Өздерін қазақтың ұлтшыл-патриоттарымыз деп атайтын адамдардың басты мәселесі – қандай да бір айқын позитивті бағдарламаларының жоқтығы, сындарлы идеялар мен креативтің болмауы. Әдеттегі олардың ұсыныстары – «талап ету», «міндеттеу», «мәжбүрлеу», «шектеу», «алып тастау», «тыйым салу» деген талаптар. Бұл әдет өздерін әлі де халықтың ар-ожданымыз деп есептеуді жалғастырға беретін ұлттық интеллигенция өкілдеріне де толықтай қатысты.
Тоқтаусыз жоқтаулар
Жақында, қыркүйек айының басында, ел президентіне қазақ тілі жайлы кезекті ашық хат, енді жас жазушылар мен ақындардың атынан, пайда болды. Үндеуге елуден астам жазушы қол қойған, оның ішінде бұрынғы мемлекеттік қызметкер, қазір Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек те бар. «Бізге қосылып, қол қоямын деушілер болса, тізім жалғасады» – деген қосымша жазбаға қарағанда, қол қоюшылардың саны артуы ықтимал.
Хат «Мемлекеттік тіл – менің тілім» деп аталған. Оның авторлары –жазушылар, оның үстіне қазіргі заманға сай ойлауға тиіс жас жазушылар болғандығы (идея бойынша «жаңа мағыналардың генераторлары»), енді қызықты да орынды ұсыныстар болатынына үміттенуге мүмкіндік берді. Бірақ, ашығын айтсақ, хаттың мазмұны ол үмітті ақтамады. Оның бұрынғы ұқсас үндеулерден айтарлықтай айырмашылығы жоқ: «ана тілінің» қайғылы тағдыры жайлы баяғы сол жоқтаулар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 7 бабының 2 тармағын алып тастауға шақырулар (яғни орыс тілін қазіргі статусынан айыру), қазақ тілін білмейтіндерді мемлекеттік қызметке қабылдауға және жауапты лауазымдарға тағайындауға тыйым салу, мемлекеттік тілді сыйламайтын адамдарды жауапкершілікке тарту…
Ал үндеудегі жаңа нәрсе біреу ғана – атышулы Қуат Ахметовке қатысты «жасанды түрде ұйымдастырылған» қылмыстық істі тоқтату талабы. Оның үстіне, хат оның айналасында қалыптасқан жағдайдан басталады және дәл сонымен аяқталады. Оның авторларының басты мақсаты – осы қазақ тілі үшін «күрескерге» қолдау көрсету деген ой пайда болады.
Әдетте, қазақтың шығармашылық интеллигенция өкілдерінің арасында мұндай үндеулерді барлығы қуанышпен қабылдайды және олармен келіспейтіндер іс жүзінде болмайды. Бірақ осы жолы Қанат Әбілқайыр есімді біреу табылып (ол да жас қазақтілді жазушы болар), мұндай хабарламалардың орынды болуына күмән келтірді. Оның жазбасы Adyrna.kz сайтында жарияланды, мен мұнда үзінділер келтіремін:
«Тілдің жоғын жоқтаған тұлғаларды һәм қоғам белсенділерін орыстанған өлкелерге (негізінен қалалар мен аудан орталықтарына) қоныс аударуға мемлекет тарапынан қолдау жасау керек.
Ол азаматтар ауызбен айтқанын іс жүзінде жүзеге асырып көрсін! Нақты мемлекеттік тілді үйрету курстарына басшылық етсін! Сол өңірлердің ішкі саясат жұмыстарымен айналыссын! Аудандық, облыстық басылымдар арқылы тіл майданына кірсін! Сол өңірлерден қазақ мектептерін, балабақшаларын ашу, ол мекемелерге жас мамандар тарту секілді мың сан жұмыстармен шұғылдансын! Осы мың сан іске әлгі хатқа қол қойған алпысқа жуық һәм оның сыртындағы мың қолдаушы таптырмас маман болар еді. Өстіп, «жау жүрек мың баланы» солтүстік өңірлерге аттандырсақ (қажет болса біз де баруға дайынбыз), олар нақты білім тәжірибелерін мемлекеттік тілдің дамуына бағыттаса, тым құрығанда сең қозғалар еді. Өткен ғасырда нақты күрестің жолын алашордалықтар көрсетіп берді. Олар кітап та жазды, ағартушы да болды, саясатпен де айналысты...».
Үндеудің авторлары ешқандай солтүстікке бармайтыны түсінікті: олар мүлдем пассионарлар емес, сондықтан үлкен қалалардағы, әсересе астаналардағы өз өмірлерін қандай да бір идея үшін ешқашан құрбан етпейді. Барлық ыңғайлылықтармен жабдықталған пәтерлері мен үйлерінде отырып, өркениеттің барлық игіліктерін және қалалық өмірдің артықшылықтарын пайдалана отырып, олар да өздерінің аға әріптестері сияқты (кейінгі кеңес дәуірінің жазушылары мен ақындары) ана тілінің тағдырына және жалпы алғанда, қазақтардың патриархалдық көшпелі өмір салтынан заманауи өмірге көшу нәтижесінде жоғалтқанның барлығы жайлы жоқтау айтуды жалғастырып жатыр...
Қиялдармен күресушілер
Ұзақ жылдар бойы қазақтың «зиялылары» – Мұхтар Шахановтан бастап жаңадан өсіп келе жатқан жастарға дейін – тек бос сөз айтумен айналысып келіп, қазақ тіліне сұранысты шын мәнінде арттыратын және оны қолдану аясын кеңейту үшін нақты ешнәрсе ұсынған емес.
Мысалы, олар тыным таппай орыс тілін қазіргі конституциялық мәртебесінен айыруды талап етеді. Айтпақшы, «Қазақ Үні» сайтында үш жыл бойы мемлекет басшысына тиісті үндеумен қолтаңбалар жиналып келеді, ал қол қоюшылар тізімінде бірінші болып белгілі қазақ жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, академиктер Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, халық әртісі Асанәлі Әшімов және басқалар тұр. Бұл акцияның бастамашысы, «Ақ жол» партиясынан парламент депутаты, ақын Қазыбек Иса бұл бастаманы рекордтық азаматтар қолдады деп мәлімдейді. Бірақ, шын мәнінде, 126 мың деген сан (бүгінгі мәліметтер бойынша көрсеткіші) онша әсерлі емес – бұл елдің барлық ересек қазақ халқының асып кетсе бір жарым процентін құрайды.
Ал жарайды, таза гипотетикалық түрде билік бұл талапты орындайды және Конституциядан: «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылады» деген ережені алып тастайды делік. Сонда не, қазақ тілі бүкіл ел бойынша жеңісті шеруін бастайма және халықтың барлығы тек қазақ тілінде сөйлеуге кірісіп, бизнес, ғылым, медицина тек өз жұмысын тек қазақ тілінде жүргізе бастайма? Бұлай болмайтыны анық қой. «Ана тілі» өмірдің әр түрлі салаларындағы «ұлы және күшті» орыс тілін белсенді түрде алмастыра бастауы үшін тағы бірнеше қадамдар жасау қажет болады. Алайда, қазақ ұлтшыл патриоттары, оның ішінде «зиялылар» да, мұндай іс-қимыл бағдарламасын ұсынбайды (олар, сірә, мұны олардың орынына мемлекет жасайды деп үміттенетін болар), олардың жиынтығында тек мәжбүрлеу шаралары бар, олар Қуат Ахметовты және оған ұқсас «тіл майданының жауынгерлерін» қорғайтын қатаңдықты растайды.
Немесе мінеки, соңғы кездері орыстілді мектептерінің санын қысқарту жайлы, оларды бюджеттік қаржыландырудан айыру жөнінде (балалар басқа мемлекеттің тілінде оқытылады, сондықтан ата-аналар өз қалталарынан төлесін деп – олар салық төлеуші болып табылмайтын сияқты) немесе тіпті оларды жауып тастау жөнінде шақырулар көбейіп келеді. Жарайды, Қазақстанда орыс мектептері қалмайды делік – сонда не, барлығы қазақ мектептеріне барама? Ондай нәрсе ешқашан болмайтыны анық. Кейбіреулер (көбісі) елімізден эмиграцияға аттанады, басқалары, оның ішінде қазақтардың да кейбіреулері, балаларын орыстілді онлайн мектептеріне ауыстырады, ал олар қосымша келген ондаған, тіпті жүздеген мың оқушылардың контингентінің ағынын көргенде тек қуанады. Оларды осы жылдың басында ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен енгізілген жаңа норма («Білім туралы» Заңның 49-шы бабының 3-ші тармағы) тоқтатуы да екіталай. Сонымен қатар, Қазақстан мұндай қадамның сыртқы саясатының аса жағымсыз салдарымен бетпе-бет келеді, және мұндағы әңгіме тек солтүстік ірі көршімен қарым-қатынас жөнінде ғана болып тұрған жоқ.
Бірақ мұндай шараларға шақыратын адамдар күш-жігер көрсету тұрмақ, қазақтілді мектептерінде оқыту сапасы жөнінде тіпті алаңдамайды. Оларға бірнеше рет әр түрлі халықаралық зерттеулердің нәтижелері бойынша ескертулер жасалған болатын: алынған білім деңгейі бойынша қазақ сыныптарының оқушылары (НЗМ мен қазақ-түрік лицейлері емес, олардың үлесі бір жарым-екі проценттен аспайды, қарапайым мемлекеттік мектептерде оқитын оқушылардың) орыс тілінде оқитын балалардың білімінен айтарлықтай төмен. Бірақ бұл адамдар немесе шындықпен бетпе-бет келгісі келмейді, немесе олар қазақ балаларының алатын білімінің сапасына аса қайғырмайды – демек оларды ұлттың болашағы онша алаңдатпайды.
Осы орайда, мысалы, Эстонияда, ол да «кеңестік шинельден» шығып, Қазақстанмен бірдей бастапқы шарттарға ие болғанына қарамастан, мемлекеттік тілде оқытатын мектептер орыс тілінде оқытатын мектептерден гөрі жақсырақ білім береді, соның арқасында осы шағын мемлекет мектеп білімі бойынша әлемде көшбасшылардың біріне айналды. Неліктен эстондықтар мұны жасай алды, ал біз, қазақтар, олай істемедік? Мұны, менің ойымша, оңай түсіндіруге болады: олар білім беру саласына қатысты позитивті бағдарламаны жүзеге асырып жатқанда, біз қай тіл маңызды екенін анықтап, қиялдармен күресіп жүрдік. Мемлекеттік тілде оқытудың сапасын (демек, қазақтардың өздеріне де, басқа этникалық өкілдерге де тартымдылығын) жақсартудың орнына, біздің «патриоттар» орыс мектептеріне қарсы күресумен айналысты.
Риторикалық сұрақтар
Басқа мысал. Кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі әдебиеттер өте аз, кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдер сирек көрсетіледі деген шағымдар жиі айтылады. Осыдан кейін «үкімет пен әкімдіктер қайда қарап отыр?» – деген айыптаушы-ашулы сұрақтар қойылады және «міндеттеу қажет», «мемлекеттік тілді құрметтемеу үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек» – деген талаптар қойылады. Бірақ бұл нарық заңдары бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіп: сәйкес өнімдер болса, оларға сұраныс болса – ұсыныс та пайда болады. Ал мұнда бәрі ана тілінде сөйлейтіндердің өздеріне байланысты.
Айталық, Қазақстанда қазақ тілінде балалар классикалық (шетелдік) әдебиеті өте аз шығарылады. Неліктен үндеуге қол қойған сол жас жазушылар мен ақындарға оны аударуға кіріспеске? Дүниеде, энциклопедияларды қосқанда, қанша анықтамалықтар және т.б. бар, сондай-ақ әзірге қазақ балаларына – аудармалардың жоқтығынан – қол жетімсіз басқа әдебиеттер қаншалықты көп? Егер осындай кітаптар пайда болса, және «ана тіліне» шын мәнінде жанашыр адамдар өздерінің балалары мен немерелері үшін кем дегенде бір данасын сатып алса, онда бұл олардың қазақ тілін насихаттауға сөзбен емес, іспен қосқан үлесі болатын еді. Сонымен қатар аудармашылар да өз еңбектері үшін материалдық сыйақы алады.
Бірақ әзірге балаларға арналған туындыларды өз қорқынышы мен тәуекеліне қарамастан қазақ тіліне аударумен айналысатындар өте аз, және ол мұндай үндеулерге қол қойғандар емес. Ал қалғандардың барлығы мұнымен мемлекет айналысуы тиіс деп ойлайды: олар ақша бөлсін («Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шығарылған және бүгінде кітапханалардың сөрелерінде қолданусыз дерлік жатқан көп томдық басылымдармен болған жағдайдағыдай), ал содан кейін көре жатармыз дейді.
Дегенмен, қазақтың ұлтшыл-патриоттарында (оларды ұлтшыл-популистер деп атаған дұрыстау болар) жақсы бағдарламаның жоқтығы жөнінде тезисті тек тілдік салаға ғана емес, басқа да көптеген салаларға қатысты қолдануға болады. Мысалы, олар ауыл шаруашылығы мақсаттарына арналған жерлерді тіпті Қазақстан азаматтарына жеке меншікке сатуға тыйым салып, шетелдіктерге жалға бермеуді талап еткендердің алдыңғы қатарында болды. Бірақ мұндай тыйым салу енгізілгеннен кейін, бос жерлерді қалай игеруге болады, ауылшаруашылығы өндірісін қалай көтеруге болады, оған жеке инвестицияларды қалай тартуға болады (мемлекеттің бұл тұрғыдағы мүмкіндіктері шектеулі, және, ақыр-соңында, біз нарықтық экономиканы құрып жатқан сияқты емеспіз бе), жерге деген шынайы шаруашылық қатынасты қалай қалыптастыруға болады? Кімде-кім нақты және іске асыруға болатын бағдарламаны ұсынды ма? Сұрақ, сіз түсінгендей, риторикалық.
Осы адамдар Қазақстанда АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатыр, Қытай қатысатын өнеркәсіптік кәсіпорындардың жабылуын талап етеді және т.б. Осы мәселелерде мен дилетант болсам да, бірақ қарапайым адам ретінде олардың алаңдаушылығына ішінара келісе отырып, мен оларға: Экономика мен ел халқының салыстырмалы түрде арзан электр қуатына өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін сіздер не ұсына аласыздар? Біздің елімізде жұмыссыз қазақстандықтарды, ең алдымен қазақтарды жұмыспен қамтуға болатын заманауи өнеркәсіптік өндірістер құруға қатысты қандай идеяларыңыз бар? – деген сұрақтарды қоюдан бас тарта алмаймын.
Бірақ жауап болмайды деп қорқамын…