Ресеймен және ЕАЭО-ның басқа елдерімен салыстырғанда жалақысын, халықтың сатып алу қабілетін және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының дәрежесін сипаттайтын басқа да негізгі көрсеткіштер бойынша Қазақстан қандай болып көрінеді? Бұл сұрақтарға кейбір жауаптарды «Әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер» деп аталатын Еуразиялық экономикалық комиссиясының бюллетенімен танысу арқылы алуға болады. Онда 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының мәліметтері ұсынылған.
Кім және қанша алады
Көрсетілген кезеңде тұтастай алғанда Қазақстанда орташа номиналды жалақы 240 524 теңгені немесе ресми бағам бойынша 567 долларды құрады. Бұл Ресейдегіден (735 доллар) айтарлықтай аз, Беларусьтегіден (533) сәл ғана артық, ал Армениядағыдан (376) және Қырғызстандағыдан (229) айтарлықтай жоғары. Егер біз бірінші жартыжылдықтың соңғы айын, маусым айын, бөлек алатын болсақ, онда Ресейде бұл көрсеткіш 811-ге дейін, Беларусьте 569-ға дейін өсті. Бюллетеньде біздің елдің атауының қарама-қарсысында сызықша тұр. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, осы айда республикадағы орташа жалақы 242,542 теңгені немесе 571 долларды құрады. Яғни, Беларусь бізге тызыз жақындап қалды, ал Ресей бізден одан әрі асып кетті.
Адамның қанша табыс табатыны – бұл, әрине, өте маңызды. Бірақ ол осы жалақыға ол не сатып ала алатыны, басқаша айтқанда оның сатып алу қабілеті, одан да маңызды. Оны мүмкіндігінше түсінікті етіп көрсету үшін, бұл жолдардың авторы бюллетеньдегі мәліметтерге сүйене отырып, ЕАЭО-ға мүше болып табылатын үш елдің орташа жалақы алатын азаматтары кейбір азық-түлік өнімдерінің қандай мөлшерлемесін сатып ала алатынын көрсететін кесте құрастырды. Әңгіме қазақстандықтар, ресейліктер және белорустар жөнінде болып отыр.
Қандай өнім қазақ үшін ең басты? Жауап, менің ойымша, анық: ол ет. Біздің елімізде ең көп желінетін сиыр еті – оны қой етін, жылқы етін және тауық етін қосып алғандағыдан да көп жейді. Қой етіне және жылқы етіне қатысты салыстырмалы деректер жоқ. Ал еттің барлық басқа түрлерін (сиыр етін, құс етін, шошқа етін), орташа жалақы табатын қазақстандық ресейлікке қарағанда шамамен бір жарым есе, ал белорусқа қарағанда 25-30 процентке азырақ сатып ала алады. Өткен жылы біз бір адамға шаққанда астықты ресейліктерден көбірек өндіріп, ал белорустармен бірдей өндіргенімізге қарамастан, біз ЕАЭО-дағы әріптестерімізден тіпті ұнға қатысты да сатып алу қабілеті бойынша төменбіз. Шындығын айту керек, бізде пісірілген нанға қатысты артықшылық бар – бұл оның бағасы Қазақстанда реттелетінімен түсіндірілетін болар.
Кейбір кәсіптер өкілдерінің табыстарын салыстыру қызықты болар еді. Мысалы, Қазақстан Республикасында да, Ресей Федерациясында да ең жоғары жалақыны өндіруші өнеркәсіп сияқты салада жұмыс істейтіндер алады (Қазақстанда 1145 доллар және Ресейде 1340 доллар), қаржылық және сақтандыру қызметі (сәйкесінше 1047 және 1605), ақпараттандыру және байланыс (786 және 1234). Айтпақшы, соңғы жағдайда ЕАЭО бойынша көшбасшы Ресей емес, Беларусь – онда «IT мамандары» және байланыс қызметкерлері орташа есеппен 1873 доллар алады. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы ең төмен жалақы алатын жұмысшылардың жалақысының коэффициенті келесідей болып отыр: ауыл, орман және балық шаруашылығы – тиісінше 311 және 483, сумен жабдықтау мен кәріз қызметтері – 337 және 519. Салыстыру өмірдің жиырмаға жуық саласын қамтиды және олардың тек екеуінде (тұру мен тамақтану бойынша қызметтер, сондай-ақ әкімшілік қызмет пен осы саладағы қосымша қызметтер) қазақстандықтар ресейліктерге қарағанда көбірек табыс табады.
Білім беру жүйесіндегі жұмысшылардың жалақысына бөлек тоқталып кеткеніміз жөн болар. 2000 жылдардың соңында Ресей Федерациясының басшылығы федерацияның әрбір субъектісіндегі мұғалімдерге еңбекақы төлеу деңгейін осы аймақ бойынша орташа деңгейге жеткізу міндетін қойды. Оны толық көлемде орындау мүмкіншілігі болмады, бірақ соның өзінде де тиісті шаралар қабылданды, сондықтан 2016 жылы ресейлік мұғалімдер қазақстандық әріптестерінен орташа алғанда екі есе көп жалақы алды. Ал бүгінде, бес жыл өткеннен кейін, айырмашылық айтарлықтай төмендеді – 609 және 502 доллар. Егер сол 2016 жылы біздің еліміздегі орташа статистикалық білім беру жұмысшының жалақысы барлық салалар бойынша орташа жалақының 60%-нен аз болса, қазір бұл көрсеткіш 88,5%-ке дейін өсті (салыстыру үшін: сол Ресейде бұл 82,8% құрайды, яғни, Қазақстанға қарағанда төмендеу). Және бұл өте жақсы тенденция, өйткені білім беру жүйесі – басты сала, ал мұғалім – біздің еліміз қажет етіп отырған жаңғырту тұрғысынан басты тұлға. Енді мұғалімдердің кәсіби дайындық деңгейін жақсартса жақсы болар еді.
Ең төменгі еңбекақы мөлшері, ең төменгі күнкөріс деңгейі және көші-қон
Алайда, көптеген сарапшылар орташа жалақы медиандық жалақымен салыстырғанда онша объективті емес суретті көрсетеді деп есептейді. Бұл барлық жұмысшыларды екі тең бөлікке бөлетін мән: жұмысшылардың жартысы жалақыны осы деңгейден жоғары алады, ал екіншісі одан төмен жалақы алады. Еуразиялық комиссия бюллетенінде ол туралы айтылмайды, бірақ ұлттық статистикалық қызметтердің мәліметтері бойынша, өткен жылы Қазақстанда медиандық жалақы 142 300 теңгені (335 доллар), ал Ресейде – 32 422 рубльді (447 доллар) құрады. Яғни, арақатынас орташа жалақыны салыстыру кезіндегідей.
Халықтың (ең алдымен, оның аз қамтылған топтарының) өмір сүру деңгейін және оған мемлекет тарапынан қамқорлық жасау дәрежесін сипаттайтын ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖМ) – ұлттық заңнамаға сәйкес белгіленген барлық қызметкерлер үшін жалақының төменгі шегі – өте маңызды көрсеткіш болып табылады. Оның қазіргі мөлшерін біздің еліміздегі, бәлкім әрбір қазақстандық, жатқа біледі – 42 500 теңге, немесе 99 доллар. Бұл Ресейдегіден (176 доллар) екі есе аз, тіпті Армениядағыдан да (172) екі есе аз. Беларусте де ең төмен жалақы мөлшері біздікінен айтарлықтай жоғары (159).
Айтпақшы, Ресей Федерациясында осы жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері медиандық жалақының негізінде есептелді: қазір ең төменгі жалақы оның құнының 42%-н құрайды. Егер дәл осы әдістеме Қазақстанда да қолданылатын болса, онда біздің ең төменгі жалақымыз шамамен 60 000 теңге немесе 141 доллар болар еді, бұл қазірдегіден шамамен бір жарым есе көп (Ресейдегідей «проценттік мөлшерлеме» болған жағдайда). Айтпақшы, дәл осы сома Мемлекет басшысының жуырдағы Жолдауында айтылған болатын. «Ең төменгі жалақы мөлшері бойынша Қазақстан ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып отыр» деп мойындай отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдың басынан бастап оны 60 000 теңгеге дейін жеткізуді тапсырды.
Ресейде ең төменгі күнкөріс мөлшерін есептеу әдісі де өзгертілді – енді ол тұтынушы себетінен емес (біздің елде әлі де солай есептеліп отыр), халықтың жан басына шаққандағы орташа табысынан есептеледі. Биылғы жылы оны 11.653 рубль, немесе бүгінгі бағам бойынша 160 доллар деңгейінде белгілеген. Белоруссияда бұл $108, ал Қазақстанда – тек $91 ғана, бұл Қырғызстандағыдан ($75) онша көп емес, алайда оңтүстік көршілеріміздің орташа табыс деңгейі біздікінен екі жарым есе төмен.
Орталық Азияның дәл осы екі республикасында ағымдағы жылдың бірінші жартысында көші-қонның теріс сальдосы байқалды. Басқа елдерге көшудің себептері әр түрлі болуы мүмкін екені түсінікті, бірақ олардың арасында әлеуметтік-экономикалық себептер де маңызды орын алып отыр. Қаңтар мен маусым аралығында 14 мыңнан астам адам Қазақстаннан кетіп қалды (бұл еңбек немесе білім алу мигранттары емес, атап айтқанда тұрақты тұрғылықты жерін ауыстырған кезде ішкі істер органдарында тіркелгендер), ал келгендердің саны үш есе аз – 4,5 мың.
Жалпы, көші-қон сальдосы минус 9,5 мың болды. Егер пандемия болмаса, онда бұл көрсеткіш одан әлдеқайда жоғары болар еді. Айтпақшы, өткен жылдардың деректері көрсеткендей, әдетте, бірінші жартыжылдықта, елімізден кететіндердің саны екінші жартыжылдықпен салыстырғанда едәуір, азырақ болады. Екінші жартыжылдықта тұратын жерін ауыстыруға деген құмарлық неғұрлым айқын көріне бастайды. Ал сонымен қатар, мысалы, Ресейде бұл теңгерім бірінші жартыжылдықта оң болды – қосымша 114,2 мың жаңа азамат көшіп келді. Арменияда да солай болды, ал екі жыл бұрын халықтың осы елге келу ағыны сыртқа кетуден азырақ болған. Беларуське қатысты мәліметтер бюллетеньде жоқ.
Дегенмен, Қазақстандағы халықтың табиғи өсімі көші-қонның төмендеуінен әлдеқайда жоғары – мың адамға шаққанда 1,08-ге қарсы 14,8. Дәл осындай жағдай Қырғызстанда – 0,8-ге қарсы 16,8. Ресейде көші-қон 1,6-ға өскенде халықтың табиғи азаюы бір мың адамға 5,8 құрады. Басқаша айтқанда, егер Орталық Азия республикаларында туу коэффициенті басқа елдерге кететіндердің санынан көп болса, онда Ресейде көші-қон сальдосы оң болғанына қарамастан, халықтың жалпы саны төмендеуін жалғастырып жатыр. Бұл жайт Ресей билігін бала тууды жоғарылату үшін де, жаңа азаматтарды – негізінен бұрынғы кеңестік республикалардан, әсіресе Қазақстаннан – тарту үшін де қосымша ынталандыру шараларын қолдануға мәжбүрлейді...