Бүгінде біздің елімізде патриотизмнің екі түрі бар екендігін нақты айтуға болады – ол қазақстандық патриотизм және қазақтық патриотизм. Олардың қандай өзара байланыстары бар? Олардың қандай ортақ қасиеттері бар және негізгі айырмашылықтары қандай? Олар қиындықсыз бірге өмір сүре ала ма? Егер олай болмаса, ақыр-соңында қайсысы жеңеді? Біз саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлерінен осы сұрақтарға жауап беруді өтіндік.
ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Еркін Байдаров:
«Байланыс нүктелерін табу қажет»
- Патриот болу – бұл тек өз елін және халқын жақсы көріп, оны мақтан тұту ғана емес, сонымен қатар олардың гүлденуі үшін қол ұшын беруі, сондай-ақ мемлекет пен қоғамға қажет емес салдарларға әкелген белгілі бір «сәтсіздіктер» (саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдениет, спорт және т.б.) жөнінде шын жүректен уайымдау.
Өкінішке орай, барлығы мұны түсіне бермейді. Соңғы жылдары «патриот» ұғымының өзі нақты мағынасынан айырылған, кей кездері ол тіпті керексіз нәрсе ретінде қабылданып, ол туралы күлкілі түрде айту мүмкін болып кеткен. Алайда салауатты патриотизм – ол моральдық императив, мемлекеттіліктің болуы мен дамуының негізі. Оны тәрбиелеу маңызды және қажет, бірақ ешбір жағдайда оны жоғарыдан күштеп, мәжбүрлеу арқылы еңгізуге болмайды, өйткені бұл нәтиже әкелмегенмен қатар, керісінше әсер етуі мүмкін.
Әрине, патриотизмді қазақстандық және қазақтық деп бөлуді мен қолдамаймын. Егер біз осы жолды ұстанатын болсақ, онда біз біріншісін кеңірек ұғым деп, ал екіншісін – кішірек нәрсе деп есептеп, иллюзияға бөленіп қалуымыз мүмкін. Ұлы Дала жерінде туылған барлық азаматтар үшін, олардың ұлтына қарамастан, Қазақстан – Отаны болып табылады, және басқасы оларда жоқ. Отанымыздың жетістіктеріне біз барлығымыз бірге қуанып, ал оның сәтсіздіктеріне барлығымыз бірге қайғыруымыз қажет. Бұл тағдырдың еркімен өздерінің Отанынан алыста болып қалған, бірақ сонымен бірге этникалық қауымдастық пен өз руларына тиесілі күшті сезімдері бар миллиондаған қазақтарға да қатысты. Ал дәл солар үшін «қазақтық патриотизм» ұғымы өте тартымды (тар мағынада) болғанымен, олар сонымен қатар өздері тұратын елдерінің де патриоттары болып табылады.
Мысалы, мен өзімді тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Өзбекстанның да патриотымын деп айта аламын, өйткені екі ғасырға жуық уақыт бойы Қазақ хандығының құрамына кірген және кейінгі жылдары Түркістан өңірінің (және тек сол өңірдің ғана емес) көптеген қазақтары үшін маңызды мәдени және зияткерлік-рухани орталық болған Ташкент қаласында өзбек жерінде дүниеге келген едім. Ташкентте тұрған және білім алған көрнекті қазақтардың есімдерін: Төле би, Мұстафа Шоқай, Санжар Асфендияров, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов және т.б. еске түсіру жеткілікті. Сондықтан мен бірдей дәрежеде екі елдің де жетістіктеріне қуанамын және олардың сәтсіздіктеріне уайымдаймын (оның үстіне менің өзбек туыстарым да бар). Яғни, мен үшін тек этникалық бірегейлік қана емес, аймақтық бірегейлік те маңызды. Осы мағынада Орталық Азия мен үшін тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге ол менің ата-бабаларым өмір сүрген және менің ұрпақтарым өмір сүретін аймақ ретінде, яғни экзистенциалдық тұрғыдан да қызықты.
Ұлтшылдық патриотизм жөнінде айтатын болсақ, мен оның ешқандай жамандығын көріп отырғаным жоқ. Бірақ жалған немесе жағымпаз ұлтшыл (француз экономисі мен философы Турго оны лакейлік деп те атады) үшін емес, нақты ұлтшыл үшін өз елі мен халқынан, тілінен, мәдениетінен және тағы басқаларынан жақын ешнәрсе жоқ, бірақ сонымен бірге ол өзге этникалық топтарды кемсіту арқылы оларды көтермелеуге бармайды.
Осы мағынада мен де өзімді ұлтшылмын деп атай аламын және мен одан мүлде ұялмаймын. Менің ойымша, Қазақстанда (немесе кез келген басқа елде) тұратын халықтар өз елінің атауына негіз болған халықтың тілі мен мәдениетін құрметтеуі тиіс. Бұл қиын емес екендігіне сенуіңізге болады. Бұл сіздердің күнделікті көріп жүрген және жаныңызда тұратын адамдарға деген жай ғана құрмет...
Болашақта не жеңеді дейсіз бе? Менің ойымша, біраз уақыттан кейін қазақстандық патриотизм де, қазақтық патриотизм де, ал олармен бірге ұлтшылдық патриотизм де ортақ тіл табады және барлығына ортақ нәрсе ретінде қабылдана бастайды. Мұндай көзқарас біреуге «утопиялық» болып көрінуі мүмкін, бірақ мен болашаққа оптимистік көзқараспен қарап, қазақстандық қоғам, немесе, кем дегенде, саналы азаматтардың көпшілігі барлығына сәйкес келетін жолды табады деп сенгім келеді. Бірақ мұнда бәрі: үкімет те, саяси элита да, ғылыми және шығармашылық интеллигенция да, қоғам да тырысуы керек. Бірлескен күш-жігерсіз ештеңе шықпайды, біз тек тұйық шеңберде қамалып қаламыз...
ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Ермек Тоқтаров:
«Патриотизмнің екі түрі де бір адамның бойында бейбіт өмір сүре алады»
- Патриот үшін ең жоғары құндылық – атамекені, әкесі мен атасының елі. Оның амандығы үшін ол қандай жағдай болмасын бәрін құрбан етуге дайын болуы керек деп есептеледі. Патриотизмнің мұндай ескірген (немесе тар) интерпретациясында иррационалды, эмоционалды компонентке үлкен рөл беріледі.
Патриотизм туралы заманауи түсінік әлдеқайда кең. Патриот болашаққа қарап, ол жерден өз ұлтының, туған жерінің, халқының мінсіз бейнесін көреді. Ол өз елінде қолдану мақсатында ғылым мен мәдениеттің үздік жетістіктерін жинау үшін әлемді шарлауға дайын. Сонымен қатар, ол өзінің болашағын және ұрпақтарының болашағын осы жермен, оның мәдениетімен және халқымен байланыстыратындықтан, ата-бабаларының естелігін қошемет етіп, Отан тарихын біледі және құрметтейді.
Сонымен қатар, біз тек мемлекет азаматы ғана емеспіз – әрқайсымыз өз этносымыздың, туған қаламыздың немесе ауылымыздың өкілі екенімізді түсінуіміз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық патриотизм – бұл мемлекеттік патриотизм, ол, этносына қарамастан, барлық азаматтарға тән болуы мүмкін. Ал қазақтық патриотизм – этникалық патриотизм болып табылады, ол негізінен қазақтарға тән. Сонымен қатар, патриотизмнің екі түрі де бір адамда, қоғамдастықта, халықта қатар бейбіт өмір сүре алады.
Бірақ, кез келген идеологиялық көзқарастағыдай, патриотизмде қалыпты және радикалды бағыттар бар. Дәл соңғысына көбінесе ұлтшылдық патриотизм жатады, бұл этникалық топтың жекелеген өкілдерінің өз халқының мәдени бірегейлігін сақтау үшін түбегейлі шаралар қабылдауға дайындығын білдіреді (ол тілден, дәстүрден, әдет-ғұрыптан, нанымнан және т.б. тұрады). Бұл қазақстандық және қазақтық патриотизмдерінің өзара үйлесімділігінің бір түрі.
Менің ойымша, патриоттық сипаттағы бұл идеологиялық ағымдардың бәрі бірге қатар өмір сүруін жалғастыра береді. Ұлтшылдық патриотизм ұлттың мәдени өзегін сақтауды насихаттайды, ал мемлекеттік және этникалық патриотизм жаңа сәйкестендіру кодтарымен толықтырылады...
Сонымен қатар, әрқашан қоғамның консервативті және прогрессивті бөліктері болады. Олар бірігіп екі үлкен міндетті – ұлттық бірегейлікті сақтау және азаматтардың санасын жаңғыртуды – шешеді. Сондықтан басты мәселе қай бағыт басым болатынында емес, мәселе консерваторлар мен реформаторлар арасында қандай тепе-теңдік пайда болатынында. Бұл жерде теңдестірілген позицияны ұстану маңызды.
Қоғам санасында әр түрлі бағыттағы идеялар, нормалар мен қатынастар қатар жүреді. Сананың бұл қасиетін философ Сабетқазы Ақатай әлемнің синкретизмі деп атайтын. Біздің арамызда, мысалы, тенгриандықтар, мұсылмандар, христиандар, атеисттер бар, бірақ бұл әргелкілік ортақ Отанымызды бәріміз бірге жақсы көруімізге кедергі келтірмейді. Сондықтан неліктен бұл сезімге ұлт араласуы керек? Қазақтар ғана емес, орыстар да, басқа этникалық топтардың өкілдері де Қазақстанды шын жүректен жақсы көре алады, өйткені олар осында тұрады, балаларын тәрбиелеп, болашаққа жоспар құрады. Қазақтардың өз мәдениеті мен халқына деген сүйіспеншілігі басқа этнос өкілдерінің өз мәдениетін, тілін, дәстүрі мен әдет-ғұрпын жақсы көріп, сақтап қалуына кедергі болмауы керек. Патриотизм – бөлетін емес, біріктіретін нәрсе.
Өнердің әр түріндегі (әдебиет, балет, театр, опера және басқалар) біздің ортақ жетістіктеріміздің бәрі, көрші мемлекеттермен орнатылған мәдени және экономикалық байланыстар, тіпті сырттан енгізілген мәдени нормалар сақталып, халқымыздың игілігіне айналуы тиіс. Мұның бәрі біз өзімізді байланыстыратын ұлттың бейнесін қалыптастырады. Болашақ қандай да бір көзқарастың жеңісінде емес, ол мемлекет пен қоғамның бәріне ортақ үлгісін табуда.
Ғалым Ағелеуов, құқық қорғаушы, «Liberty» қоғамдық қорының жетекшісі:
«Азаматтық ұлттың орнына біз маргиналды ұлтшылдық алуымыз ықтимал»
- Патриот – өз елін сүйетін, оны жетілдіруге белсенді қатысатын, билікті кемшіліктері үшін сынай отырып, дағдарыстан шығудың жолдарын ұсынатын адам. Ол принципті, сауатты, мәдениетті, басқа азаматтың жан қайғысын, оның ұлтына қарамастан, өз қайғысындай сезінеді.
Қазақтық патриотизм да, қазақстандық патриотизм да, шын мәнінде, біздің республика тұрғындарының біртұтас азаматтық патриотизмі болып табылады. Бұл алуан түрлі мәдениеттер, діндер, дүниетанымдар мен тілдерден тұратын ұлттық құндылықтар мен біртұтас азаматтық ұлт құрудың негізі мен мінсіз жолы. Ал ұлтшылдық патриотизм қазақ қоғамында қазақ этносы мен тіліне үстемдік ету құқығы ретінде түсініледі, бұл оларды басқа этностардың өкілдеріне күштеп жүктеуіне әкеледі.
Мен мектептерден, балабақшалардан және диаспоралар тығыз орналасқан жерлерден бастап барлық диаспоралардың ұлттық тілдерін көтермелей отырып, ресми идеологиялық құндылықтарды, қазақ және орыс тілдерінің ресми және қоғамдық ортада басымдылығын анықтай отырып, Қазақстанда азаматтық ұлт құруға ұмтылуымыз керек деп есептеймін. Бірақ, өкінішке орай, тәуелсіздіктің барлық отыз жылы бойы билік бөліну мен басқарудың манипулятивті саясатын жүргізе отырып, осындай азаматтық ұлт құру үдерісін тек имитациялап қана отырды.
Шешендер мен дүнгендер тұратын ауылдарды қирату, этникалық және тілдік принциптерге негізделген жаппай тұрмыстық кемсітушіліктер елімізде экономикалық нашарлау жағдайында ұлтшылдық сезімдердің өсуімен байланысты проблема бар екендігін көрсетті. Мұндай жағдайда азаматтық ұлттың орнына біз тұрмыстық ұлтшылдыққа қол жеткізуіміз ықтимал, мұнда барлығы қай этникалық топтың саны көбірек екендігіне байланысты болады. Ал бұл жайт доминантты этностың жалған ұлттық құндылықтарын қатаң және кемсітушілік түрінде бекітуге әкелуі ықтимал.
Арман Токтушаков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
«Қазақстандық патриотизм азаматтық секторда белсенді түрде көрінуде»
- Қоғамда қазақстандық патриотизм, бұл тақырып теріс талқыланатын жекелеген жағдайларға қарамастан, жалпы алғанда дұрыс қабылданады. Халықтың көпшілігі үшін Отанға деген адалдық пен сүйіспеншілік, елдің және оның көрнекті азаматтарының жетістіктеріне деген мақтаныш сияқты нәрселер негізгі құндылықтар болып табылады. Бұл тұрғыда мемлекеттік билік әрқашан патриотизмді қоғамдағы тұрақтылықты, азаматтық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі болып табылатын ең маңызды идеологиялық бағыт ретінде белгілегенін атап өткеніміз жөн.
Қазақстандық патриотизмнің негізгі ұстанымдары мен принциптері «Рухани Жағыру» және «Қазақстан-2050 Стратегиясы» сияқты Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалған маңызды стратегиялық бағдарламалық құжаттарда көрсетілген. Бұл бағдарламаларда өз мәдениетін, ұлттық кодын сақтау арқылы патриоттық сезімдерді қалыптастыруға ерекше мән берілген. Бұл ретте «патриотизмнің негізі – мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық негізгі бағыттар мен құндылықтар бойынша сәйкес келуі» қажет екендігіне баса назар аударылады.
Құндылық бағдарларды қалыптастырудың, оның ішінде қоғамдағы патриотизмді дамыту мен нығайту арқылы, маңыздылығы жақында президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған. Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өткендей, «біздің қоғамда патриотизм, білімге ұмтылыс, еңбекқорлық, ынтымақтастық пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді насихаттау қажет».
Қазақстандық патриотизмді дамытуға бағытталған жоғарыда аталған барлық идеологиялық көзқарастар қоғамда өз жауабын және кең қолдауын тауып жатыр. Demoscope Қоғамдық пікірді экспресс-бақылау бюросы осы жазда өткізген «Қазақстандықтардың негізгі әлеуметтік құндылықтары» тақырыбында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша «бірлік пен патриотизм сезімі» бірінші кезектегі он құндылықтардың бірі болып шықты.
Соңғы кезде қазақстандық патриотизм азаматтық секторда белсенді түрде байқала бастағанын бөлек айта кету қажет. Атап айтқанда, ол өз көрінісін волонтерлер қозғалысының қарқынды дамуында табады. Өткен жыл Волонтерлер жылы деп жарияланғаны кездейсоқ емес, оның аясында пандемия кезінде денсаулық сақтау жүйесін қолдау және халықтың. әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына көмек көрсету бойынша белсенді жұмыс жүргізген «Birgemiz» деген республикалық фронт-офис ашылды. Ресми мәліметтер бойынша, бүкіл ел бойынша төтенше жағдай кезінде 850 мыңнан астам адамға көмек көрсеткен 36 мыңнан астам белсенділер волонтерлік қызметке тартылды.
Тұтастай алғанда, орталығында патриоттық құндылықтар тұрған бірлік пен келісімнің қазақстандық жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Халықаралық тұрақсыздық, әр түрлі елдердегі ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар, мультикультурализм дағдарысы жағдайында Қазақстанның бұл саладағы жетістіктері ерекше маңызға ие. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін қазірдің өзінде басқа елдер, ең алдымен, посткеңестік кеңістіктен (Ресей, Қырғызстан, Молдова) алып жатыр.
Жалпы алғанда, патриоттық сезім қазақстандық қоғамда ынтымақтастық пен бірлікті қалыптастыруда шешуші рөл атқарады деп толық сеніммен айтуға болады. Бұл біздің адамдарымызды шынайы құндылықтардың айналасында біріктіреді, сонымен қатар мемлекеттің одан әрі табысты және қарқынды дамуының факторы ретінде қызмет етеді.