Жақында ғана, 6 наурызда, футболдан кезекті ел чемпионаты басталды. Және дәл сол күні Қазақстанның алғашқы чемпионатын өткізу туралы шешімге тура 30 жыл толды, оған сол кезде ҚР Футбол қауымдастығын қоғамдық негізде басқарған Алматы қаласы әкімшілігінің басшысы Заманбек Нұрқаділов қол қойды. Ал бүгінгі әңгімеміз – осы шешімнің алдында не болғаны туралы, соңғы үш онжылдықта ел чемпионаты қалай өзгергені жөнінде болмақ.

Посткеңестік «алдау»

...1992 жылдың басында, Одақ түпкілікті ыдырағаннан кейін, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Футбол федерацияларының ассоциациясы – ТМД ФФА құрылды. Ол КСРО Футбол федерациясының құқықтық мұрагері болды, оның төрағасы Вячеслав Колосков (қазіргі Ресейлік футбол одағының президенті) жаңа ассоциацияның басшысы болып сайланды. Дәл сол кезде ол ТМД елдерінің ашық чемпионатын өткізуді ұсынды. Кейін Колосковтың өзі мұндай қадамды өтпелі кезеңнен аман-есен өту үшін (ол екі-үш жылға созылуы мүмкін), жаңа тәуелсіз мемлекеттер ФИФА-ның тәуелсіз мүшелері болғанға дейін, уақытша, бірақ қажетті қадам деп есептейтінін айтты. Одан басқа тағы бір жағдай болған: үш ай бұрын Одақ құрамасы өзінің іріктеу тобында итальяндық және басқа командаларды басып озып, Еуро-1992 финалдық турниріне жолдама алды және ТМД ФФА атынан КСРО футбол федерациясының мұрагері ретінде өнер көрсетуі керек еді.

Ол кезге таман Украина, Армения, Молдова, ал одан бұрынырақ Грузия және Балтық жағалауындағы үш республика өздерінің ұлттық чемпионаттарын өткізуге шешім қабылдап қойған. Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан қалды. Оның үстіне «сепаратисттік» Абхазия мен Приднестровье оларға қосылуға шешім қабылдады. Біріккен лига құрылады деп жоспарланған, оған ең мықты клубтар еңгізілуі тиіс болып, қалған барлық командалар өздерінің ішкі чемпионаттарына (кеңес заманында өткізілген аймақтық турнирлерге ұқсас) қатысады деген ой болған.

Бұл біріккен лигаға Қазақстаннан тек алматылық «Қайрат» қана еңгізілді, ал мысалы, Өзбекстаннан – ташкенттік «Пахтакор», ферғаналық «Нефтяник» және наманғандық «Новбахор» еңгізілді. Өйткені, олар КСРО-ның соңғы чемпионатының нәтижелерін ескере отырып, спорттық принцип бойынша қалыптастыруды шешті, ал онда «Қайрат» жоғары лигада емес, бірінші лигада тек 14-ші орынға ғана ие болды. Ол турнирлік кестеде «Нефтяник» және «Новбахор» командаларынан төмен орналасты («Пахтакор» тіпті элиталық дивизионда ойнаған болатын). Ал барлығын алғанда, біріккен чемпионатта 22 команда өнер көрсетуі керек еді: Ресейден – 11 команда, оның ішінде бес мәскеулік команда, Өзбекстаннан – 3, басқа республикалардан – бір-бірден.

Оларды жеребе тарту арқылы екі топқа бөлді. Қайрат мәскеулік ЦСКА және «Торпедо» клубтарымен, минскілік «Динамо» және сухумилік «Динамо», «Пахтакор», «Новбахор» клубтарымен, сондай-ақ Владикавказ, Волгоград, Ростов және Екатеринбург қалаларының клубтарымен бір компанияға түсті. Чемпионат 1 наурызда басталуы керек еді. Алайда мәскеулік командалар оған қатысудан бас тартты. Бұған жауап ретінде Әзірбайжан, Қазақстан және Орталық Азия республикаларының өкілдері: егер осылай болса, онда ТМД футбол федерацияларының ассоциациясы да болмайды деп хабарлады. Ал мұндай жайт Достастық құрамасының Еуро-1992 финалдық турниріне қатысуына қауіп төндірді.

Барлық тәуекелдерді жою үшін Колосков (сол кезде басқа нәрселерге қоса, ФИФА вице-президенті) ақпан айының соңында осы республикалардың футбол функционерлерімен кездесіп, оларға барлық қолдау көрсетуге уәделенді және 1992 ж. соңында немесе келесі жылдың басында жақсы жүлде қоры бар ТМД елдерінің чемпиондарының турнирін ұйымдастыруға уәде берді. Келісімге қол жеткізілді, республикалардың әрқайсысы өз ұлттық чемпионатын өткізуге шешім қабылдады, ал 1993 жылы қаңтарда Колосков уәде еткен Достастық Кубогы өтті, содан кейін ол жиырма жыл бойы жыл сайын өткізіліп отырды.

Еуро 1992-де КСРО құрамасында ресейліктер, украиндар, бір грузин және бір белорус өнер көрсетті. Турнир басталардан он күн бұрын, 30 мамырда, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Югославияға кешенді санкция салып, бұл елдің ұлттық құрамасы Еуропа чемпионатына қатысудан шеттетілді. Оның орнына Дания командасы келді, оның ойыншылары демалыстарын үзіп, Еуро чемпионатына келіп, француздарды, голландтарды, немістерді (бұрынғы үш чемпионаттың алтын жүлдегерлері) бас матчтарда жеңіп, ешкім күтпеген жерден континенттің чемпиондары атағына ие болды.

Бүгінде, отыз жыл өткеннен соң, біз осыған ұқсас нәрсенің куәсі болып отырмыз – енді Ресейге қарсы ауқымды халықаралық санкциялар және оның футбол командасы 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінің шешуші матчтарына қатысудан шеттетілді.

Бизнес құрылымдарың қолдауында

Алғашқы Қазақстан чемпионаты 1992 жылы 19 сәуірде Алма-Атада (Алматы деп өзгертілген атауын қала келесі жылы иемденеді) «Қайрат» пен «Ақтюбинец» арасындағы ойынмен басталды. Чемпионатқа қатысқысы келгендердің барлығына қатысуға рұқсат етілді, сондықтан бастапқы кезеңде 25 команда жиналды, оларды екі топқа бөлуге тура келді. Расын айтқанда, олардың біреуі көп ұзамай турнирден шығып кетті, ал 24-і сол турнирдің аяқталуына дейін болды. Алтын медальдерді «Қайраттың» ойыншылары жеңіп алды.  

Бір жыл өткеннен кейін чемпионатқа одан да көп клуб қатысты – 26 команда. Жаңадан келгендердің қатарында тек этникалық негізде құрылған алматылық «Намыс» да болды – оның ойыншыларының барлығы қазақ ұлты болды (идея республикалық «Спорт» газетінің редакторы Несіп Жүнісбаевке тиесілі еді). Бірінші кезеңде олар салыстырмалы түрде жақсы болып көрінді, бірақ екінші кезеңде, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалу үшін күресуге тура келгенде, олар өте сирек ұпай жинап, нәтижесінде 24-ші орынға жайғасты. Келесі екі маусымды «Намыс» бірінші лигада өткізді, ал содан кейін қаржы тапшылығына байланысты таратылды.  

1990 жылдардың бірінші жартысында клубтардың онша көп ақшасы болмады, сондықтан олардың құрамында қазақстандық ойыншылардан басқа бұрынғы одақтас республикалардың футболшылары (өте сирек жағдайларды қоспағанда) ғана болды. Бірақ кейіннен басқа елдердің ойыншылары да келе бастады. Сөйтіп, 1996 жылы сол кездегі ішкі біріншілікте ең мықты болған семейлік «Елімай» екі бразилиялықты шақырды. Ал алыс шетелден келген «пионерлер» арасындағы ең жарқыны 1999 жылы павлодарлық «Ертіске» келіп, бір жылдан кейін қуғыншыларынан ірі есеппен Қазақстан чемпионатының бомбардирі атанған Нилтон Мендесті атауға болады.

1990 жылдардың екінші жартысы көптеген футбол клубтарының ірі бизнес құрылымдарының, соның ішінде шетелдіктердің де қанатының астына өтуімен ерекшеленді, бұл жайт олардың атауларында көрініс тапты. 1997 жылы Қарағанды ​​командасы «Шахтер Испат-Кармет» деп атала бастады, ал қызылордалық команда «Қайсар-Дауыл» болды: біріншісіне металлургиялық зауыттың иелігін алған Лакшми Митталдың Ispat International халықаралық тобы, ал екіншісіне – «Южнефтегаз» АҚ акцияларын сатып алған канадалық мұнай компаниясы демеушілік жасады.   

Одан кейін павлодарлық «Ертіс» өз атауына «Бастау» (арақ зауыты) префиксін, семейлік «Елімай» – AES префиксін (америкалық энергетикалық компания), өскемендік «Шығыс» – «Алтын» префиксін (алтын өндіру кәсіпорны) қосты. Алматылық «Қайрат» екі командаға бөлініп, бір команданың иесі Болат Әбіловтің «Бутя» компаниясы болды. Петропавл клубы тіпті жыл сайын атауын өзгертті: 1999 – «Access- Есиль» («патронажды» американдық Access Industries концернінің филиалы қабылдады), 2000 – «Аксесс-Голден Грейн» (демеуші ретінде астық компаниясы қосылды), 2001 – «Есіл-Богатырь» (көмір өндіру кәсіпорны). Аталған командалардың барлығы сол кезде отандық футболдың көшбасшыларының қатарына кіретін.

Дегенмен, олар ақшаға шомылды деуге болмайды. Мен бір ғана мысал келтіремін. 1998 жылы Қазақстан чемпионатында ең үлкен бюджет «Қайсар-Харрикейнде» болды. Соның арқасында қызылордалық клуб бір жыл бұрын әлем чемпионатының іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсеткен ұлттық құрама командасынан бірнеше ойыншыны тартты. Бұл арада әңгіме жылына шамамен 800 мың доллар жайлы болды. Салыстыру үшін: бүгінде Қазақстан премьер-лигасында әрқайсысы жыл сайын 300-400 мың доллар алатын футболшылар бар, ал, мысалы, Андрей Аршавинге «Қайратта» жылына кем дегенде бір жарым миллион доллар төленген болатын.

Теріс әсер беретін ақша

«Нөлдік» жылдардың басындағы «қара алтынға» әлемдік бағаның қарқынды өсуі және одан кейінгі елге мұнай долларларының ағынының күрт артуы футбол клубтарының бюджеттерінің күрт өсе бастауына әкелді. Ал енді оларды бизнес құрылымдары емес, облыс әкімдіктері қаржыландыра бастады. Өңір басшылары мұны өздерінің бос әуре-сарсаңдарын (кімнің командасы ең керемет екендігі үшін бәсекелестік), оның үстіне қаржылық мүдделер, егер олардың өздерінде болмаса да, жақындарында, әрине, болды, өйткені «бәліш» неғұрлам үлкен болса, соғұрлым одан көбірек тістеп алуға болады.

Мұндай, былайша айтқанда, бәсекелестікте «Ақтөбе» мен қостанайлық «Тобол» басқаларына қарағанда көбірек табысқа жетті: 2000 жылдардың екінші жартысында осы клубтардың әрқайсысының жылдық бюджеті 10 миллион доллардан асатын. Олар негізінен Қазақстан чемпионатының «алтыны» үшін күресті. Басқа облыстарда командаларды қаржылауға азырақ болса да, бірақ сонда да айтарлықтай сома жұмсалатын. Алыс шетелдерден білікті (демек, қымбат) ойыншыларды шақыру мүмкіндігі пайда болды. Олардан басқа, Ресей мен Украинаның бұрынғы ойыншылары келе бастады, ал Беларусь, Өзбекстан, Балтық жағалауы республикаларынан олардың ұлттық құрамаларының ойнап жүрген футболисттері келе бастады. Мұндай ағын қазақстандықтардың, тіпті «құрамадағылар» да өз командаларында шетте қалуына әкелді.

2008 жылы екі астананың клубтары да бюджет үшін тартысты көтере алмады: «Астана» өз қызметін тоқтатты, ал «Қайрат» банкрот деп танылып, жаңа заңды тұлға ретінде келесі маусымды бірінші лигада өткізді.

Алайда көп ұзамай, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының арқасында, Астанада жаңа клуб пайда болды, ол 2013 жылы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры (ҰӘҚ) шаңырағының астына ауысып кетті. Ал «Қайрат» 2012 жылы «КазРосГаз» компаниясы мен оның жетекшісі, клубтың иесі Қайрат Боранбаевтың қамқорлығын алғаннан кейін шынымен қайта жанданды.

Дәл осы екі команда алдағы жеті жыл бойы қазақстандық премьер-лигасының талассыз көш басшылары болды, және тек соңғы екі жылда ғана олардың дауына «Тобол» араласып тұрды. Ал 11 маусым қатарынан (2005-2015 ж.) жеңімпаз атанған, оның ішінде бес дүркін чемпион атанған «Ақтөбеге» келетін болсақ, оны да қаржылық қиындықтар айналып өтпеді, сондықтан ол 2019 жылы жоғарғы дивизионнан кетуге мәжбүр болды. Бұл ретте Ақтөбе футболға ең белсенді және адал жанкүйерлері бар шаһар болып қала береді.

Клубтарға өте қомақты қаржы құю, оларға қымбат шетелдік ойыншыларды тарту Қазақстанға УЕФА коэффициенттер кестесінде жоғары көтерілуге ​​мүмкіндік берді, бұл ұлттық чемпионаттардың деңгейін де көрсетеді – он бес жылда (2005-2020) ол 49-орыннан 24-орынға көтерілді. Бұған басты үлесті жыл сайынғы бюджеті 30 миллион долларға жеткен «Астана» қосты (Швеция, Дания, Сербия, Хорватия және бізден жоғары орналасқан бірқатар елдерде олардың ең мықты клубтары да мұндай қаржыландыруды тек қана армандай алады). Алайда соңғы екі жылда Қазақстан бұл кестеде 29-орынға түсіп қалды. Ал динамикаға қарағанда, алдағы жылдары келеңсіз тенденция жалғасады.

Ал ең бастысы – ішкі чемпионатта орын алған өзгерістер ұлттық құраманың деңгейін көтеруге әкелмеді: «нөлдік» жылдардың ортасындағыдай, бүгінде ол әлемде 120-шы орында және Еуропада 45-ші орында (ФИФА рейтингі бойынша).

Бұдан кейін не болады?

Алдынғы жылдары қазақстандық  премьер-лигасының стандарттары бойынша орташа клубтың бюджеті екіден үш миллиард теңгеге дейін (5-7 миллион доллар) болатын. 2020 жылдың қыркүйегінде ел президенті тәбетті азайтуға шақырса, өткен жылдың басында Мәдениет және спорт министрлігі 800 миллион теңге шегін белгілеуді ұсынған болатын. Шындығын айтсақ, кейінірек, 2021 жылдың мамырында «футбол лоббисінің» қысымына көніп, оны жоғарылату жағына өзгертіп, көтерді – 1,2 миллирдқа дейін. Осы маусымнан бастап бұл мөлшерлеме барлығына міндетті болуы тиіс.  

Әрине, сөз бюджеттік қаржыландыру туралы болып отыр, ал демеушілік қаражатты шектеусіз тартуға болады. Бірақ бұл ереже «Индустрия мен туризмді қолдау қоры» арқылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-нан, яғни квазимемлекеттік құрылымнан қаражат алатын «Астана» футбол клубына қатысы бар-жоғы онша түсінікті емес. Чемпионатқа қатысушылардың барлығы тең дәрежеде болуы тиіс сияқты деген ой бар...