Қаңтар айының басында бүкіл елді шарпып өткен тәртіпсіздіктер елімізді бейберекетсіздікке ұшыратты. Халық арасында беделі бар облыс басшылары оның алдын алып немесе тым болмағанда эмоционалды қызу қарқынын азайта алар еді. Бірақ, белгілі болғандай, жұмыс істеп жүрген облыстар мен астаналар әкімдерінің ішінде тек бір-екеуі ғана сондай болған екен. Әкімдердің халықты тыңдауға қабілетсіздігі, онымен тіл ұғыса алмауы қоғамда өңірлердің бірінші тұлғаларын тікелей азаматтардың өздері сайлауы тиіс деген әңгімені қайтадан тудырды. Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте жариялағалы отырған саяси реформалар бағдарламасына мұндай тармақты міндетті түрде енгізу керек деген пікір айтылып жатыр. Бірақ қазіргі жағдайда әкімдердің сайланбалылығын енгізу қаншалықты қажетті және орынды? Осы мәселе бойынша азаматтық қоғам өкілдері өз ойларымен бөлісті.
Исатай Өтепов, «Абырой» қоғамдық бірлестігі:
«Сайланбалылық әкімдердің жауапкершіліктен жалтаруына мүмкіндік беретін жолдарды жояды»
- Әкімдердің сайланбалылығы – болашақ саяси реформалардың ажырамас құрамдас бөлігі, егер ол, әрине, жүзеге асырылатын болса. Болашақ халық әкімдері – бұл, менің ойымша, халық ортасынан шыққан лайықты да сауатты адамдар. Олар өздері басқаруды көздеген аймақтардың тумасы болуы тиіс.
Бүгінде жұмыс істеп жүрген көптеген облыс әкімдері оларды халық сайламағанын, олар жоғарыдан тағайындалғанын, сондықтан тек жоғары тұрған басшылыққа ғана есеп беретінін ашық айтады. Тікелей сайланбалылықты енгізу облыс басшыларын орталыққа жүгіну мүмкіндігінен айырады және жауапкершіліктен жалтарудың көптеген жолдарын жабады.
Ал тұтастай алғанда, жаппай саяси реформаларсыз жеке және жартылай өзгерістерді жүзеге асырудың ешқандай мағынасы жоқ. Сондықтан әкімдердің сайланбалылығы бүкіл саяси жүйені жалпы және түбегейлі реформалаумен қатар жүруі тиіс.
Тоғжан Қожалиева, HAQ партиясын құрудың бастамашысы:
«Әр облыста халық тікелей сайлаған өз әкімі болуы тиіс»
- Барлық деңгейдегі әкімдердің сайланбалылығын енгізу – бірқатар себептерден туындаған қажеттілік. Біріншіден, әкімді өзі сайлап алатын халық оған сенім артады, бұл барлық демократиялық реформалардың негізінде жатқан сол бір іргетас. Қаңтардағы қайғылы оқиғалар облыс, қала басшылары алаңдардағы шерушілерге шыққан аймақтарда жаппай тәртіпсіздіктер азырақ болғанын көрсетті, өйткені олар халықты тыныштандырып, туындаған шиеленісті сейілте алды. Сондықтан әрбір облыста халық тікелей сайлайтын, осы аумақты басқарудың барлық өкілеттіктерін халықтың өзі тапсыратын өз әкімі болуы тиіс.
Екіншіден, халық сайлаған әкімнің жауапкершілігі жоғарыдан тағайындалған әкімге қарағанда салыстыруға келмейтіндей жоғары. Біріншісіне оның қызметін тікелей жергілікті қоғамдастықтың бағалауы басымдық болып табылады, яғни оның алдында тұрған міндет мүлде басқаша болады – аймақты тұрғындардың сұранысына сай етіп дамыту. Ал тағайындалған әкім өзін осы қызметке отырғызған «патронының» сенімін жоғалтпауды ғана ойлайды. «Бастықтардың» мүддесіне сай шешім қабылдаудағы жетекші мемлекеттік қызметшілердің кландық және бағыттылығы кадр саясатында орын алып отырған күрделі мәселе. Дәл сол себетен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту керек, барлық деңгейдегі әкімдерді тікелей сайлау қажет. Адамдар өз аймағының мәселелерін өздері шешуі тиіс. Халықтың сенімі мен қолдауына ие болған мықты әкім облыстың, қаланың тұрақтылығы мен гүлденуіне негіз болады.
Мәселен, Алматы әлдеқашан әкімді сайлап алуға дайын. Бұл қала тұрғындарының Бақытжан Сағынтаевтың қызметіне наразылығының деңгейі бойынша байқалады, мегаполисті шарпыған бейберекеттіктен кейін ол наразылық еселеп өсті. Қаңтар оқиғалары көрсеткендей, халық арасында беделі бар әкім – аймақтағы тұрақтылықты сақтаудың ең маңызды факторы болып табылады. Ал осы тұрғыдан алғанда орталық билік тәжірибе жасап, алдымен алматылықтарға әкім таңдау мүмкіндігін берсе, әбден қисынды болар еді. Егер еліміздің мәдени және қаржылық астанасында бұл эксперимент өзінің табыстылығын көрсетсе, кейінірек оны басқа аймақтарға еш қиындықсыз қайта таратуға болады.
Біздің қозғалыс ҚР президентінің Әкімшілігіне қажетті саяси реформалар туралы өз көзқарасын жолдады. Біз жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға үлкен мән береміз, өйткені ол тұрақты және өркендеген мемлекет құруға қатысатын тиімді және жауапты азаматтық қоғам құруға негіз бола алады. Шын мәнінде, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң Конституциядан кейінгі маңыздығы жағынан екінші құқықтық акт болуы тиіс. Бірақ жүйе жұмыс істеуі үшін, оның үстіне нәтижелі болуы үшін бізге шенеуніктер емес, мамандар, сарапшылар қауымдастығы және жұртшылықты тарта отырып дайындаған жаңа заң қажет.
Ғалым Ағелеуов, Liberty қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы:
«Бізде басқа амал жоқ»
- Барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау – бәрінен де оңтайлы нұсқа. Адамдар басқарушыларды таңдау құқығына ие болады, олар ең лайықтысына дауыс беруге, олармен жауапкершілікті бөлісуге ынталандырылады. Бірақ облыс басшыларының тікелей сайланбалылығына көшу сәтті болып өтуі үшін үлкен және байыпты алдын ала дайындық қажет – халыққа, оның ішінде жиналыстарда, жиындарда, процестің барлық жай-жапсарын, барлық артықшылықтарды және ықтимал тәуекелдерді түсіндіру қажет. Барлық қатысушылар үшін бюджеттің ашықтығын қалайша қамтамасыз ету керектігін, қандай түсімдер жергілікті қазынаға түсетінін, ал қандай кірістер – республикалық бюджетке түсетінін көрсету маңызды. Сондай-ақ ықтимал бұзушылықтарды болдырмау үшін сайлаудың өткізу тәртібінің өзін түсіндіретін сауатсыздықты жою бағдарламасын ұйымдастыру қажет. Мемлекет, өз тарапынан, жергілікті биліктің қарамағына қандай өкілеттіктер мен қызметтер берілуі мүмкін екенін, ал қайсысын жоғары тұрған адамдардың құзыретінде қалдыру керектігін анықтап, жергілікті өзін-өзі басқару мүмкіндігінше тезірек аяққа тұрып, өзін-өзі қамтамасыз ете алатындай бюджеттік қатынастар орнатуы тиіс.
Бұл жерде барлық заңнамалық базаны қайта қарауды қоса алғанда, жүйелі көзқарас қажет, өйткені халық тек барлық деңгейдегі әкімдерді ғана емес, сондай-ақ полиция, сот және т.б. басшыларын да сайлауы тиіс. Үлкен плюс болатын нәрсе – өмірді жақсарту үшін жергілікті бастамаға құқықты заңнамалық түрде бекіту. Мен Украинаның, Грузияның, Молдованың қарапайым ауылдарына барғанмын: ол жақта, мәселен, мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері, медицина қызметкерлері мемлекеттен алатын жалақыдан бөлек жергілікті ауылдық қоғамдастықтардың шешімдерімен бөлінген қаражат есебінен үстемеақы алады. Сонымен қатар, әкімдіктерге, полиция органдарына, ҰҚК-не өзін-өзі басқару институттарына ықпал етуге тыйым салатын норманы заңды түрде бекіту қажет.
Осының барлығын жүзеге асыру үшін барлық деңгейде, соның ішінде шалғай ауылдық елді мекендерде де, тиісті жұмыстарды жүргізетін, содан кейін жағдайды қадағалайтын, ал қажет болған кезде кеңес беретін мамандар қажет. Ең дұрысы, жергілікті өзін-өзі басқарудың республикалық call-орталығын құрып, тәжірибелік жаттықтырушыларды тартқан абзал.
Идеал бойынша осылай болуы тиіс. Бірақ іс жүзінде әкімдерді тікелей сайлауды енгізу бірқатар проблемаларға тап болуы мүмкін, олардың ең бастысы «бастықтық құқығымен» өздеріне ең жақсыны алуға дағдыланған әкімшілікке (номенклатураға) байланысты. Екінші мәселе – отыз жыл бойы азаматтық және саяси құқықтарынан айырылған адамдардың тәжірибесіздігі. Олар көбінесе ұлттық және тайпалық, туыстық және рулық байланыс принципінен шығып, материалдық үлес үшін сатылып кетеді, барлық деңгейдегі басшылардың қысымына ұшырайды. Сондықтан олардың таңдауы саналы түрде жасалғаны жөніндегі хабардарлық дәрежесі үлкен мәселе болып қала береді.
Алайда, бізде бәрібір басқа амал жоқ. Егер біз еркін және табысты болғымыз келсе, біз өз басымызбен ойлауды үйренуді бастауымыз керек.
Қазбек Бейсебаев, «Халық сенімі» азаматтық қозғалысын құрудың бастамашысы:
«Алдымен парламентті таратып, содан кейін облыс басшыларын сайлау жөнінде ойлану керек»
- Әрине, әкімдердің сайланбалылығын енгізу қажет. Естеріңізге сала кетейін, бұл тұрғыда көршілес Ресей бізден әлдеқайда озып кетті: оларда федерация субъектілерінің, қалалардың, аудандардың және барлық ауылдық елді мекендердің басшыларын азаматтардың өздері бұрыннан бері сайлап келеді. Бізде бұл мүлде жоқ – бізге демократияны құру мәселесінде жолдың басында ғана тұрмыз деп үнемі айтып отырады. Басқаша айтқанда, Қазақстан азаматтарына олардың демократияға, бұл, өздеріңіз білетіндей, халықтың билігін білдіреді, дайын еместігін айтып отыр. Бірінші президент: демократиялық қоғам құру үшін осыншама американдықтарды қайдан аламыз? – деп тікелей айтқаны естеріңізде болар. Енді оның дәуірі біткен сияқты, демек, жергілікті атқарушы органдардың басшыларын сайлауға қатысты тақырып қайтадан өзекті бола бастады.
Біздің қазіргі «еститін» мемлекетіміз ауыл әкімдерін сайлаудың енгізілуін талай рет демократия жолындағы үлкен жетістік деп таныстырған болатын. Шындығын айтқанда, бұл мүлде олай емес. Осы лауазымға үміткерлер үшін міндетті шарттар – жоғары білім туралы дипломның және мемлекеттік қызметтегі жұмыс тәжірибесінің болуы. Егер бірінші талапты түсінуге болса, екіншісі ауыл әкімдеріне қатысты абсурд болып көрінеді, өйткені ол ауыл тұрғындарының арасынан көптеген әлеуетті кандидаттарды автоматты түрде «сүзгілейді». Ауыл тұрғынының мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі қайдан болуы мүмкін? Шамасы, бұл әдейі (тек биліктегі немесе оған жақын адамдар ғана үміткер бола алады деген үмітпен) жасалған көрінеді.
Жақында болған оқиғалар әкімдердің халықтан тым алшақ екенін көрсетті. Олардың кейбіреулері наразылық білдірушілердің алдына сол қалпы шықпады, кейбіреулері кенеттен ауырып қалды, кейбіреулерін таба алмады. Ал халыққа шыққандар онымен тіл ұғыса алмаған. Бұл, жұмсартып айтқанда, өздерін жоғары деңгейде көрсете алмаған бүкіл атқарушы билікке қатысты. Сондықтан, болған жағдайдан кейін, біз барлық деңгейдегі әкімдердің сайланбалылығына көшуіміз керек. Бірақ алдымен парламентті таратып, мерзімінен бұрын парламенттік сайлауын (оның үстіне президент реформаның жаңа пакетін ұсынуға ниеттеніп отырған қыркүйекті күтпестен) жариялау керек.