Кеше ғана Қазақстан немесе оның жекелеген шенеуніктері мен олигархтары ЕО санкцияларына ұшырауы мүмкін деп тіпті елестету қиын еді, ал бүгін, Еуропарламент тарапынан еліміздегі демократия мен адам құқықтары жөніндегі ахуалды қатаң бағалағаннан кейін, кейбір сарапшылар санкциялардың еңгізілуі әбден ықтимал сценарий деп айта бастады. Бүгін бізде қонақта саясаттанушылар Досым Сатпаев пен Максим Казначеев, олар осы жағдай жөнінде өз көзқарастарымен бөлісе отырып, ықтимал санкциялардың салдарын және оларға билік пен қоғам тарапынан ықтимал реакцияны болжауға тырысады.

Досым Сатпаев, саяси ғылымдарының кандидаты:

«Қазақстандағы жағдайды мұқият бақылай отырып, өзгерістерді күтетін болады»

- Мұнда елімізге қарсы қандай да бір экономикалық санкциялар жөнінде сөз болып отырған жоқ. Олардан билік элитасы емес, қарапайым азаматтар зардап шегетінін бәрі түсінеді. Еуропалық парламент өз резолюциясында тек республикадағы адам құқықтарын бұзуға қатысы бар жекелеген билік өкілдеріне жеке санкциялар енгізу ықтималдығына ғана назар аударды.

АҚШ-та бұл «Магнитский тізімі» деп аталады. Ал Еуропалық одақ аясында «Адам құқықтары бойынша ЕО-ның жаһандық санкциялық режимі» деп аталады, ол жақында, өткен жылдың желтоқсан айында жаңадан қабылданған. 2020 жылдың күзінде Еуропалық одақ пен Ұлыбритания Алексей Навальныйды уландыруға тырысу әрекетімен тікелей немесе жанама түрде байланысы бар кейбір ресейлік шенеуніктерге қатысты жеке санкциялар қолданған болатын. Бұған дейін ЕО Белоруссиядағы президенттік сайлаудан кейін оппозицияның іс-әрекеттерін қатаң түрде басылғанына байланысты, бірқатар компаниялар мен билік өкілдеріне қарсы бірнеше санкциялар пакеттерін енгізген болатын.

Жалпы, менің ойымша, Минск пен Мәскеу өткен жылы ЕО-мен және АҚШ-пен қарама-қайшылықтың жаңа кезеңіне өтіп, посткеңестік кеңістіктегі барлық авторитарлық режимдерге үлкен қолайсыздық тудырды. Белоруссиядағы саяси оқиғалардан кейін, сондай-ақ Навальныймен болған оқиғадан соң, ЕО мен АҚШ Ресейдегі және посткеңестік кеңістіктегі басқа елдердегі саяси процестерді барынша мұқият қадағалап, қорытынды жасап, тиісті шаралар қабылдайтын болады.

- Қазақстан халықаралық қоғамдастық тарапынан осыншалықты мұқият назарға қалайша тап болды?

- Бірнеше себеп бар. Біріншіден, елдегі күшті наразылық толқынын тудырған 2019 жылғы президенттік сайлау, сондай-ақ оған жауап ретінде жасалған биліктің репрессивті әрекеттері. Екіншіден, «адам құқықтары үшін күрескер» Дулат Агадилдің тергеу изоляторындағы күдікті өлімі. Үшіншіден, Қазақстанның түрлі өңірлерінде азаматтық белсенділерге қатысты өткен сот процестері, олардың ішінде ең резонанстысы – Альнұр Ильяшев пен Ася Төлесованы тұтқындауларына байланысты болды. Төртіншіден, елде жүргізілді деп жарияланған жалған реформалардан халықаралық қоғамдастығының өкініші. Әңгіме «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа заңды, сондай-ақ «Саяси партиялар туралы» және «Сайлау туралы» заңдарға өзгерістер енгізу пакетін қабылдау жөнінде болып отыр. Билік оларды алға қарай жасалған үлкен қадам ретінде белсенді түрде жариялады, бірақ іс жүзінде саяси жүйенің жұмысында ештеңе өзгерген жоқ: биліктің саяси монополиясы да, азаматтардың саяси белсенділігін қатаң бақылау да сақталды. Бұл жалған реформалардың барлығының қортынды нәтижесі – жақында өткен таңдаусыз парламенттік сайлау болды, ол ескі сценарий бойынша партиялық ойыншылардың ескі құрамымен өтті.

Егер тереңірек үңіліп көрсек, Тоқаевқа бір жағынан азаматтар арасында өзінің заңдылығы мен танымалдылығын арттыру қажет болса, екінші жағынан – бюрократиялық аппарат пен элиталық топтардың көз алдында да дәл сондай сенімділік алу маңызды болды. Бірақ барлық мәселе бірінші жағдайда нақты реформалар мен билік пен қоғам арасында жаңа әлеуметтік келісім-шарт жасау қажет болғанында, ал екінші жағдайда, керісінше, қолданыстағы саяси жағдайды сақтау қажет болғанында. Шешілмейтін қайшылық пайда болды. Нәтижесінде, өздерінің қоғамдағы заңдылығын саясат пен ойын ережелерін өзгерту арқылы емес, элитадағы күштердің ескі тепе-теңдігін сақтай отырып, реформаларды еліктейтін саяси технологиялар арқылы алуға шешім қабылдады.

Бесіншіден, ЕО-ның шыдамын әбден тоздырған жәйт – кейбір ҮЕҰ-ға, оның ішінде құқық қорғаушыларға жасалған қысым болды, олар билікті реформаларды жай ғана еліктегені үшін, партия ойыншыларының құрамын кеңейтуге құлықсыздығы үшін, тәуелсіз бақылаушыларға қатысты қысым жасағаны үшін және тағы басқалары үшін сынға алды. Мұның бәрі халықаралық қоғамдастықтың алдында Қазақстанның онсыз да жақсы емес имиджін одан әрі нашарлатып, соңғыларын біздің елге ерекше назар аударуға мәжбүр етті.

Әрине, Еуропарламенттің бұл резолюцияны қабылдау фактісі ертең қазақстандық биліктің белгілі бір өкілдеріне қарсы жеке санкциялар енгізе бастайды дегенді білдірмейді. Керісінше, бұл ықтимал жағымсыз перспективаларды көрсететін ескерту болды. Бұл Қазақстандағы жағдайды мұқият қадағалап, белгілі бір өзгерістерді күтетіндігінің белгісі. Әйтпесе, бізді Ресей мен Беларусьтің тағдыры күтіп тұр, ал олардың билеуші элиталары еуропалық санкциялардың барлық «қызығын» бастан өткерді.

- Жеке санкцияларға ұшыраған адамдарға олар қандай жағымсыз салдар әкеледі?

- Біріншіден, кез келген санкция – бұл Ресей, Белоруссия немесе Түркіменстан билігінен айырмашылығы әрқашан қол алысуға, оның ішінде еуропалық астаналарда әрдайым қол алысуға тырысқан Қазақстан билігіне айтарлықтай абыройлы соққы болып табылады.

Екіншіден, егер біздің көптеген жоғары лауазымды шенеуніктеріміз Еуропаға демалуға баруды, сол жақта жылжымайтын мүліктерді иеленуді, сол жаққа өз отбасыларын апаруды немесе сол жерде токалдарына жағдай жасауды және т.б. ұнататынын ескерсек, онда олардың кез-келгеніне қарсы жеке санкцияларды енгізу өте ауыр соққы болып табылады, өйткені ЕО-дағы жол олар үшін жабық болады.

Үшіншіден, санкциялар тек жылжымайтын мүлкі ғана емес, сонымен қатар Еуропадағы бизнес активтері мен банктік шоттары бар билік өкілдеріне ауыр тиеді. Оның үстіне, олардың барлығына тыйым салынады және олардың ашылуы жариялы түрде жасалатын болады. Сонымен қатар, олардың еуропалық бизнес-серіктестері зардап шегеді, оларға кез-келген келісімдер жасауға және санкциялар тізіміндегі адамдармен бірлескен жобалар жүргізуге тыйым салынады.

Бірақ тағы да қайталаймын: Еуропарламент әзірге санкциялар енгізген жоқ, ол тек қана ескерту жасады. Егер біраз уақыттан кейін ол тиісті нәтижелерді көрмесе, онда Қазақстан Батыс тарапынан көпшілік алдында соққыға түсетін келесі объектісіне айналуы мүмкін.

- Ал жеке санкциялар жалпы алғанда Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

- Бүгінгі таңда Қазақстан үшін №1 сауда серіктесі болып табылатын ел Ресей емес, тіпті Қытай да емес, ол – Еуропалық одақ, сондықтан Қазақстанңың ЕО-ға тәуелділігі ЕО-ның Қазақстанға тәуелдігіне қарағанда әлде қайда жоғары. Әрине, қазақстандық мұнайдың негізгі сатып алушыларының бірі Еуропа елдері болып табылады. Бірақ егер Қазақстан мен ЕО арасында шиеленіс басталса, олар әрқашан балама таба алады. Қалай болғанда да, қазақстандық элитаның белгілі бір өкіліне қарсы жеке санкциялар енгізу елдің имиджіне ғана емес, оның экономикасына да айтарлықтай әсер етеді. Бұл жағдайда өз инвестицияларын осында салуға ниеттенген еуропалық компаниялар Еуропалық одақпен тығыз қарым-қатынаста болған елдің билігімен ынтымақтастықты жалғастырғысы келуі екіталай.

Айтпақшы, Қазақстандағы кейбір билік өкілдеріне қарсы санкцияларды гипотетикалық енгізуден Өзбекстан ұтуы мүмкін, ол қазір өзінің саяси имиджін жақсартып қана қоймай, өңірдегі инвестициялық ағындарды өзіне тартып алуға тырысуда. Өзбекстанда Apple, Netflix, Nike, Adidas, Google Commerce, Samsung Electronics сияқты трансұлттық компаниялар өз офистерін ашуға шешім қабылдағаны оның инвестициялық тартымдылығы өсе бастағанын білдіреді, ал Қазақстан жөнінде мұндайды айту мүмкін емес.

Өзбекстан да Қазақстан сияқты авторитарлық мемлекет екені түсінікті. Бірақ оның жетекшісі Шавкат Мирзиеев контрасттарда шебер ойнайды – Ислам Каримовтың бұрын болған қатал авторитарлық режимі аясында екінші президенттің осы қаттылықты төмендету жөніндегі кез-келген әрекеті бірден халықаралық қауымдастықтың мақұлдауын тудырады. Мирзиеевті ешкім бақыламайды, сондықтан оның маневр жасау үшін кең өрісі бар.

- Санкцияларды енгізген жағдайда біздің қоғам оларға қалай қарайды? Оларды көп адамдар қолдай ма? Мысалы, Ресейде мұндай азаматтарды (негізінен либералды лагерьден) ресми насихат сатқындар деп атайды. Ал Қазақстанда қалай болады? Шынында да, біздің елдегі санкциялардың ықтимал жақтаушылары адал сайлауға, сөз бостандығы мен митингтерге қол жеткізудің басқа жолдарын көрмегендіктен, оларды енгізуге шақырады ғой.

- Ресей қоғамы қазақстандық қоғамнан өзгешеленеді. Ресей Федерациясының басшылығы ұзақ уақыт бойы шындықты кеңестік көзқарас арқылы қабылдауды адамдардың санасына енгізген насихаттық телевизор зомби-қорапшасы арқылы айналада сыртқы және ішкі жаулар толып жатыр, сондықтан Ресейді тізеден көтеруге, сондай-ақ барлық нақты және мифтік жауларға соққы беруге тырысып жатқан биліктің айналасында бірігу қажет деп, халықтың бір бөлігін өз айналасында жұмылдыра алды. Мұның барлығы «Қырымбіздікі» стиліндегі патриоттық ұрандармен көтермеленіп отырды. Сондықтан Ресей Федерациясына қарсы санкцияларын Ресей қоғамының бір бөлігі, Путиннің жақтастары, оны қайтадан «ұлы» болуына жол бермеу үшін жасалып отырған Батыстың әрекеті ретінде қабылдады.  

Шындығына келсек, соңғы жылдары Ресейде өмір сүру деңгейінің төмендеуі, экономикадағы дағдарыс процестері, сыбайлас жемқорлықтың өркендеуі, сәтсіз зейнетақы реформасы, халықтың «Қырымбіздікі» деген ескі ұранынан, ішкі және сыртқы жауларды іздеуден шаршауы аясында Путиннің рейтингінің төмендеуімен байланысты тағы бір үрдіс бар. Мұның бәрі біртіндеп Ресей көшбасшысының дәстүрлі қолдау тобын бұлдыратады. Қоғамдағы наразылықтың өсуінің айтарлықтай көрсеткіші, оның ішінде Путинге бір кездері адал болған адамдар арасында да, өткен жылы Хабаровскіде аймақтың бұрынғы губернаторы Сергей Фургалдың тұтқындалуына қарсы жаппай ереуілдер болды, өйткені оны көптеген адамдар Кремльдің құрбаны деп есептеді. Мен Навальныйды қолдауға арналған митингілер жөнінде тіпті айтпаймын, олар тек Мәскеуде немесе Санкт-Петербургте ғана емес, сонымен бірге үлкен және кіші 120 қалада өтті, бұл қазірдің өзінде саяси құбылыс болып табылады.

Қазақстанға келетін болсақ, мұнда билікке деген сенім дағдарысы әрдайым болған, ал соңғы жылдары тек күшейе түсті. Әсіресе, өткен жылы тіпті билікке адал азаматтар да коронавирустық індет кезінде кенеттен 30 жыл ішінде елде дағдарысқа қарсы сауатты жұмысты көрсететін бірде-бір тиімді саяси институт құрылмағанын көрді. Сонымен қатар, вирусқа қарсы «соғыс қимылдары» кезінде де кейбір шенеуніктер осындай қиын уақытта сыбайлас жемқорлық схемаларына қатысып жатқан кезде, азаматтар өздерін өздері құтқарды. Жақында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлағандай, 2020 жылы пара алушылар және сыбайлас-жемқоршылар келтірген шығындардың сомасы 60,1 млрд теңгені құрады, ал бұл бір жыл бұрын болған көрсеткіштен 2,4 есе көп!

Сондықтан қоғамның бір бөлігіне сүйенуі мүмкін Ресей билігінен айырмашылығы, қазақстандықтардың көпшілігінің көз алдында заңдылықтары жоқ. Мұны Жаңаөзендегі оқиғалар, жер митингілері, соңғы президенттік және парламенттік сайлау кезіндегі наразылық акциялары көрсетті. Тиісінше, Еуроодақтың немесе АҚШ-тың қоғамдағы қазақстандық элита өкілдерінің біреуіне қарсы жеке санкциялардын кез келген енгізуін дұрыс деп қабылдайды.

Ал азаматтық қоғамның саяси шешімдер қабылдау процесі мен әділетті және бәсекелестік сайлау арқылы билікті қалыптастыру механизміне қол жетімділіктің болмауына байланысты ішкі ықпал ету тұтқаларының жоқтығын ескерсек – бұл билікке қысым жасау жолдарының бірі болады.

Максим Казначеев, саясаттанушы:

«Патриоттық фактор санкцияларды қабылдамауға жұмыс істейді»

- Еуропалық одақ қазақстандық элита өкілдеріне қарсы қандай да бір жеке адамдарға қатысты ауқымды санкциялар енгізетініне күмәнім бар. Оларға жауап ретінде Қазақстан өз қызметін біздің аумақта жүзеге асырып жүрген еуропалық және американдық компанияларға қысым көрсету түрінде асимметриялық әрекеттер жасай алады. Адам құқықтарын бұзғаны үшін бірнеше шенеуніктерді жазалау арқылы қол жеткізуге ықтимал саяси бонустар алу үшін ғана Батыс өз активтерін жоғалтуына әкеліп соғатын экономикалық тәуекелдерге бармайды. Тиісінше, Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты мәлімдемесін ешқандай нақты іс-әрекеттер жасалмайтын ерекше ескерту деп бағалаймын.

Ықтимал еуропалық санкциялар еңгізілуіне қоғамның реакциясына келер болсақ, қайталап айтамын, оның болуына менің айтарлықтай күмәнім бар, онда ол көбінесе жағымсыз қабылданатынын қазірдің өзінде болжауға болады. Белгілі бір дәрежеде мұндай қауіп халықтың оған аз да болса сенім артатын бөлігін биліктің айналасына тіпті жинауы да мүмкін, ал кейбір мәліметтер бойынша бұл азаматтардың 80-85 процентін құрайды. Қалған 15 проценті – негізінен наразылық білдірушілер – санкцияларды қолдайтын батысшыл оппозиционерлерге және оларды айыптайтын патриот оппозиционерлерге бөлінеді.   

Бұл жерде, әрине, санкциялар тізімін толтыруға әлеуетті үміткерлерге, яғни қазақстандықтардың саясаткерлер мен олигархтарға деген дәстүрлі теріс қөзқарасы маңызды рөл атқаруы мүмкін. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, Қазақстандағы ішкі процестерге сыртқы саяси араласуды қабылдамау, әдетте, ұлттық-патриоттық көңіл-күйдің өсуін ескере отырып, басқаларының бәрінен асып түседі. Яғни, сыртқы қауіптер бюрократия мен олигархияны ұнатпаудан гөрі маңыздырақ болады.

Нәтижесінде, бізде ЕО-ның Қазақстанға қатысты санкцияларын қолдау деңгейі статистикалық қателік шегінде болады, яғни наразылық білдірген оппозиционерлер қатарындағы азаматтардың үш – ең көп дегенде бес процентінен аспайтын болады. Кез-келген жағдайда патриоттық фактор санкцияларды қабылдамауға жұмыс істейді.