«Су Арал теңізіне қайта оралып келе ме?» - бұл сұраққа жауап табу мақсатында экологиялық марафонға қатысушылар Сырдария өзенінің қазақстандық жағымен оның атырауына дейін жетіп, 15 мамырда жергілікті тұрғындармен бірге құрбандық шалып, ұжымдық дұға оқып, құрғап қеткен теңіздің түбіне су шашып, аспаннан оны қайтадан суға толтыруды сұранды. Алла Тағала Арал теңізін қиыншылықта қалдырмайды деген сенімнің жалғасуы, әрине, жақсы. Бірақ егер мистицизмді ысырып қойып, экомарафонның бастамашылары не айтып жатқанын тыңдайтын болсақ, таң қалуға тура келеді.

Мәнсіз әрекеттер

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл марафонның басты бастамашысы – «Байтақ» халықтық экологиялық партиясы, ал нақтылап айтқанда оның жетекшілерінің бірі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі және өзін өзі осылай атайтын «Байтақ-Болашақ» альянс экологиялық ұйымының президенті Азаматхан Әміртай. Алайда бұл партия әлі тіркелмеген. Ол бір-екі ай бұрын Әділет министрлігіне құжаттарын тапсыруға дайындалып жатқан болатын, сол уақытта оның ұйымдастыру комитетінің құрамына ақын Олжас Сүлейменов пен ғарышкер Тоқтар Әубәкіров кіргені туралы ақпарат (ол анықтауды қажет етеді) пайда болды. Бірақ Әміртай бір миль қашықтықта ашық популизмнің иісін сезетін қызу әрекетке кірісіп кетті.

Оның «Фейсбуктегі» жазбаларына қарағанда, ол 12 мамырда әріптестерімен бірге Арал жаққа аттанып кеткен, яғни марафон деп қатты дауысты аталған акция үш күнге созылған. Осы уақыт ішінде ол эфирге ондаған рет шығып, көрген-білгенін айтып, салиқалы пікірімен бөлісіп, көптеген лайк жинап үлгерді. Әміртай сапарының мақсаты туралы: «Сырдарияның суы неге Аралға дейін жетпейді? Осы сұраққа жауап алу үшін мен үш күн бойы Сырдарияның төсін аралап шықтым» - деп жазған.

Сонда ол неліктен сондай болғанын осы уақытқа дейін білмеген бе? Бұл тақырыпта жазылған көптеген басылымдар бар, соның ішінде беделді ғалымдар мен мамандар жазған жариялымдар бар, Арал теңізінің өлу себептерін түсіну үшін ешқандай «марафонсыз» оларды оқып шығудың өзі жеткілікті болар еді. Мұндай сапарлар бұл экологиялық апат туралы толық дауыспен айтылып жатқан кезде, 1980-ші жылдардың екінші жартысында өзекті болған, ал бүгінде бұл мәнсіз әрекеттер, бұл өзіне назар аударту, бағасы төмен танымалдыққа ие болу әрекетінен басқа еш нәрсе емес сияқты болып көрінеді.

Арал теңізінің тағдырына демонстрациялық жанашырлық ретінде емес, шын мәніндегі, нағыз алаңдаушылықтың мысалы ретінде 1988 жылы «Новый мир» (Мәскеу) және «Памир» (Тәжікстан) журналдары ұйымдастырған экспедицияны келтіруге болады. Оған КСРО-ның әр түрлі республикаларынан ғалымдар, су мамандары, экологтар, биологтар, журналистер қатысып, Сырдарияның бастауларынан Арал теңізіне дейін саяхаттап, Барса-Келмес аралында болып, одан кейін Әмудария бойымен оның ең жоғарғы ағысына дейін. көтерілді. Экспедиция екі айға созылды. Мінеки, нағыз марафон деп осы саяхатты атауға болады!

Оған қоса, ол экспедицияның қорытындысы бойынша Мәскеуде Орталық Азияның барлық республикаларынан келген делегациялардың, КСРО-ның жетекші ғалымдары мен сарапшыларының қатысуымен «Арал күндері» ұйымдастырылды. Бірнеше күн бойы экологиялық апаттың себептері мен оны еңсеру жолдары жөнінде өте қызу пікірталастар жүргізілді, оған осы жолдардың авторы да куә болды, өйткені ол экспедицияға Қызылорда облысы аумағында қосылып, сол себепті шақырту алды. Сондай-ақ, «Новый мир» газетінің Арал тақырыбына арналған арнайы саны жарық көрді, сол кездегі өте танымал, беделді журнал болатын. Осының барлығы одақтас биліктің Арал теңізі мен Арал өңірінің проблемаларын шешуге нақты шараларды қолға алуына да ықпал еткен болатын. Бірақ, расын айтқанда, көп ұзамай КСРО ыдырады...

Ол қирағаннан кейін Орталық Азияның енді тәуелсіз елдері Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын үйлестіре пайдалануға қол жеткізу үшін Мемлекетаралық су үйлестіру комиссиясын (МСҮК) құру туралы шешім қабылдады. Айтпақшы, ол жақында өзінің 30 жылдығын атап өтті. Оның сайтында Азаматхан Әміртай үш күндік сапары бойында жауап іздеген сұрақтары жөнінде көптеген ақпараттар бар.

Идеализациялау

... Қызылорда су торабының бөгетінде тұрып алып, су ағынының едәуір бөлігі сол жағалаудағы магистралды каналға суару мақсаттары үшін қалай бағытталып жатқанын және осыдан кейін Сырдария арнасында қалып жатқанын бейнежазбада көрсете отырып, экологиядан жаңадан пайда болған саясаткер: Аралға ағудың орнына қанша су күрішті суаруға кететінін қараңыздаршы деп бірнеше рет қайталап айтты. Осыдан кейін ол күріш өсіру айтарлықтай рөл атқармайды деп, теңіз тағдыры әлдеқайда маңызды деп және т.б. өз ойларымен бөлісті. Ал ол бұл бейнежазбаны мынадай мәтінмен сүйемелдеген: «Сырдарияның суын егістікке жіберіп жатыр. Міне дәлел. Үкіметтің өтірігі ашылды. Арал теңізін толтыратын суды Үкімет басқа жаққа айдап жатыр екен».

Әміртай қай планетадан түсті? Қызылорда облысында күріш егістігі бар екендігін билік халықтан жасырады деген ой оған қайдан келді? Бір жарым жылдан аз уақыт бұрын үкімет өз отырысында облыс билігінен осы дақылдың егіс алқабын төрттен бірге қысқартуға шақырып, тіпті оны талап еткен болатын, бұл туралы сөзбе-сөз бүкіл қазақстандық БАҚ хабарлады. Жалпы алғанда, Әміртай (экологиялық альянстың президенті!) Аралдың қырылуының, өзен суы тек суару үшін пайдаланылуының себептері енді ғана әшкере болғанына қарағанда, өзінің жазбаларынан басқаны оқиды ма екен?  

Бірақ, ең қайғылысы, қарапайым шешімдерді (бұл жағдайда суармалы алқаптарды жою, Сырдарияның бүкіл ағынын теңізді толтыру үшін пайдалану) үндеулері жұртшылық тарапынан өте кең қолдауға ие болып отыр, өйткені олар басқалардың, осы тақырыппен кәсіби түрде айналысатын адамдардың дауысымен салыстырғанда, қаттырақ және агрессивтірек естіледі... Есептеулерге, талдауларға және ықтимал салдарларды болжауға негізделген байсалды бағалаулардан гөрі популистік пайымдаулар көбірек сұранысқа ие. Айтпақшы, бұл тек Арал проблемаларына ғана қатысты нәрсе емес.

Арал теңізін құтқару деген сөздер – әдемі, отансүйгішті болып естіледі. Ал мен өз басым, бүкіл жастық шағы оның жағасында өткен адам ретінде, жақын туыстары әлі күнге дейін сонда тұратын адам ретінде қайта жаңғырған теңізді көргім келер еді. Бірақ нәрселерге идеализациялаусыз қарау қажет.

Ол суға толы болған кезде теңізге қаншасы құйылатын? Жыл сайын орта есеппен 60 млрд текше метр, оның үштен екісі Әмудария арқылы құйылатын. Бүгінде бұл өзеннің арнасы толығымен реттеліп отыр, ал оңтүстіктегі көршілеріміз – өзбектер, түрікмендер оның суын Арал теңізіне бағыттауға ешбір ниет білдіріп отырған жоқ. Амудария атырауына түсетін азғантай су суармалы жүйелер мен балық өсіретін көлдер арқылы таралып, жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, қоректендіреді. Оның үстіне өзеннің төменгі ағысында да, орта ағысында да халық саны күрт өсуде (соңғы отыз жылда ол екі есе өсті), яғни ол су ресурстарын барған сайын көбірек қажет етеді. Демек, Арал теңізіне оңтүстіктен құйылатын суды күтудің қажеті жоқ.

Ал бүгінде Қазақстан аумағына Сырдария арқылы қанша су жеткізіледі? Жыл сайын 10-12 млрд текше метр. Әміртай және Аралдың басқа да осыған ұқсас «құтқарушылары» шақырғандай, осы судың барлығы (булану мен фильтрация арқылы орын алатын табиғи шығынды есептемегенде) атырауға жөнелтілсін деп жорамалдап көрейік. Қазіргі кезде қолданыстағы Кіші Арал теңізі немесе ҚКАТ, оны өзіне толығымен сыйдыра алмайды, яғни артық су бөгет арқылы Үлкен теңізге қарай ағып кетеді де, табадағы сары май сияқты оның үлкен құрғақ түбіне «жайылып», аяусыз күннің астында буланып кететін болады.

«Құтқарушылардың» назарына: ҚКАТ-тың он жарым жылдан астам жасаған уақыт ішінде (оны теңіздің қалған бөлігінен бөліп тұрған Көкарал бөгеті 2006 жылы салынған) Қызылорда облысынынң су мамандарының мәліметтері бойынша 46 млрд текше метр немесе жыл сайын орта есеппен үш млрд – мұндай төгінділер ҚКАТ толтырылуына байланысты еріксіз жүзеге асырылатын. Ал бұл судың бәрі жоғарыда айтылған тағдырға ұшырады – ол су құмға ағып, сол жерде буланып кетті.

Су және адамдар

Сырдария атырауына шығарылымдарды айтарлықтай ұлғайту сонымен қатар СӨАРҚКАТ-тың, яғни Сырдария өзенінің арнасын реттеу жобасының екінші кезеңін іске асыру басталған жағдайда орынды болар еді. Нақтырақ айтсақ, әңгіме екі баламалы нұсқа туралы болып отыр: біріншісі – Көкарал бөгетінің биіктігін ұлғайту және ҚКАТ акваториясын кеңейту, екіншісі – осылай аталатын екі деңгейлі Солтүстік Арал теңізін құру. Жұмыстың құны шамамен 90 миллион долларға немесе 40 миллиард теңгеге жуық бағаланып отыр. Бәлкім, ондай ақша табылуы мүмкін, бірақ алдымен болашақта келетін су балансын «есептеп шығарып», Сырдария арқылы ағынның жеткілікті болатындығына кепілдік алу (жоғарыда орналасқан мемлекеттермен заңдастырылған келісімдер) қажет. Әзірге бұл жөнінде сенімділік жоқ.

Алайда, кез келген дағдайда, Қазақстан аумағына келіп жатқан ағынның барлығын толығымен Арал теңізіне жіберуге жігерлі адамдардың ешқайсысы шақырмайды. Егер Қызылорда облысының ауыл халқын суармалы егіншілікпен айналысу мүмкіндігінен айырып тастаса, олар қалай күн көреді? Бұл біздің жүздеген мың отандастарымыз, бұл сусыз ешнәрсе өспейтін аймақ. Аграрлық саланы не нәрсеге қайта бағдарлау қажет? Мал шаруашылығына ма? Бірақ қосымша жайылымдарды, шабындықтарды, олар тіпті бүгінгі күннің өзінде аз болып отырған жағдайда, қайдан алуға болады? Ал құрылысына бір кездері қыруар қаржы жұмсалып, бүгінде ауыл тұрғындарын еңбек етіп, табыс әкеліп жатқан күріш ауыспалы егістерін не істеу керек?

Бәлкім, күріш дақылдарын ылғалды соншалықты дәрежеде көп талап етпейтін басқа дақылдармен алмастыра отырып, ауыл шаруашылығын әртараптандырудың қандай да бір түрі қажет шығар. Бірақ Аралдың «құтқарушылары» шақырып отырғандай, Қызылорда облысының күріш өсіруден біз мүлде бас тартуға жол бере аламыз ба? Елімізде ғылымға негізделіп отырып қабылданған тағамдық нормаларға сәйкес, орташа қазақстандық жыл сайын 8,4 келі күріш жармасын тұтынуы тиіс. Мұны шикі астық көлеміне аударып, халық санын есептейтін болсақ, елімізге жылына 320 мың тонна күріш қажет екен. Бүгінде бізде одан көбірек – 400 мың тоннаға жуық, ал оның 90 проценткежуығы Қызылорда облысында жинайды. Ал енді олар күріш өсіруді тоқтатты деп елестетіп көріңіздерші. Бұл ретте бүкіл Қазақстан бойынша 320 мың тоннаның орнына 40 мың тонна немесе қажеттіліктің сегізден бір бөлігі ғана қалады. Жетіспейтін күрішті біз кімнен сатып алатын боламыз? Қытайдан ба? Қандай бағамен және қандай сападағы күріш сатып аламыз?

Сөзсіз, біз Орталық Азиядағы көршілерімізбен бірге су ресурстарына деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек, оларды ұтымды, үнемді пайдалануға, соның арқасында Сырдария мен Әмудария бассейніне мүмкіндігінше көбірек су жіберуге тырысуымыз қажет. Экологиялық қозғалыстардың белсенділері Арал теңізінің тағдырына шынымен алаңдайтын болса, қиялданбай, популистік үндеулерге сүйенбей, дәл осы жұмыстармен айналысуы тиіс...