Шамамен жарты жыл бұрын QMonitor «Патриоттар мен моралистер. Парламентте жүрген бұрынғы журналистері не нәрсеге алаңдап жүр?» -деп аталатын мақала жарияланған болатын. Ондағы әңгіме депутаттыққа өткен әріптестеріміздің өз сұрауларында әдетте адамгершілікке, патриотизмге, ұлттық құндылықтарға және басқа да нақты емес, бірақ жоғары материалдарға қатысты және арнайы білімді қажет етпейтін тақырыптарға жүгінетіні жөнінде болды. Алайда соңғы айларда олар үкіметке жүгіну аясын кеңейтуді ұйғарған сияқты болып көрінеді. Расын айтатын болсақ, олар жиі мүлдем орынсыз тақырыптарға кетіп қалады...
Түкке тұрмайтын нәрсемен айналысудың қажеті не?
Мәселен, ақпан айының ортасында вице-премьер Ералы Тоғжановқа Мәдениет және ақпарат экс-министрі, ал оған дейін «Өркен» және «Горизонт» газеттерінің бас редакторы болған Дархан Мыңбай, «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы бөлім меңгерушісі Мейрамбек Төлепберген, «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінің бас редакторы болған Жанарбек Әшімжанов, журналист, ақын Мақпал Тәжмағамбетова (Мыса) қол қойған сұрау жолданған. Бұрынғы ақпараттық майданның «жауынгерлері», ал қазіргі кезде «Нұр Отан» (ендігі «Аманат») партиясынан сайланған мәжіліс депутаттары редакциямен бірлесе жұмыс істейтін журналистер мен авторлардың гонорарлары (қаламақылары) жөнінде алаңдай бастады.
Біз үшін, қазіргі кезде жұмыс істеп жүрген БАҚ қызметкерлері үшін, қаламақы дегеніміз – бұл еңбек үшін төленетін сыйақы, мақала жазуға жұмсалған әрекет пен уақыт үшін төленетін материалдық өтемақы. Ал депутаттық сұрауда ол «шығармашылық тұлғалардың, журналистер мен ойшыл авторлардың интеллектуалдық және рухани байлығының жемісі» деп аталған. Олардың пікірінше, гонорарда маңызды әлеуметтік қызмет атқару функциясы бар. Үндеуде, айтарлықтай, оқырмандар мен көрермендер баспа басылым беттерінен, электронды БАҚ-тан ойы терең, сөзі салмақты, беделі кіршіксіз авторларды оқып, көріп, тыңдағанды жөн көреді. Бірақ мұндай қоғамдық пікір қалыптастыра алатын адамдарды тарту үшін тиісті ынталандыру тетіктерін қамтамасыз ету қажет. Егер осы әдемілеп күрделілендірілген сөздерді «жұмысшы-шаруалардың» тіліне аударсақ, онда қаламақы төлеу қажет. Ал олар басылымдардың барлығында қарастырылмаған делінген.
Осыған байланысты, депутаттар келесіні ұсынып отыр. Біріншіден, Қаржы министрлігі мен Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі осы саладағы халықаралық тәжірибені зерделеп, қаламақы жүйесін енгізу бойынша ұсыныстар дайындауы тиіс. Екіншіден, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыру кезінде журналистер мен тұрақты авторлардың қаламақылық қорының көлемін жеке норма ретінде белгілеп жазу қажет.
Мұнда орынды сұрақ туындайды: ал сонда бүгінде редакциялардың штаттарында бола тұра мәтін жазатындар немесе телебағдарлама дайындайтындар тегін жұмыс істеп жатыр ма? Жоқ, олардың барлығы өздерінң жасаған жұмыстары үшін ақша алып жүр. Мысалы, газетте, Интернет-басылымда ол ақшаны белгілі бір норманы (материалдар саны немесе баспа белгілерінің саны) орындағаны үшін төлейді – мұны жалақы деп атауға болады, бірақ шын мәнінде бұл гонорар (қаламақы). Журналистерге жалақы мақала жазғаны үшін төлемесе, оны тағы басқа не үшін төлеп жүр? Бұл негізгі, ал көптеген БАҚ қызметкерлері үшін тіпті жалғыз ғана табыс көзі. Ал егер штаттан тыс авторларды тарту мәселесіне келетін болсақ, оларға ақша жұмсаудың қажеті бар ма, әлде өзіндегі ресурстарымен шектелген дұрыс па – оны әрбір редакция өзі шешеді.
Ал енді депутаттық сұрауға вице-премьер қалай жауап бергені туралы айтайық. Ол елімізде тіркелген барлық газет-журналдарды және интернет-ресурстарды ақпараттық агенттіктер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер немесе акционерлік қоғамдар шығаратынын, мемлекеттің олардың қаржылық-шаруашылық қызметіне араласуға құқығы жоқ екенін айтты. Тиісінше, журналистерге еңбекақы төлеу жүйесі мен мөлшеріне қатысты барлық шешімдерді, оның ішінде төленетін қаламақы жөніндегі шешімдерді редакциялардың өздері және олардың құрылтайшылары қабылдауы тиіс.
Қорытындап келгенде, депутаттарға түкке тұрмайтын мәнсіз нәрсемен айналысудың қажеті жоқ деген дипломатикалық жауап берілді. Бұл жерде, үндеу авторларының арасында газеттердің бұрынғы бас редакторлары, тіпті бақандай бұрынғы ақпарат министрі де бар. Сонда олар анық нәрселерді түсінбейтін болып шыққаны ма? Әлде олардың басты мақсаты мүлде басқа нәрседе – «депутаттық сауалдар» бағанында өз есімдерінің қарама-қарсысында кезекті орындалды деген белгіні қоюдың қажеттілігінде болды ма?
Сенатор ойынқүмарларға қарсы
Бір кездері еліміздің басты телеарналары «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарының жүргізушісі әрі продюсері болған және біздің жариялымдарымыздың жиі кейіпкері, сенатор Дана Нұржігіт те «белгіленуді» жөн көрді. Оның Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жолдауы букмекерлік кеңселер мен лудомания деп аталатын құмар ойынға тәуелділікке қатысты. Мүмкін, бұл мәселе өте өткір де шығар, бірақ оның хабар жеткізу тәсілі таң қалдырмауй қоймады.
Ағымдағы жылдың ақпан айының бірінші күнінде осындай мақсаттар үшін арнайы құрылған веб-сайтта «джекпот ұтқысы келетіндер» бәс тігетін букмекерлік кеңселер мен онлайн ойын алаңдарын жабуға шақырған петиция жарияланды. Әлде ол петицияның бастамашылары Дана Өмірбайқызының көмегіне жүгінді ме, әлде ол өз еркімен оларды қолдауға шешім қабылдады ма, бірақ оның өтінішінің мәтіні дәл осы петицияға сілтемелерге толы. Оның үстіне сенатор ондағы цифрлар мен фактілердің мән-мағынасына үңілуге тіпті әуре болмағанға ұқсайды.
Мысалы, ол петиция авторларына ілесе отырып: «Қазақстанда құмарлық ойындарға тәуелді ойыншылардың саны 350 мыңнан асып түседі. Бір ойыншының орташа қарызы – 10 миллион теңгені құрайды». Егер 350 мыңды 10 миллионға көбейтсек, 3,5 триллион теңге шығады. Бұл бүкіл республикалық бюджеттің төрттен бір бөлігін құрайды. Мұндай астрономиялық цифрлар қай аспаннан алынған? Бұл ретте сұраныс мәтінінде сәл жоғарырақ барлық ойын мекемелерінің, соның ішінде ойынханалардың жылдық қолма-қол ақша айналымы 170 миллиард теңгені құрайтыны жөнінде айтылған.
Нұржігіттің келтіріп отырған мұндай салыстыруы да таң қалдырады. Оның айтуынша, 2019 жылы ойын мекемелерінен бюджетке салық түрінде 16,5 млрд теңге түскен, ал 2021-2023 жылдары мемлекеттің әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсайтын шығыны 23,4 трлн теңгені құрауы тиіс. Осыдан кейін ол: «егер бұл сандарды салыстырсақ, құмар ойынының қоғамға тигізетін зияны олардан бюджетке түсетін шығыннан әлдеқайда көп екені белгілі болады», - деп терең ойлы қорытынды жасайды. Сонда бізде барлық әлеуметтік шығындар құмар ойындардың салдарын еңсерумен байланысты ма?
Әлемде бәс тігуге және спорттық жарыстарға ставка жасауға тыйым салынған оннан сәл ғана астам ел бар. Бұл негізінен араб әлемі, Қытай, Оңтүстік Корея, Вьетнам, Түркия... Жалпы алғанда, бұл жерде айқын өзара байланыс бар: мемлекет неғұрлым либералды болса, соғұрлым ол адамдардың құқықтарын, соның ішінде құмар ойындарды «секвестрлейді» Бұған айқын мысал – Еуропа.
Алайда, петиция авторларынан айырмашылығы, сенатор «ойынханаларды толығымен жабуды» талап етпейді – ол тек бірқатар шектеу шараларын қолдануға шақырады. Шындығына келсек, оның ұсыныстарының тек біреуі ғана нақты (букмекерлік компаниялардың жарнамасына тыйым салу), ал қалғандары мүлдем бұлынғыр және тіпті түсініксіз. Мәселен, ойын бизнесі субъектілерінің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру жұмыстарын жүргізу, ойын бизнесінің азаматтарға тигізетін зиянын азайтуға бағытталған шараларды күшейту... Оған қоса, депутат уәкілетті органдар ойынға тәуелді қазақстандықтардың есебін жүргізіп, оларға қатысты тиісті шаралар қабылдауы тиіс деп есептейді. Мұндай адамдарды қалайша анықтауға болады, қандай шара (үйқамаққа алу, онлайн бәс тігуге жол бермеу үшін Интернеттен ажырату, мемлекет ақшасына немесе басқа нәрсеге оларға психолог жалдау) қолдануға болатыны жөнінде бұрынғы тележүргізуші үн шығармайды.
Шамасы, ол өз ұсыныстарымен мемлекеттік қызметкерлерді дүмпуге түсірген болар – жауап беру үшін бөлінген бір ай уақыт оның көтерген мәселелері талқылауды талап етеді деген өте қысқа, жеті жол хабарлаудық хабарламаға ғана жетті. Сірә, бұл істің мәнін қозғамайтын, формальды жауап болар.
Мемлекет есебінен жасалатын жомарттық па?
Парламентке дейінгі өмірінде көптеген қазақ тілді жетекші басылымдардың («Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Айқын») редакцияларын басқарған тағы бір сенатор Нұртөре Жүсіп жуырда Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Онда ол Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын халықаралық деңгейде кеңінен атап өтуге шақырды. Бәрі де жақсы сияқты, бірақ депутаттың ұсыныстары республикалық бюджет үшін тым ауыр болып шығуы мүмкін.
Атап айтқанда, сонау 1989 жылы, КСРО кезінде түсірілген «Сұлтан Бейбарыс» көркем фильмін араб және ағылшын тілдерінде дубляждауға, осы тарихи тұлға туралы драматургіміздің пьесасын Мысыр сахнасында қоюға, 30 сериялы телехикаяны араб тілінен қазақ тіліне аударуға, сондай-ақ Қазақстанның астанасында және Каирде атақты бабаға ескерткіштер орнатуға шақырды...
Неге екені белгісіз, ол Нұр-Сұлтанды Астана деп атады. Шатасып айтты ма әлде лезде пікірін ауыстырды ма екен? Өйткені ол, салыстырмалы түрде жақында, яғни 2019 жылдың сәуір айында, сенатор болып тағайындалуынан төрт ай бұрын, «Нұр Отанның» съезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап сөйлеген сөзінде ол: «Біздің бабамыз Абылай хан қазақтың үш жүзінің басын біріктіре алмай өмірден озды. ал сіз жүзден астам ұлт өкілдерінің басын қосып, киелі мемлекетті құрушылардың қатарына қосылдыңыз» - деген салыстыруды айтқаны есімде.
Алайда, өткенді еске алған адам көзден таса болады дейді. Сондықтан жалғастырайық. Жоғарыда аталғандар – бұл «міндетті бағдарлама» дегендей. Бірақ оған қоса тағы да тілектер бар. Мысалы, араб кино қайраткерлерімен бірлесе отырып, Бейбарыс туралы жаңа фильм немесе телехикая түсіру, басқа мәмлүк сұлтандары Қалауынға және Қайтбайға ескерткіш орнату (тарихшылар олардың шығу тегі туралы дауласып жатса да, депутат олардың қазақ даласынан шыққанына сенімді), Мысырдағы мәмлүктер жылдарында салынған мешіттерді, медреселерді, көпірлерді және басқа да нысандарды қалпына келтіруге қаржылай қолдау көрсету. Оған қоса, аталған сұлтандардың есімдеріне қатысты және әртүрлі шетелдік мұражайларда сақтаулы тұрған құнды жәдігерлерді сатып алуға, ғылыми зерттеулерге және т.б. ақша бөлу.
Осы шығындардың барлығы біздің мемлекетімізден қанша қаржы талап ететінін Нұртөре Жүсіп тым болмағанда есептеп көрді ме екен?