Қазақстандық жанкүйерлердің көңілін әбден қалдырған Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарынан кейін елімізде бұқаралық және балалар спортына басты назар аудару қажеттілігі жөнінде бұрынғыдан да қатты дауысты айтыла бастады. Және мұнымен келіспеу қиын. Ал жоғары жетістіктер спортты мемлекет тарапынан қаржыландыруды тоқтатып, оны өз бетінше әрекет етуі үшін нарықтық ортаға аттандаруға шақырулар жиірек естіліп жатқанына келетін болсақ, мұнда барлығы соншалықты бірмәнді емес. Менің ойымша, бұл – жағымсыз нәрселерден арылуға тырысып, керек нәрселерді де жоғалтып алуға болатын жағдай сияқты.
Бұқаралық, балалар спорты, кәсіби, олимпиадалық спорт...
Алдымен ұғымдарды анықтап алайық. Бұқаралық спорт немесе барлығына арналған спорт-бұл кеңестік дәуірде «дене шынықтыру» деген, қазір онша колданылмайтын сөздің бір түрі. Мұнда әңгіме жақсы денсаулық пен сергектік үшін және бос уақытты пайдалы өткізу үшін ғана дене жаттығуларын жасау жөнінде, фитнес клубтары мен секцияларына бару жөнінде, ойын спортымен айналысу жөнінде және т.б. жайлы болып отыр. Бұқаралық спорт мектеп жасына дейінгі балалардан бастап, қарт адамдарға дейін барлық жастағы адамдарды қамтиды. Әрине, олар қандай да бір жарыстарға қатыса алады, бірақ бұл тек қосымша бонус ретінде ғана берілетін нәрсе.
Балалар спортының міндеттері одан гөрі кеңірек. Иә, бұл жерде де ата-аналар да, мемлекет те ең алдымен дене жағынан сау азаматтарды тәрбиелеп өсіруді көздейді, сондықтан әртүрлі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептеріне (БЖСМ) баратындардың көпшілігі үшін бұл хобби сияқты нәрсе болып қала береді. Бірақ сонымен қатар олардың арасында «табиғи сұрыптау» өтіп жатады: жасөспірімдердің белгілі бір бөлігі (ең дарынды, өршіл және «жұлдызды» болашақ үшін жаттығуда аянбай еңбек етуге дайын балалар) сапалық жағынан басқа деңгейге жетуге, кәсіби спортшы болуға мүмкіндік алады. Осы ретте, бүгінгі қазақстандық шындықта, бұл негізінен жеткіліксіз қамтамасыз етілген, жиі әлеуметтік мәртебесі төмен отбасылардың балалары: олар үшін спорт, шын мәнінде, өз тағдырын қалай да болса реттеудің жалғыз мүмкіндігі, өйткені онда өмірдің басқа салаларынан айырмашылығы – бай ата-анасы және пайдалы байланыстары болмаса да, бәсекеге қабілетті және табысты болуға мүмкіндік бар. Басқаша айтқанда, бұл біздің жағдайымызда осындай балалар үшін жалғыз дерлік әлеуметтік лифт болып табылады.
Ол балалардың мақсаты – немесе жоғары жетістіктер спортының, немесе кәсіби спорттың орбитасына шығу. Бұл жерде «немесе» деген сөз кездейсоқ қолданылған жоқ. Осы екі ұғымның арасында жиі теңдік белгісі қойлатынына қарамастан (екі жағдайда да «қызмет ету субъектілері» негізінен кәсіпқой атлеттер, яғни осылайша өз ақшасын табатын адамдар) олар бір нәрсені білдірмейді.
Кәсіби спортты шоу-бизнестің бір түрі ретінде, ұлттық шекараны білмейтін (кәсіптік лигалар мен клубтарда, спортшылардың елі ерекше рөл атқармайды), ең алдымен коммерциялық табысқа бағытталған және өз бетінше өмір сүретін сала ретінде қарастыру керек. Теориялық тұрғыдан бұл жерде мемлекеттің қатысуы болмауы керек, ал егер ол қандай да бір жерде әлі де бар болса, мысалы, Қазақстанда, Ресейде сияқты, онда мұны социалистік өткеннің мұрасы (немесе реликті нәрсе) ретінде бағалауға болады. Осы тұрғыда біздің кәсіби спорт Ресей Федерациясына қарағанда бюджеттік қаржыландыруға әлдеқайда көбірек тәуелді.
Үш жыл бұрын біздің бейіндік министрлік Фируза Шәріповаға кәсіпқой рингтегі кезектегі жекпе-жегі алдында 74,8 миллион теңге бөлген болатын. Сол кезде министрдің бұйрығымен ММА (аралас жекпе-жек) еліміздегі бюджет ақшасына құқығы бар басым спорт түрлерінің тізіміне («А» тобы) енгізілді. Тіпті Ресейде де мұндай нәрсе жоқ. Ал АҚШ-тың, Германияның немесе басқа батыс елдерінің үкіметтік құрылымдары профи-боксты немесе «ережесіз жекпе-жек» деп аталатын ойынды қаржыландырады деп елестету мүмкін емес. Футбол, хоккей және басқа клубтарға қатысты жағдай да осындай. Егер олар кәсіпқойлық мәртебесіне ие болғылары келсе, олар өзін-өзі қамтамасыз етуі тиіс немесе жеке демеушілердің «қолдауында» болуы қажет.
Ал жоғары жетістіктер спорты – ол басқа. Мысалы, оның ең маңызды сегменті – Олимпиадалық қозғалысты алайық. Иә, 1980 жылдардың ортасынан бастап ол коммерциялану үдерісінен өтіп, бұрын Олимпиадаға қатысуға рұқсат етілмеген кәсіпқой спортшыларға – теннисшілерге, велошабандоздарға, баскетболшыларға, т.б. жол ашты. Бірақ қанша дегенмен, оның негізгі міндеті – коммерциялық табысқа жету емес (алайда ол өзінің тәуелсіздігін сақтап қалу үшін табыс табуға ұмтылады), адамда физикалық және рухани кемелділікті қалыптастырудың, бейбітшілік пен халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды құралы ретінде спортты дамыту және насихаттау. Сонымен қатар, онда, кәсіпқой спорт түрінен айырмашылығы, ол спортшылардың айқын көрсетілген елдік сәйкестігін сақтайды, бұл мемлекеттің халықаралық аренадағы орны мен оның бәсекеге қабілеттілігін көрсету және ұлттық мақтаныш сезімін тәрбиелеу тұрғысынан үлкен маңызға ие.
Мемлекеттің қолдауынсыз болмайды
Дәл сол себептен әлемдегі барлық дерлік елдердің үкіметтері (бәлкім, жалғыз ерекшелік – Америка Құрама Штаттары шығар) олимпиадалық спорт түрлерін қандай да бір жолмен қаржыландырады. Сонымен қатар, мұндай түрлердің көпшілігінде, соның ішінде жеңіл атлетика, жүзу, есу, шаңғы жарысы және т.б. сияқты ең «медальды» түрлерінде жайлы өмір сүруге жеткілікті ақша табу мүмкін емес.
Иә, жекелеген спортшылар мықты жарнамалық келісім-шарттарға қол жеткізеді, кейбір жерлерде Әлем кубогы кезеңдері, «Гран-при» турнирлері және әлем чемпионаттарында табысқа жеткені үшін тиісті халықаралық федерациялар төлейтін жүлде сомалары бар. Бірақ келісім-шарттар да, жүлделі ақшалар да бірнеше адамға ғана – ең жақсылардың үздіктеріне, «жұлдыздарға» беріледі. Ал олардың қатарына ену үшін жылдар бойы жаттығып, түрлі жарыстарға қатысу арқылы – әуелі жастар арасында, сосын юниорлар арасында, содан кейін жастар арасында жарыстарға қатысу арқылы шеберлік пен тәжірибе жинақтау керек... Ал спортшылардың қалыптасуының осы кезеңінде олардың кейбіреулері болашақта жоғарыға көтерілуі мүмкін, мұнда мемлекеттік қолдаусыз болмайды – әйтпесе ұлдар мен қыздар спортпен шұғылдануды тастап кетеді.
Содан кейін, тіпті «жұлдыздар» да өз елдерінде біреулермен бәсекеге түсуі тиіс, әйтпесе олар «тоқырауға ұшырайды», қажетті бәсекелестік тәжірибесінен, лайықты спарринг серіктестерінен айырылады. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда көшбасшыларды алмастыратын кадрлық резерв болуы керек. Демек, әр спорт түрінен еліміздің ішінде азды-көпті бәсекеге қабілетті спортшылардың белгілі бір шеңбері болғаны абзал. Ал оларды тек мемлекет қана қаржылауға қабілетті.
Спортшының өзі басқа кәсіппен айналысу арқылы ақша тауып, негізгі жұмысынан бос уақытында ғана жаттығу жасап және жарыстарға қатысып күн көретін нұсқасы бүгінде жұмыс істемейді. Жоғары жетістіктер спортындағы жүктеменің артқаны сонша, егер әлемдегі ең мықтылармен тең дәрежеде бәсекелесу міндеті тұрса, ол басқа ештеңеге алаңдамай, толығымен спортпен ғана айналысуға тиіс. Айтпақшы, көптеген адамдар түсінетін шығар: қазіргі физикалық күш салуды талап ететін жоғары жетістіктер спорты, бұқаралық және балалар спортынан айырмашылығы, мүлдем сауықтырмайды – ол, керісінше, денсаулықты бұзады.
Жоғары жетістіктер спорты Қазақстанда бізге қажет пе? Егер қажет болса, оның мемлекет тарапынан қаржыландыруымен келісуге тура келеді, әсіресе, біздің елде қолдау көрсетудің басқа түрлері (патронаж, демеушілік, әлеуетті жарнама берушілерден қаражат тарту) жаңадан ғана дамып келеді. Егер олай болмаса, онда мемлекет жыл сайын 15 миллиард теңгеге жуық немесе республикалық бюджеттің 0,2 процентін босатыға мүмкіндік алады, бірақ мұндай жағдайда қазақстандық спортшылардың Олимпиада және Азия ойындарына, Әлем чемпионаттарына және тағы басқа ірі халықаралық жарыстарға қатысу туралы ұмытуға тура келеді.
Тағы бір сұрақ туындайды: егер біздің елімізге жоғары жетістіктер спорты қажет болса, онда ол не үшін қажет? Біріншіден, балалардың БЖСМ-ге баруға және онда шындап жаттығуға деген ынтасы болуы үшін. Оларды спорттың денсаулыққа пайдасы бар деп сендіру қиын, бірақ атаққа ие болу, «жұлдыз» болу, біреудің кумиріне айналу перспективасы өте жақсы мотивация бола алады. Екіншіден, бұл «әлеуметтің төменгі жақтағындағы» балалар үшін жоғарыға шығудың өте аз жолдарының бірі. Үшіншіден, елдің спорттық жетістігі оның имиджін көтеруге дипломатиялық күш-жігер мен шығынды іс-шараларға қарағанда әлдеқайда көбірек ықпал етеді. Оның үстіне, бізде, Қазақстанда, әлемге лайықты және назар аударуға тұрарлық нәрсені көрсете алатын өмір салалары өте аз, ал жоғары жетістіктер спорты осы өте тар шеңберге кіреді.
Жоғары жетістікре спорты шешуге тиіс деп аталған үш міндет оны ұйымдастыруға сәйкес көзқарастарды талап етеді. Бір жағынан, барлығына қол жетімді, «демократиялық» және үлкен қаржылық салымдарды қажет етпейтін спорт түрлерін – боксты, күресті, ауыр атлетиканы дамыту қажеттілігі өзекті күйінде қалып отыр… Бұл әсіресе ауылдарға, селоларға, шағын аудан орталықтарына қатысты. Екінші жағынан, әлемде әлдеқайда танымал және неғұрлым «медиалық» олимпиадалық спорт түрлері – жеңіл атлетика, жүзу, гимнастика, веложарыстар (тізімді жалғастыруға болады) бар екенін есте сақтау керек, олар арқылы еліміздің имиджін белсенді және тиімдірек насихаттауға болады. Ал мұнда белгілі бір тепе-теңдік қажет...