Тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік құрылыстың негізгі аспектілерінің бірі ретінде ұлттық бірегейлік мәселесі орын алды. Егер біз осы мағынада өркениетті қоғамдар қол жеткізген нәтижелерге сүйенетін болсақ, мұнда таңдау онша үлкен болған жоқ – ол немесе этникалық нұсқа, немесе азаматтық үлгі.
Алайда, көп ұлтты халқы бар (оның үстіне олардың жартысына жуығы Қазақстан Республикасының солтүстігі мен шығысындағы шекаралас облыстарда шоғырланған қазақ емес адамдар) біздің еліміз үшін негізінен бұл таңдау ерекше проблемалы болып көрінді. Егер нақтырақ айтсақ, негізгі мәселе ретінде қазақ этносы, қазақ қоғамы мен мемлекеті жөніндегі тақырып қойылды. Мүмкіндігінше неғұрлым қысқа мерзім ішінде қазақ ұлтының форматы қандай болуы тиістігін (этникалық па әлде азаматтық па) анықтау қажет болды.
Қазақстан халқының демографиялық ерекшелігі мен көпұлтты құрылымын ескерген жағдайда, екінші нұсқа қисынды болып көрінді. Бірақ, бұл бағыттағы қозғалыс бір-бірін жоққа шығаратын екі фактормен күрделенді. Бір жағынан, қазақтардың ұлттық өзін-өзі сезінуінің өсу процесін назардан тыс қалдырмау керек болды. Ал екінші жағынан, Қазақстанда тұратын барлық этносты топтардың өздерін жаңа мемлекеттілікпен сәйкестендіруі және оған қатысты адал болуы маңызды болды. Бұл үшін ұлттық азшылықтардың интеграциясы (бірақ олардың мәдени ерекшеліктерін сақтауға кепілдік бере отырып) қажет болды.
Бүгінгі күні, егемен тарихтың отыз жылдық белесіне жақындағанда, біз ұлттық құрылыстың ең ұтымды және перспективалы нұсқасын іске асыра алмағанымызды қайғымен айтуымызға тұра келіп отыр: этнократиялық мемлекет құруға басымдық берілді, ал оны қазақ емес адамдар «қазақтарға арналған мемлекет» құру бағыты ретінде қабылдамауы мүмкін емес болды.
КСРО ыдырағаннан кейін өткен жолды бағалай отырып, біздің қоғам екі күйзелісті – саяси және мәдени – бастан кешті деп айтуға болады. Біріншісі ретінде мен Кеңес Одағының ыдырау фактісін айтып отырмын. Ал екіншісі –мен шартты түрде «кеңестік форматтағы қазақ қоғамы» деп атайтын нәрсенің 1990-жылдардың соңы мен 2000-ші жылдардың басында жойыла бастағаны. Мұндай тұжырым көптеген радикалды ұлттық-популистердің сынына, тіпті қарғысына себеп болатынын мен түсініп отырмын, бірақ айқын тарихи фактіні жоққа шығару – бұл шындыққа қарсы шығу деген сөз.
Бүгінгі күнде «интернационализм» ұғымы жоғары бағаланбайды, ол тіпті көріксіздірілген деп айтар едім. Бірақ дәл сол интернационализм соғыстан кейінгі кезеңде қазақ қоғамының идеологиялық және мәдени негізі болып табылған. Сол кездегі қоғамға жоғары білім мен мәдени деңгейі, ұлтаралық қатынастар саласындағы толеранттылықтың максималды деңгейі, ксенофобияның кез-келген көріністерінен сөзсіз бас тарту тән болды. Оның үстіне, осының бәрі біздің азаматтардың санасына саналы өмірге кірген сәттен бастап енгізілетін. Алайда бүгінде жоғарыда айтылғандардың көпшілігі тоталитарлық идеология деп аталатын қысымның нәтижесі деп түсіндіріліп отыр. Бірақ мұнда әркім өз қалауы бойынша талқылауға ерікті деуге болады.
Алайда, 1990 жылдардың ортасынан бастап ішкі саясатта бюрократиялық жүйе мен идеологиялық көзқарастың этнократизациясы айқын байқала бастады. Мемлекеттік аппараттың «байырғыландыру» процесі бір ғана этнос өкілдерінен құрылған ұлттық элитаның мемлекет пен қоғамдағы барлық негізгі позицияларды абсолютті бақылауға алуына әкелді. Бір жағынан, мемлекеттік басқару жүйесіндегі этникалық теңсіздікті Қазақстанның тәуелсіздік алғанынан кейін басталып кеткен объективті этнодемографиялық процестердің нәтижесі деп есептеуге болады. Славяндар мен немістердің жаппай қоныс аударуы, қазақтар арасында бала туудың көбеюі, сонымен қатар шетелде тұратын отандастарды елге тарту саясаты Қазақстан халқының этникалық құрамын айтарлықтай өзгертті. Екінші жағынан, жақын арада қазақстандық қоғам моноэтникалық қоғамға айналады деп үзілді-кесілді мәлімдеу мүлде дұрыс емес болар еді. Менің ойымша, мұндай сценарийді болжайтындар қателеседі, өйткені этнодемографиялық тенденциялар маятник тәрізді, жағалауда әрі-бері жылжып отыратын су толқыны сияқты әрекет етеді. Бұл біріншіден.
Ал екіншіден, аталып кеткен процестерге біздің жағдайымызда тілге қатысты күрделі жәйт жүктелгенін ұмытпауымыз керек. Өйткені отыз жылдан астам егемен тарихта қазақ тілі мемлекет пен қоғам өмірінде өзінің лайықты орнын ала алмағаны құпия емес. Немесе басқаша айтуға болады: ол өзінің қазіргі орнын өзінің нақты потенциалына сәйкес объективті түрде алып отыр. Осыған сүйене отырып, жақын арада Қазақстан өзінің дуалистік этномәдени сипатын сақтайды деп болжауға болады. Ал осы бағыттағы өзгерістерді күштеп енгізуге жасалған кез-келген әрекеттер ұлтаралық қатынастардың шиеленісуіне әкелуі мүмкін және бұл біздің еліміздің болашағы үшін ең жағымсыз сценарий болар еді. Ұмытылып кеткен кеңестік идеологияға жүгіну біртүрлі орынсыз екені түсінікті (мен интернационализм туралы айтып отырмын), бірақ нарықтық философиямен де, көпұлтты және поликонфессиялық сипаты бар қазақстандық қоғамымен де үйлесетін ұқсас категориялар бар. Мұнда әңгіме мультикультурализм жөнінде болып отыр, ал оның принциптерін ұлт құру процесінде қолдануға әбден мүмкін.
Алайда, бұл біздің қолымыздан келмеді. Дәлірек айтсақ, біздің емес, біздің қазақ элиталарының қолынан келмеді. Мұның себебі өте қарапайым және оның таза саяси мағынасы бар. Оларға мультикультурализм стратегиясы қажет емес, өйткені оны жүзеге асыру олардың саяси монополиясы үшін елеулі қатерге айналуы мүмкін, қазіргі жағдайға оларға кез келген балама ұнамайды.
Ұлттық-популистік лагеріндегі зиялылар ұқсатып жасауға лайықты мысал ретінде азаматтық ұлттың француз моделін келтіруді жақсы көреді. Олардың айтуынша, Франциядағыдай барлық азаматтар өздерін француз деп есептегендей, бізде де, Қазақстанда, әркім өзін қазақ ретінде сезінуі керек. Мен мәселені осылайша тұжырымдау жөнінде өз пікірімді бір кезде білдірген едім, бірақ мен тағы да қайталаймын. Біз моноұлт емеспіз және француз қоғамына тән шоғырлану деңгейі бізде жоқ және болмайды деген мағынада біз кез келген жағдайда Франция емес екенімізді анық және айқын түсінуіміз қажет. Француздардан айырмашылығымыз, біз әлі күнге дейін ұлттық тарихымызды концептуалды түрде қайта қарастыра алмадық және әлі күнге дейін үш қарағайдың арасында адасып жүрміз. Оның үстіне, тәуелсіздік жылдарында біз әлемге деген көзқарас қалыптастырмадық. Сондай-ақ біз кімбіз, біз көшпелі мәдениеттің мұрагерлері ретінде ғана емес, нақты айтқанда қазақтар ретінде қандаймыз деген өзіндік ұлттық көзқарас қалыптастыра алмадық. Сонымен қатар, өзге этникалық тектегі біздің азаматтар әлемге тек қазақтың көзімен қарауға дайын ба деген сұрақ қоюымыз керек. Мұндағы жауап айқын деп ойлаймын.
Ал егер біз азаматтық ұлт құрудың француздық моделіне ұмтылып жатқан болсақ, онда біз өз-өзімізге сәл объективті қарағанымыз жөн болар еді. Естеріңізге сала кеткім келеді, бұл модельдің іргетасы – әлемге таңдануға және еліктеуге лайықты бірнеше мысалды ұсынып көрсеткен ұлы француз мәдениеті. Бұл мәдениет әлем тілдерінің біріне айналған француз тіліне негізделген. Ал енді осындай сұрақ: бізде, қазақтарда, осы тұрғыдан ұсынып көрсететін нәрсе бар ма? Бізден үйренуге болатын нәрсе көп пе? Бұл жерде мен экономист Айдархан Құсайыновпен келісемін, ол жақында «біз өзіміздің санамыздан «біз қаншалықты бірегейміз» деген мифті алып тастау керек деген ой білдірді.
Алайда, әрине, әлемдік тәжірибені зерделеу қажет. Осы тұрғыдан алғанда, менің жеке өзіме Канада тәжірибесі сәйкес келетін сияқты болып көрінеді. Мен орыс зерттеушісі А.В. Веретевскаяның «Болмаған мультикультурализм» (Мәскеу, 2018 ж.) деп аталатын кітабінен: «Канадалық мемлекеттің өміршеңдігінің кілті – бұл мемлекеттің экономикалық өркендеу жағдайында көпмәдениетті қоғамның салыстырмалы түрде қақтығыссыз өмір сүруін қамтамасыз ету қабілеті, саяси тұрақтылық, яғни мультикультурализм мәселесін тиімді шеше білу. Шешімнің канадалық рецепті барлық әлеуметтік топтарды (тек мәдени бірлестіктерді ғана емес) жалпыға ортақ игілікті анықтау процесіне барынша толыққанды енгізу принципіне негізделген» - деген цитатасын келтіремін.
Менің ойымша, Қазақстанның саяси тарихындағы күрделі кезеңді ескеретін болсақ, канадалық тәжірибе біз үшін құтқарушы рецептке айналуы мүмкін. Ол тамаш және өзінің жоғары дәрежедегі рационализмі мен өркениетті көзқарасымен пайдалы деп айтар едім. Менің осылай айтып отырған себебім, егер біреулер ұмытып қалған болса, біздің ең қатты дүркіреген идеологемамыздың бірі Қазақстан әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіруге деген ұмтылысын жариялайды.
Канадамен бәрі де түсінікті – бұл иммиграция тұрғысынан әлемдегі ең тартымды елдердің бірі болуы бекер емес. Ал бізде осы тұрғыдан не болып жатыр? Бізде патриотизмді жамылған нағыз ұлтшылдық бар: «Қазақтардан басқалардың бәрі де бұл жерде бөтен. Біз әзірше оларға шыдап отырмыз» - деген оның философиясы ерекшеліктен жұрдай. Біреу мені асырып жіберді деп айтады. Бірақ бұл олай емес. Әлеуметтік желілерге кіріп, өздеріңіз қарап көріңіздерші. Мүнда Қордайдағы болған қиратуларды қалайша еске түсірмеске?.. Біз Канада емеспіз. Кем дегенде, біз шын мәнінде қандай болдық және ХХ ғасырдың соңында қандай деңгейге жеттік және болашақта қандай болуымыз мүмкін еді, бірақ біз ондай бола алмадық деген мағынада біз Канада емеспіз. Сондықтан, бәлкім, біз қазір «Канададың қирандылары» шығармыз. Өкінішті-ақ…
Бізге, қазақтарға, мәңгілік нашар қасиеттерімізді дер кезінде ұғып, түсінуіміз керек еді және бұл туралы басқаларға айтпай-ақ, Қазақстанның халықаралық (көпмәдениетті деп оқыңыз) даму жолын ұстануымыз керек еді. Біз тым болмағанда салыстырмалы түрде ақылды және прагматикалық болсақ екен. Бірақ жоқ, керісінше, біз өзіміздің эксклюзивтілігімізге шындап сендік және сонымен біраз ойнап қалдық. Біз, балалар сияқтымыз – өкпешіл, мақтаншақ және бейпрактикалықпыз. Кейбіреулер мультикультурализмді бейбітшілік пен тыныштық үшін байырғы этникалық топтардың өкілдері садақа ретінде берген нәрсе деп қабылдаулары мүмкін. Алайда, бұд олай емес. Интернационалдық, мультимәдени орта және соған сәйкес саясат ең алдымен, бізге, қазақтарға қажет. Дәл осындай ортада және осындай саясаттың арқасында қазақтар архаикалық өмір салтынан КСРО-ның ең дамыған және өркендеген ұлттарының мәртебесіне бірегей секіріс жасай алды. Біз көптеген«мұрагерлік» жамандықтарымызды дерлік жеңдік. Бүгінгі үгіт-насихат сол жылдарды геноцид пен шығындар кезеңі ретінде көрсетуге тырысқанымен, аға буын өкілдері сол кездегі қазақтардың салмағы мен деңгейін еске алады.
Таза болжам ретінде, КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіз Қазақстан мультимәдениет қоғамын құру жолына түскен болса дейік. Ондай болғанда біз тарихи негізге мықтап сүйене отырып, өз азаматтарының талап-тілектеріне барынша сай келетін қазіргі заманғы ел типін құрар едік. Бұл «жұмсақ күштің» өзімізге тән нұсқасы болар еді, және мұндай мемлекет посткеңестік кеңістіктегі дағдарыстар жағдайында өз болашағына алаңдайтындардың барлығына тартымды болар еді. Біз ұлттық мемлекеттілікті көптеген көршілеріміз, және тек олар ғана емес, қол жеткізе алмайтын биікке көтерер едік. Және әлемдік прогресспен бір толқын ұзындығында болар едік.
Бірақ оны іске асыра алмадық.
Біздің кейбір интеллектуалдар бәрін жөндеуге болады, жай ғана бізді ұрысып, «технологиялық серпіліс» жолына бағыттау керек деп есептейді. Бірақ мұның бәрі, менің көзқарасым бойынша, иллюзия болып табылады және негізінен тек сағым қууға ұқсайды. Мұндай әдіспен біздің немерелеріміз де «Оян, қазақ!» дей отырып, өз отандастарын өзгертүдің пайдасыз әрекеттерін шексіз қайталай береді деп қорқамын. Ал бұған ең алдымен біз, оларды реализмге үйретпеген аталары, кінәлі боламыз.