Биыл әлемдегі ең беделді Нобель премиясына 120 жыл толады. Жақында біздің басылым танымал адамдарды Қазақстанда оған лайықты тұлғалар болды ма, олардың болашақта пайда болуын күтуге болама және ол үшін не қажет деген сұраққа жауап беруді өтінген болатын. Бірақ сол кезде жарияланған пікірлер тек ғылыми салаға ғана қатысты болды, ал әдебиет жөнінде өз пікірлерін білдіргісі келетіндер табылмады. Автордың таза субъективті пікірін көрсететін ұсынылып отырған жазбалар осы олқылықты ішінара толтыруға тырысу болып табылады.
Үлкен айырмашылық
...Шамасы 1970-ші жылдардың ортасында, біз, ҚазМУ-дың бірінші курсында оқитын жас студенттер қандай кітаптарды міндетті түрде оқу қажет деген сол кездерге тән әдеттегі әңгімені бастағанда, біздің бір тәжірибелі аға жолдасымыз былай деді: «Нобель лауреаттарының КСРО-да аударылған және басылған шығармаларын іздеңіздер. Сирек жағдайларды қоспағанда, бұл 20-шы ғасырдағы ең жақсы әлемдік проза мен поэзия, оны өзін мәдениеттімін деп есептейтін әр адам білуі міндетті. Онымен танысқаннан кейін біздің кітап дүкендерімізде (сол кезде олар әр ауылда болған – ескерту авт.) «көркем әдебиет» деген атаумен сатылатын нәрселердің 99 проценті шын мағынасында ондай болып табылмайды».
Бәлкім, 99 процент жөнінде біздің аға жолдасымыз аса сенімділік үшін айтқан болар, бірақ тұтастай алғанда, мен кейінірек оның сол кеңесіне құлақ түріп, айтқаны (қалай да болмағанда прозаға қатысты сөздері) дұрыс екендігіне көз жеткіздім. Әңгіме әрі қарай дәл осы проза жөнінде болады. Ал поэзияға келетін болсақ, бұл прозадан гөрі басқа тілдерге аударманың түпнұсқалылығы мен сәйкестігіне тәуелді, бұл жағдай салыстырмалы талдауды қиындатады.
Нобель лауреаттарының тіпті жекелеген аудармалы шығармаларымен танысу маған «олардың» әдебиетінің кеңестік әдебиеттен басты артықшылығы неде екенін түсінуге мүмкіндік берді. Соңғысы, белгілі себептерге байланысты, жазушыларды өз ойындағысын білдіру бостандығынан, көркемдік эксперимент құқығынан айырған және осы шеңберден шығуға тырысқандарды өз туындыларын шығару мүмкіндігінен айырған қатаң идеологиялық шеңберге айналды. Ал Батыс әдебиеті өзін іс жүзінде ештеңемен шектемеген, мазмұны жағынан да, формасы жағынан да әр түрлі болды, үнемі жаңа бағыттар тудырып отырды («сана ағымы», «антироман», «сиқырлы реализм» және т.б.), коммунизм құрылысшысының санасына «жат» экзистенциалды, фрейдтік және басқа мотивтерді белсенді түрде пайдаланды. Айтпақшы, оған орыс прозасы да, бірақ 19 ғасырдағы (әсіресе Достоевскийдің романдары) қатты әсер етті, ол кейіннен кеңестік сипатқа ие болып, әлемдік әдеби процестің жиегіне шығып кетіп, қазіргі заманға сай бәсекеге қабілеттілігін жоғалтты.
Мысалы, Нобель премиясының лауреаты (1983) ағылшын жазушысы Уильям Голдингтің кішкентай ғана, не болғаны жүз елу беттен тұратын «Повелитель мух» (Шыбындар билеушісі) деп аталатын әңгімесін оқып, Феттің келесі жолдарын еске түсіруге болады: «Бірақ муза, шындықты сақтай отырып,/қарайды – ал оның таразысында /осы кішкентай ғана кітап /көптеген томдардан гөрі ауырлау». Социалистік еңбек ері, Қазақстанның тумасы, бірақ Ресей-Сібір жазушысы болып есептелген Анатолий Ивановтың қаламынан шыққан томдар (оның романдары бойынша «Тени изчезают в полдень» (Көленкелер түске қарай жоғалады), «Вечный зов» (Мәңгілік шақыру) атты танымал телесериалдар түсірілген), немесе шығармалары саны бойынша одан кем емес біздің «классиктеріміз» Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқановтың томдарынан гөрі ауырлау... Ал Голдингтің әңгімесі өзінің мағыналы жүктемесімен – адам рухының құпиясына терең енуімен, зорлық-зомбылықтың табиғатын түсінуге тырысуымен, басқаларға билік етуге құштарлықтың, «гомо сапиенстің» атавизмге, архаикалық мінез-құлық үлгісіне тез ауысуға дайын болуы (соңғысы, айтпақшы, қазіргі Қазақстанға да тән) «ауырлау» болып табылады. КСРО-дан тыс жерлерде осындай деңгейдегі шығармалар көп шыққан болатын.
Нобель премиясына ие болған жалғыз ғана шын мәнінде кеңестік жазушы – Михаил Шолохов. Алайда, тіпті ол да оны 1965 жылы алғанымен, бірақ Жазушылар одағының бірінші съезіне дейін, жазушылар әлі де белгілі бір бостандыққа ие болған кезде, 1930 жылдардың басында жазылған романы үшін алған. Борис Пастернакты (ол өлеңдері үшін де, сондай-ақ Еуропада жаңадан ғана жарияланған «Доктор Живаго» романы үшін де сыйлыққа ие болды) КСРО-да физикалық түрде болу фактісі негізінде ғана кеңестік жазушы деп атауға болады. Александр Солженицын тіпті «жүйеден тыс» болды және оған сыйлық беру (бұған дейін Уинстон Черчилльге, кейінірек Светлана Алексиевичке сияқты) саяси акт болып көрінді. Қазақстанда соншама жағымсыз «Архипелаг ГУЛАГ» атты шығарманың және көптеген романдардың авторының азаматтық және жазушылық ерлігі жеке менің өзімді қатты таңдандырады. Өкінішке орай, оның көркемдік шеберлік деңгейі жөнінде ондай пікір айта алмаймын. Михаил Булгаков, егер ол Батыста үлкен қызығушылық туындатқан «Мастер мен Маргарита» романының жариялануына дейін өмір сүрген болса, Нобель премиясының лауреаты бола алар еді. Бірақ осы шығармасы жарық көргенге дейін ширек ғасыр бұрын ол қайтыс болды.
Аударма қиындықтары
Мүмкін, КСРО-дан тағы біреулер әлемдегі ең беделді әдеби премияға лайық болған шығар, бірақ тұтастай алғанда үміткерлер шеңбері өте тар болды. Оның үстіне, бұл шеңберге негізінен «кеңестік негізгі ағымнан» шығып кеткендер, ағымға қарсы болмаса да, негізгі ағымнан тыс жүргендер кіретін.
Ал Қазақ КСР-інде прозаиктердің арасында ондай адамдар болмады. Олардың барлығы қатаң түрде социалистік реализм арнасында жазатын және оның шеңберінен шығуға тіпті тырысқан емес (мысалы, Фазил Искандер немесе Шыңғыс Айтматовтан айырмашылығы) – егер мұндай әрекеттер жасалған болса, онда қайта құру кезеңінде немесе кейінірек олар туралы белгілі болар еді. КСРО-дан тыс жерлерде қазақ әдебиеті жөнінде, тіпті біз әдетте классика деп атайтын шығармалар туралы (кеңес заманында олар шетелде белсенді түрде насихатталса да, тек социалистік елдердің тілдеріне ғана емес, француз, неміс тілдеріне аударылса да) аз ғана адамдар білетін. Шетелдік жазушылардың Қазақ ССР-індегі әріптестері туралы оқулықтар мен мақалаларда жиі айтылатын шаттыққа толы пікірлеріне келетін болсақ, олар тек қана Кеңес Одағына жанашыр және оның қолдауына ие болған әдебиетші-коммунистерге ғана, демек, қандай да бір дәрежеде жалданғандарға, мысалы Арагон, Стиль, Зегерс, Курелла, Хикмет және басқаларына тиесілі болды.
Бүгінде қазақ жазушыларының Нобель премиясын алу мүмкіндігі тіпті нөлге жақындады. Біріншіден, КСРО-ның ыдырауы олардың шетелдік оқырманға шығатын бұрынғы арналарының жоғалуына әкелді. Жаңа арналарды жасау онша оңай емес. Иә, жақында мемлекет пен демеушілердің көмегімен олар бірдеңе аударып, ағылшын тілінде (бірақ шағын тиражбен, әдетте бірнеше жүз данадан) басып шығара бастады. Ал олар, әрине, ешнәрсеге ықпал етпейді.
Барлық жағдайларда дерлік аудармалар орыс тіліндегі аудармалардан жүзеге асырылады, бұл жерде ол «транзиттік» тіл рөлін атқарады. Әдеби қазақ мәтінін бірден ағылшын, француз немесе испан тілдеріне сапалы түрде «ауыстыратын» адамдарды табу іс жүзінде мүмкін емес, ал шығармаларды қазақ тілінен гөрі әлемде анағұрлым танымал орыс тілінен шет тілдеріне аудару тәжірибесіне ие адамдар бар. Сонымен, «ұлы және құдіретті» орыс тілі бүгінде отандық әдебиет пен оның шетелдегі әлеуетті тұтынушылары арасындағы жалғыз ғана көпірі болып табылады. Мұны жақсы түсінсе де, тіпті орыс тілінің мүмкіндіктерін пайдаланса да, біздің көптеген жазушыларымыз сол арада көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде оның Қазақстандағы қазіргі мәртебесін жоюға және оны қазақ тілімен толығымен алмастыруға шақыруды жөн көреді. Бұл когнитивтік диссонанстың бір түрі ме, әлде патриот болып көріну ниетінен туындаған екіжүзділік пе?
Асып кетсе – Госпремия
Әрине, жазушылардың өздері басты шет тілдерін меңгеріп, сол тілдерге қазақ тілінен жолма-жол аудармалар жасағандары оңтайлы нұсқа болар еді. Бірақ көбінесе олар «жалқау және ізденгіш емес» болып табылады. Егер олардың көпшілігі тіпті қазіргі әлем әдебиетінде орын алып жатқан тенденцияларға қызығушылық танытпаса, олардың тілдерді байыпты меңгерулері жөнінде не айтуға болады?
Бірнеше ай бұрын қазақстандық телеарналардың бірінде қазақ тілінен аударылған екі романынан тұратын кітабін Мәскеуде шығарған «көрнекті» деп аталған прозаик туралы сюжет көрсетілді. Ол маған бұрынғыдан таныс болған менің әріптесім болып шықты. 1980 жылдардың ортасында біз көрші этаждарда облыстық газеттердің редакцияларында (ол қазақ редакциясында, мен орыс редакциясында) жұмыс істедік. Жиі қиылысып тұратынбыз. Бір күні ол (сол кезде 30 жаста, жасы маған қарағанда үлкенірек) Алматыдағы бір баспаның жоспарына оның әңгімесін енгізгені туралы және жақында Жазушылар одағының мүшесі болатыны жөнінде айтты. Мен категориялы түрде кеңес әдебиеті «артта қалған», сондықтан шетелдік әдебиеттерді оқу керек деп айтқан кезде, ол таң қалып, есімдерді атауымды өтінді. Әрі қарай жалғасқан әңгімеден белгілі болғандай, болашақ «көрнекті прозашы» КСРО-да онша танымал емес авторларды айтпай-ақ, тіпті кеңес зиялылары қызығушылықпен оқып жүрген Маркес, Фолкнер, Белл туралы да естімеген болып шықты.
Әр жылдары ҚР Жазушылар одағының басқа да мүшелерімен тілдесуім мені олардың бұл тұрғыда сол менің бұрынғы әріптесімнен айтарлықтай ерекшеленбейтіндігіне сендірді. Сонымен бірге, мен Шерхан Мұртазаның үй кітапханасында көптеген жақсы шетелдік әдебиеттер болғанын білемін (ол өзінің романдарын жазу кезінде одан пайдалы нәрсе алған-алмағаны – бұл басқа мәселе). Бірақ, қазақ жазушыларының арасында ондайлардың саны аз деп ойлаймын. Бұл да олардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетсіздігінің де, олардың жазғандарының барлығы тек іште, «ел ішінде» тұтынуға жасалатынының да бір себебі.
Ақыр соңында, тағы бір маңызды сәт. Нобель комитетінің «әдеби секциясының» шешімдерінде әрдайым саяси компонент орын алатын. Бірақ егер бұрын ол жәйт тек кей кездері ғана сезінетін болса, онда соңғы жылдары оның әсері айтарлықтай өсті. Бұл әсіресе ұжымдық Батыс авторитарлық деп есептейтін мемлекеттердің жазушыларына қатысты болған жағдайларда көрінеді. Егер таңдау сол елдердің өкілдерінің пайдасына жасалатын болса да, онда тек «режимнан тыс», тіпті одан да артығы «анти-режимдік» жазушылардың пайдасына жасалады. Жақсы мысал – Алексиевич. Тағы бір мысал – түрік прозашысы Орхан Памук: оның қоғамдық-саяси көзқарастары осы елдің ресми билігінің ұстанымына қайшы келеді. Нобель премиясын алғаннан кейін бір жыл өткен соң ол осы елден кетуге мәжбүр болған.
Қазақстанда іс жүзінде биліктің қолынан бұрыннан бері тамақтанып отырған барлық «құрметті жазушылар» әлі де соны жалғастыруда. Ал Нобель сыйлығының лауреаты атағына біздің басты үміткеріміз деп аталған олардың бірі сол қолды көпшілік алдында сүйгенімен есте қалды. Әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықтың берілуі қандай интригалар мен жанжалдармен қоса жүретіні жөнінде, сондай-ақ біздің «адам рұхының инженерлері» оны алу үшін осы әлемнің мықтылары алдында қандай жағымпаздыққа дайын екендігі жөнінде жеке роман жазуға болады.
Дәл осы аталған Госпремия олардың амбицияларының да, мүмкіндіктерінің де максимумы…