Мәжілістің жаңа, 8-ші, шақырылымы депутаттық сұранысдардың саны бойынша барлық рекордтардан асып түсті. Олардың саны қазірдің өзінде 226-ға жетті – бұл оның жұмыс істегеніне үш айдан аз уақыт аралығында орын алып отырған жайт. Алдыңғы, 7-ші, шақырылымдағы халық қалаулылары бес айдан астам уақыт ішінде шамамен осыншама рет (233) үкіметке өздерінің талаптарымен және ұсыныстарымен жүгінген болатын. Яғни, қазіргі мәжілісмендер өздеріне дейінгілермен салыстырғанда екі есеге жуық көбірек сұранысдар жолдап отыр. Әрине, олардың ұсыныстарының арасында мемлекеттік мүдделерді және халықтың талап-тілектерін көрсететін шын мәнінде өзектілері де аз емес. Бірақ көп жайғдайларда ақылға қонымдылығы, жұмсақ тілмен айтқанда, күмәнді болып көрінетін сұраныстар да жиі кездесіп тұрады.

...Ринат Зайытов парламентке билікті қолдайтын басты партиясы – «Аманат» партиясының тізімі бойынша өткен болатын. Ол айтысқа қатысушы ретінде және өте өткір тілді, саяси тақырыптарды қозғаудан да, билікті сынаудан да қорықпайтын ақын-импровизатор ретінде еліміздегі танымалдыққа ие болған. Бір кездері, әсіресе 2019 жылдың жазында орын алған митингілер толқынынан кейін, Зайытовты тіпті жаңа оппозицияның ықтимал көшбасшыларының бірі деп атаған болатын. Бірақ кейіннен әлде оның көзқарасы өзгеріп кетті ме, әлде оған әсер етудің тиісті әдістемелері табылды ма – әйтеуір ол өзінің саяси іс-әрекеттерін тоқтатты, ал 2021 жылы Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры деген ірі мекеменің директоры болып тағайындалды. Кейінірек Сол жерден ол Мәжіліске ауысып кетті.

Депутаттық қызметінің басында айтылған Зайытовтың бірінші сұранысы жалпы мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қатысты болған. Арада бір жарым ай өткеннен кейін, ол тікелей өзінің «цех бойынша» әріптестерін, нақтырақ айтатын болсақ, 2012 жылы құрылған «Ақын-айтыскерлер, жыршы-термешілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігін қолдаған пікірін білдіруді жөн көрді. Мәжiлiсшiнiң айтуынша, сол бірлестікке 250-ге жуық адам кіреді, бiрақ жалғыз ғана қайғы-мұң бар – ол бірлестіктің жеке тұрақты үй-жайы жоқ, айтысқа мемлекеттен бөлiнетiн қаржы белгiсiз себептермен толығымен оларға дейін жеткізілмей жатыр. Осыған орай, депутат үкіметке өзінің сұранысымен жүгінген болатын: біріншіден, одаққа Алматыдан ғимарат беру жайлы, екіншіден, Мәдениет және спорт министрлігі арқылы жүйелі әрі тұрақты түрде қаржыландыруды қамтамасыз ету жөнінде.

Қазақстанда республикалық қоғамдық бірлестік мәртебесіне ие 17 әртүрлі шығармашылық одақтар бар. Ал егер олардың әрқайсысы мемлекеттен өз қажеттіліктері үшін оңтүстік астанадан ғимарат талап ете бастайтын болса... Айталық, Зайытовтың өзі, жоғарыда айтылғандай, жуырда ғана «Алатау» театрын басқарған, оның міндеті – нақты сол қазақтың дәстүрлі өнерін дамыту және насихаттау болып табылатын. Ол театр 2016 жылы салынып, заманауи жабдықталған алып ғимаратта орналасқан (айтыскерлердің, жыршылардың, термешілердің айналысатыны). Оның жалпы көлемі шамамен 10 мың шаршы метрді құрайды, онда (цитата) «кинотеатр мен сахнасы бар үлкен залдан басқа, әртүрлі балалар үйірмелері ашылған, сабақ өткізілетін көптеген бөлмелер бар». Театрды қаржыландыруға мемлекет жыл сайын қомақты қаржы бөледі.

Сонда сол жерде одақ кеңсесі үшін бөлме бөлу шынымен мүмкін емес пе? Оның үстіне, Зайытовтың өзі сол мекемені басқарған кезде мұны істеуі мүмкін болған – оған жоғарыдан келісім алу қиынға соқпайтын еді. Оның үстіне айтылған шығармашылық бірлестіктің қызметі «Алатау» театрының миссиясымен тығыз байланысты. Ол үшін бөлек ғимараттың қандай қажеттілігі бар? Сол жерде жылына екі-үш рет жиналыс өткізу үшін қажет пе? Бұл тым ысырап нәрсе емес пе? Ол жерде жөндеу жұмыстарын кімдер жүргізетін болады, пайдалану шығындарын, коммуналдық қызметтерді кімдер төлейтін боладыі? Әлде оның барлығын салық төлеушілердің есебінен, яғни сіз бен біздің есебімізден, әкімдік жасайтын болама?

Ал егер қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, онда, заңға сәйкес, мемлекеттің қоғамдық бірлестіктерді өз қаржыландыруына алуға және оларға тікелей ақша бөлуге құқығы жоқ – олар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жобаларды жүзеге асыруға қатысу арқылы ақша таба алады. Айтпақшы, Зайытовтың өзі де өз үндеуінде айтыстарға (демек, айтыскерлерге де) бюджеттен қаржы бөлінетінін мойындап отыр. Осындай жыршы жарыстарының санына қарағанда және олардың жүлде қорына көз жүгіртетін болсақ, қомақты қаржы деуге болады. Мысал үшін, биылғы жылдың басында Астана қаласының әкімдігі 14 ақынның қатысуымен «Тәуелсіз елім – тірегім» деп аталатын айтыс ұйымдастырып, нәтижесінде төрт жеңімпаздар жалпы сомасы 7,5 миллион теңге алды. Оған қоса басқа да шығындар көп болғаны ықтимал. Ал Қазақстанда жыл сайын ондаған осындай шаралар өткізіледі. Бір сөзбен айтқанда айтыскерлердің шағымдануына себеп жоқ.

Жаңадан Мәжіліске келген басқа депутаттар – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (бұрынғы оппозициялық ЖСДП) фракциясының мүшелері – балаларға арналған қазақтілді контент мәселесімен, атап айтқанда, анимациялық фильмдерді түсіріп шығару және көрсету мәселесімен айналысуды жөн көрді. Әрине, бұл ауыр, маңызды, шешуді қажет ететіні тақырып екені сөзсіз. Бірақ сұраныстың «шешуші» бөлігіндегі ұсыныстар депутаттардың шығармашылық қабілеттерінің мүлдем жоқ екендігін көрсетеді – мұның бәрі «ашу керек», «жасау қажет», «ұйымдастыру тиіс» деген сөздерге келіп тірелді, сәйкесінше осыған ақша жұмсауды, демек бюджеттің көп шығынын талап етеді.

Атап айтқанда, «социал-демократтар» отандық анимация ардагері Ғали Мырзашевтың пікіріне құлақ түруді ұсынып, КСРО-да болған «Союзмультфильм» үлгісімен «Қазақмультфильм» киностудиясын құруға шақырады, оған Әмен Хайдаровтың (ол 1967 жылы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деп аталатын тұңғыш қазақ «мультфильмін» түсіріп шығарған) есімін беруді ұсынады. Естеріңізге сала кету қажет: «Союзмультфильм» 300 миллион халқы бар алып ел үшін жұмыс істеп, жыл сайын жүзге дейін анимациялық және қуыршақ фильмдерін шығаратын, оның үстіне онда тұрақты негізде бес жүз қызметкер жұмыс істеген.

Сұрақ: халқы 15 есе аз, осындай кино-өнімін түсіріп шығаруға мүмкіндігі жоқ (қаржылық, кадрлық және т.б.), сондай-ақ мұндай кино-өнімді айтарлықтай көп көлемде түсіруге жеткілікті аудиториясы жоқ Қазақстанға жеке анимациялық киностудияның қандай қажеті бар? Бұл қымбат тұратын бастама не береді? Оның қандай мәні бар? «Мультиктерді» «Қазақфильмде» шығаруға кімдер немесе не нәрсе кедергі болып отыр? Егер жасанды түрде істелген кедергілер болып жатса, оларды жою үшін Мәдениет министрлігі деңгейінде тиісті шешім қабылданғаны жеткілікті.  

Сонымен қатар, депутаттық сұраныстың авторлары «Балапан» телеарнасына қосымша тағы бір бөлек телеарна құру қажет деп есептейді (оны тағы да мемлекет қаржыландыруы тиіс екені түсінікті). Айтуларынша, қазіргісі 3 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға арналған, ал одан кішілері назардан тыс қалып отыр. Бұл жерде тіпті пікір айтқым да келмейді.  

Тағы бір мәжілісмен, енді «Ақ жол» партиясынан келген Қазыбек Иса негізінен тіл тақырыбына «маманданады». Жуырда ғана, маусым айының ортасында ол Білім министріне және Шығыс Қазақстан облысының басшысына Риддер қаласындағы оқу орындарына қатысты сұраныс жолдаған болатын. Ол жерде 2022 жылы жаңа ғимарат салынып, аралас мектеп ашылған еді. Бұл ретте, 52 мың тұрғыны бар қала әкімінің орынбасары түсіндіргендей, халықтың ұлттық құрамы ескерілген: қазақтар – 20,6 процент, славяндар – 75,1 процент, немістер – 1,6 процент, қалғандары – 3,7 процент. Сол кезде, Риддердегі «Шаңырақ» атты жалғыз таза қазақ мектебінің (онда бес жүзден астам бала оқиды, ал ғимараты тозығы жеткен) оқушылары және ұстаздар қауымы жаңа ғимаратқа көшеміз деп үміт артқан.

Олар өздерінің наразылықтарын 2022 жылдың соңында білдірген болатын, содан кейін жергілікті билік күрделі жөндеуге ақша бөлу туралы шешім қабылдады, сонымен бірге биыл 300 орындық жаңа қазақ мектебін салу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы наурыз айында Интернет-басылымдар және «Хабар-24» телеарнасы хабарлаған, ал сәуір айында ШҚО әкімі Даниал Ахметов тура сондай мәлімдеме жасаған болатын.

Бір ымыра табылған сияқты, бірақ екі айдан кейін Қазыбек Иса қайтадан осы тақырыпты көтеруді жөн көрді. Оның сұранысында қазіргі кезде аралас мектеп орналасқан ғимаратты «Шаңыраққа» беру жөніндегі талабы бар. Алайда ол мұнымен шектелмей, тағы екі тармақ қосты. Біріншісі – еліміздегі ескі ғимараттарда орналасқан немесе оқыту үш ауысымда жүргізілетін барлық қазақ мектептері «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа ғимараттар алуы тиіс. Екіншісі – «кеңес империясы енгізген» аралас оқыту жүйесінен шұғыл түрде бас тарту қажеттілігі.

Егер Риддер туралы нақты айтатын болсақ, Астанада тұратын депутаттарға қарағанда, қала мен облыс билігі өз еліндегі жағдайды жақсырақ біледі, сондықтан білім саласының жай-күйіне, ұлтаралық қатынастар және өздеріне сеніп тапсырылған аумақтардағы басқа да мәселелерді шешу үшін парламентшілер емес, нақты олар жауапты. Ал мәжілісменнің келесі талабына келетін болсақ: орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде оқитын балалар «Жайлы мектеп» жобасымен қамтылмауы тиіс пе? – деген сұрақ қойғым келеді. Сол оқушылардың ата-аналары да республиканың шаруашылық өміріне атсалысатын сияқты ғой, олар да сол салықты төлейді, ол ақшаға содан кейін жаңа құрылыстар салынады, жалпы айтқанда, Конституция бойынша барлығымен бірдей құқық оларда да бар.  

Әртүрлі тілде оқытатын оқу орындарын жабуға, оның үстіне тез арада жауып тастауға шақыру мүлдем утопиялық болып көрінеді. Оларды «бөлінген» етіп жасау үшін (айтпақшы, бұл елдегі барлық мектептердің үштен бірін дерлік құрайды) жүздеген, немесе тіпті мыңдаған жаңа ғимараттар салу қажет болады, немесе көптеген балалардың – орыстілді де, қазақ тілді де балалардың басқа шағын аудандарға, тіпті басқа ауылдарға сабаққа баруға мәжбүр болатынымен келісуге тура келеді. Әлде Қазыбек Иса аралас мектептерді жою арқылы олардың барлық шәкірттерін бір тілде оқытуға (бұл олардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді) мәжбүрлеп көшіруді меңзеп отыр ма?