестіктер, БАҚ) сақтайды. Бүгін айқын болғаны – бізде елеулі әкімшілік реформалар қажет болып отыр. Бірақ реформалар дегеніміз не? Бұл абстрактілі және түсініксіз болып естіледі. Бұл жаңа сапалы заңдарды әзірлеу және қабылдау дегенді білдіреді. Заң бұзушыны жауапқа тарту мүмкіндігі жоқ жағдайларда әрдайым озбырлық пайда болады, азаматтардың құқықтары бұзылып, бостандықтар жоққа шығарылатын болады.
Мәжілісте Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан ұсыныстары элитаның жеке бөлігі үшін жағымсыз болып табылады, сондықтан оның ішінде қарама-қайшылық тудыруы ықтимал. Мысал үшін, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының (ҰӘҚ) атына айтылған сынды алайық. Бірақ квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру қажеттілігі туралы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев те айтқанын еске сала кеткеніміз жөн. Оның нұсқаулары қасақана орындалмағаны мәлім. Елбасы қаржы-банк секторын да сынға алған болатын. Алайда, іс тағы да сөздерден әрі жылжымады. Енді дәл сол құрылымдарды Қасым-Жомарт Тоқаев сынға салып отыр. Бұл мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың ішкі жағындағы күшті қарсылықты білдіреді. Оны жеңу үшін тек ерік пен шыдамдылық көрсету қажет. Бірақ, белгілі бір заңда айтылғандай, кез келген әрекет қарсылықты тудырады. Біз кулуарлық күрестің, отставкаға жіберулердің, сондай-ақ, бәлкім, тұтқындаулардың да куәгерлері болатынымызды жоққа шығармаймын.
- Қазақстанның батысында басталып, содан кейін бүкіл ел бойынша тараған оқиғалар билік пен қоғам арасындағы коммуникацияның нақты арналарының жоқ екендігін көрсетті. Бір жағынан қарағанда, біздің мемлекет – еститін мемлекет сияқты, бірақ ол ештеңені тыңдамайтын және көрмейтін мемлекет. Көпшілікпен жұмыс істеудің дәстүрлі әдістері нәтиже бермейді және, керісінше, наразылықты тек күшейтеді. Өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері қажет екені анық. Бұл орталық деңгейінде де, өңірлерде де қандай тетіктер болуы мүмкін? Билік оларды жүзеге асыруға қаншалықты дайын және олар өз пікірлерін білдіруде қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыруға қаншалықты қабілетті?
- Дәстүрлі әдістер проблемаларды шешуді мұздатып тастады, бұл жайт әлеуметтік шиеленістер мен наразылық көңіл-күйлерінің тек өсуіне себеп болды. Шын мәнінде олар қоғамның көптеген мәселелеріне ешбір назар аудармай, елеусіз қалдырумен шектелетін. Бұл басын құмға көміп алып, өзі-өзін қауіптің жоқ екендігіне сендіретін түйеқұстың мінез-құлқына ұқсайды. Жаңа механизмдерді ойлап табудың мағынасы жоқ. Олар бұрыннан бар және дамыған елдерде қолданылып жатыр. Ол қоғам мен үкімет түрінде мемлекеттің арасындағы буфер ретінде қызмет ететін құрылымдар мен ұйымдар. Әңгіме саяси және қоғамдық бірлестіктер, БАҚ туралы болып отыр. Олар тек ұйымдар ғана емес, сонымен бірге олар өздерінің дәстүрлі функциялары бойынша (азаматтық бақылау, халықтың мүдделерін артикуляциялау және т.б.) байланыс арналарының өкілдері болып табылады. Өйткені, саяси партия өзінің бағдарламасын емес, әлеуметтік-экономикалық және басқа да мәселелерді шешуге деген өзіндік көзқарасын білдіреді, оны кеңінен талқылауға ұсынады. Шындығын айтқанда, бұл үшін бізде тиімді әрекет ететін партиялық жүйе болуы тиіс, саяси плюрализм болуы тиіс, өйткені оның жағдайында проблемаларды елеусіз қалдыру қиынға түседі.
- Саяси салада қалыптасып жатқан наразылыққа толы жағдай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі (ҰҚСК) қызметіне қатысты бұрыннан туындаған сұрақтарды өзектендіреді. Ол өткір пікірталастар мен қоғамның өткір мәселелері бойынша шешімдер әзірлеу алаңына айналады деп күтілген, сонымен қатар ол шын мәнінде қандай да бір жанжалдардың алдын алады деп көзделген болатын. Бірақ бұл жоспарлар сол қалпы орындалмайтын армандар болып қала берді. Қоғамдық наразылықты тудыратын барлық мәселелері жөнінде ҰҚСК дәстүрлі түрде үн шығармай отыра береді. Бізге осы құрылымның рөлі жөніндегі қиялдардан арылатын уақыт келген жоқ па?
- ҰҚСК бастапқыда ҚР президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылды. Одан ешкім шешімдер күткен жоқ, әсіресе жылдам шешімдерді. Егер тәртіпсіздіктер кезінде ҰҚСК неліктен үн шығармай отырғаны жайлы айтатын болсақ, онда осындай жауап беруге болады: тұрақтылық орнатылмағанша диалог жүргізу мүмкін емес.
Ойынның жаңа ережелері туралы тек ескі ережелерден бас тартқаннан кейін ғана айтуға болады
- Тұңғыш президенттің кез келген жағдайларға арналған өзінің «өрт сөндіру командасы» болғаны мәлім. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевқа бұл тұрғыдан алғанда қиындау: ол жалғыз және өзінің қол астындағыларға өте сирек жағдайларда сене алатыны анық. Сіздің ойыңызша, мемлекет басшысы мұндай сын-қатерді қаншалықты табысты атқарып келеді және таяу уақытта саяси саладағы қалыптасқан ойын ережелерінің түбегейлі қайта қалыптасуын күтуге болама? Егер солай болса, онда олар, негізінен, халық тарапынан билікке деген сенімінің осыншама төмен деңгейінде қаншалықты тиімді бола алады?
- Қазақстанда көптеген проблемалар дәл сол «өрт сөндіру командаларының» тұсында туындады. Жалпы, тексерілген және сенімді адамдарға сүйенетін бейресми көшбасшылық стилі тиімсіз болып табылады. Сенімді күшті институттарға, заңдарға, Конституцияға арттыру қажет. Тиімді саяси институттар жеке фактордың ықпалын төмендетеді, жауапкершілікті арттырады, меритократия қағидатын сақтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Команданы президент таңдамау керек, ал лайықты, құзыретті, тиімді басшыларды жақсы жұмыс істейтін жүйе таңдауы тиіс. Жұмыс істеуге қабілеті жоқ институттарға, құрылымдарға, билік органдарына, тіпті олардың басшылығына қандай сенім болуы мүмкін? Әлбетте, ешқандай. Егер президент тарапынан жеке сенім қағидаты бойынша қалыптасатын «өрт сөндіру командалары» форматындағы жұмыс одан әрі жалғасатын болса, онда елімізде ештеңе өзгермейді. Тек өрт сөндірушілер ғана өзгереді. Мұндай тәжірибе өзінің жағымсыз жақтарын көрсетті. Сондықтан ойынның жаңа ережелері туралы ескі ережелерден бас тартқан кезде ғана айтуға болады.
- Сайлау жүйесіндегі, партиялық құрылыстағы, парламент қызметіндегі ықтимал (немесе күтілген) өзгерістер жайлы өз көзқарасыңызбен бөлісіңізші. Жақын арада Қазақстанда жаңа нақты (Мамай немесе Әлтаев сияқты бутафорлық емес) оппозициялық күштердің пайда болуы мүмкін бе? Олар қандай мағынаға ие болуы мүмкін және оған не ықпал етеді, ал не нәрсе қарсы тұрады?
- Қазіргі уақытта партиялық және сайлау жүйелеріндегі ықтимал өзгерістер туралы айту – қиялдармен бөлісумен бірдей. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған партиялық жүйе де, сайлау жүйесі де тиімсіз екені анық. Ал егер солай болса, онда бізде тиімсіз оппозиция және биліктің тиімсіз заң шығарушы тармағы әрекет етіп жатыр. Әзірге біз мәселені тек ішінара шешетін шектеулі түзетулерді ғана заңға еңгізгенін көрдік. Сондықтан сайлаушыға дауыс беру құқығын жүзеге асыруға, ал партияларға – ашық және бәсекелестік күресте жеңіске жетуге мүмкіндік беретін жаңа сайлау туралы заңды және саяси партиялар туралы заңды қабылдау оңайырақ болады.
- Дегенмен, қаңтарда орын алған қиратуларға оралайық. Президент олардың ұйымдастырушыларын және оған қатысушыларды әлеуметтік желілерде деструктивті қызмет жүргізетін демагогтардың қатарына қосты. Сіз жеке өзіңіз ақпараттық және идеологиялық салаларға байланысты қандай өзгерістерді күтесіз? Мысалы, біздің билік Ресейдің үлгісі бойынша «Гуглға», «Фейсбукке» және басқа да осыған ұқсас ресурстарға, сондай-ақ «шетелдік агенттерге» қатысты реттеушілік шараларды күшейтуге барады деген ықтималдылық, сіздің ойыңызша, қандай?
- Интернет-кеңістікті реттеуде онша үлкен мағына көріп отырғаным жоқ. Мұндай шаралар тұрақтылықты нығайту және «бөтен» идеялардың қоғамдық санаға әсерін азайту мақсатында қабылданатын. Бірақ бұл жалпы ұстаным. Мен тағы да қайталап айтамын: тұрақтылық шектеулерге емес, жұмыс істейтін институттарға негізделген. Бұл дегеніміз, назарды кедергілер мен шекараларға емес, бәсекеге қабілетті БАҚ-ты, әлеуметтік желілерді құруға аудару керек. Ақыр соңында, біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз, көптеген салалар интернет-ортаға «кетіп жатыр». Бұл тиімді және сапалы. Ал әлеуметтік желілермен күрес қазірдің өзінде экономикалық қызметтің шектелуіне алып келеді. Реалист болуымыз керек. Екі нұсқа бар: немесе дамыған елдердегідей әрекет ету – шектеу емес, дамыту, немесе басқаларды қуып жетуге тырысатын, дамушы ел болып қала беру. Ал соңғылардың тағдыры қызығарлықсыз болады.